АГРАРЛЫҚ БІЛІМ, ҒЫЛЫМ ОРДАСЫ
АГРАРЛЫҚ БІЛІМ, ҒЫЛЫМ ОРДАСЫ
[caption id="attachment_29997" align="alignleft" width="200"] Тілектес
ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық
аграрлық университетінің
ректоры,
ҚР ҰҒА
академигі.[/caption]
Отандық ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымының көшбасшысы – Қазақ ұлттық аграрлық университеті биыл 85 жылдығын атап өтуде. Қазіргі уақытта оқу орнымыз инновациялық бағытта әлемдік талаптар бойынша ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану жұмыстарын жүргізуде. Жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Республикамыздың болашақ агрокешен мамандарын даярлайтын іргелі білім ордасы болғандықтан, еліміздің ауыл шаруашылығының әлеуеті де біздің оқу орнын бітірген мамандардың біліктілігіне тікелей байланысты десем, артық айтпағандығым. Бұл саланың мүмкіндіктері мен жетістіктеріне қарап, ел экономикасын бағамдауға болады. 2010 жылы университетіміздің 80 жылдық мерейтойына арнайы келген кезінде Елбасы оқу орнымызда атқарылып жатқан ғылыми-технологиялық жұмыстарымызға жоғары баға беріп, университетіміздің білім берудегі инновациялық бағыты отандық аграрлық саланы халықаралық деңгейге көтеруге негізделіп отырғандығын айрықша атап өткен болатын. Мемлекет басшысы өткен жылғы ресми қабылдауында да университетке сенім артып, ұжым – алдына нақты талаптар мен міндеттер қойды.
Тарихымызға көз жүгіртсек, университетіміздің қалыптасуы мен даму тарихы ел экономикасының өркендеуімен тығыз байланысты. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және Қазақстанда алғашқы совхоздарды құру кезеңінде ауыл шаруашылығы өндірісін ғылыми тұрғыда жетік басқара алатын кәсіби білікті мамандарға қажеттілік туындады. 1929 жылы Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институты, ал 1930 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институты құрылды. Аталған екі институт аграрлық ауыл шаруашылығына білікті мамандар дайындаумен қатар, аграрлық ғылымның дамуына үлкен үлес қосты. Бүгінде мамандар дайындаудағы жинақталған тәжірибе мен ғылымды зерттеулерде қалыптасқан дәстүрлер жалғасын тауып, дамуда. Осы орайда университет түлектерінің бүгінгі таңдағы жаңа инновациялық экономиканы жетілдіру жолында үлкен сұранысқа ие болып отырғандығын айрықша атап өткім келеді. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің шешімімен аталған екі институт біріктіріліп, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып өзгертілді. Бұл өз кезегінде ерекше маңызы бар оқиғаға еді. 2001 жылы Елбасы Жарлығымен университеттің жоғары ғылыми әлеуеті және кәсіби білікті мамандар даярлаудағы жетістіктері ескеріліп, университетке Ұлттық мәртебе берілді. Университет осы жылдар ішінде еліміздің аграрлық секторының дамуына қомақты үлес қосқан және қосып келе жатқан 140 мыңнан аса білікті мамандар даярлап шығарды. Олардың арасында 2 Кеңес Одағының Батыры мен 25 Еңбек Ері, 70 Жоғары Кеңес пен Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, көптеген көрнекті академиктер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым және агроөндіріс кешенің басшылары, 11 мыңнан астам докторлар мен ғылым кандидаттары және бүкіл Қазақстанды әлемге танытқан айтулы азаматтар бар. Мемлекет басшысы еліміздің агроөндіріс кешені қызметкерлері алдына саланы модернизациялауға бағытталған аграрлық білім мен ғылымды реформалауда нақты міндеттер қойып отыр. Бұл талаптарды тиімді орындау арқылы біз аграрлық білім мен ғылымды дамытып, бәсекеге қабілетті, сапалы ауыл шаруашылық өнімдерін шығару қарқынын ұлғайтып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жаңа мүмкіндіктер аша аламыз. Осы орайда Қазақстан Үкіметінің қаулысымен биыл сәуір айында аграрлық саладағы жетекші үш жоғары оқу орны - Қазақ ұлттық аграрлық университеті, С. Сейфуллин атындағы агротехникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті Ауыл шаруашылық министрлігінің қарамағына өтті. Ұйымдастыру шараларын жетілдіру мақсатында еліміздің агроөндірістік кешенін қолайлы басқару құрылымы ретінде Елбасы қолдауымен «Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығы» құрылды. Президентіміз «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында «Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс» деп нақты талап-міндеттер қойды. Қазіргі уақытта ҚазҰАУ-дің ұлттық ғылыми-зерттеу бағытының жаңаша даму сипатына ие болуға мүмкіндіктері зор. Бұл ретте университет тарапынан айтулы іс-шаралар қолға алынуда. Жобалық басқарудың халықаралық стандартын және жоғары оқу қызметін ұйымдастыру әдісін қолдануда біз өзіміздің оқу орнымыздың стратегиясын іске асырудағы миссиямызды, көзқарасымызды, міндеттерімізді, бағыттарымызды анықтадық. ҚазҰАУ жанындағы Қазақстан-Жапон инновациялық орталығында және университетіміздің 6 ғылым-зерттеу институты мен 31 зертханасында шетел ғалымдарымен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы саласында ықпалдасу мақсатында құрылған Қазақ-Корей инновациялық орталығында «Жасыл технологияларды» дамыту мәселелері зерттелуде. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы өнімдері және азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Ұлттық орталық құрудың алғышарттары дайындалу үстінде. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында университетіміздің студенттері мен магистранттары шетелдің озық оқу орындарында білім жетілдіріп, тәжірибе жинауда. Сондай-ақ, әлемнің беделді университеттерінің білікті ғалымдары біздің университетте дәріс оқуда. Университетімізде білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік беретін Болон үрдісін дамыту, академиялық ұтқырлықты модельдеу, үштұғырлы тіл бағдарламасын негізге алған көптілді білім беру лингвистикалық білім беру орталықтары, жаһандық класс ашылды. Оқу орнымыз осы күні Еуропа мен Азияның, АҚШ пен ТМД университеттерімен әріптестік қатынасты нығайту үстінде. Әртүрлі шаруа қожалықтарының басшылары мен қызметкерлері үшін білім ошағында «Фермерлер жоғары мектебі» құрылған. Онда «Экстеншн» халықаралық моделі бойынша білім беріледі, сондай-ақ, консалтингтік қызмет көрсетіледі. Тарихы тереңге кеткен оқу ордамызда халықаралық байланыс жылдан-жылға нығая түсуде. Ғылыми-зерттеу жұмысының мүмкіндігін арттыру үшін биотехнология, нанотехнология, цитология, ветеринарлық медицина және санитария, микробиология және вирусология, агроинженерия, биологиялық, органикалық және биоорганикалық химия, гендік-молекулярлық, стратегиялық-технологиялық басымдықтар мейлінше іске қосылып жатыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей жалпы ішкі өнімнің өсуінің 90 пайызы инновациялық технологияны игеруге байланысты. Оны игеру – өндірістің бәсекеге қабілеттілігін көтерудің басты жолы. Ауыл шаруашылық саласын дамытуға үкімет тарапынан да келелі шаралар қолданылып жатқанын айтқым келеді. Ауыл шаруашылық министрлігі дайындаған «Агробизнес-2020» бағдарламасы ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер береді. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарымен, ғалымдармен бірлесе отырып салаға қатысты проблемаларды талқылап, нақты ұсыныстарды күн тәртібіне қойып отырмыз. Атап айтқанда, аграрлық ғылымның алдында тұрған еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еңбек өнімділігін арттырып, агроөндірістік кешеннің ғылыми, кадрлық деңгейін көтеру, аграрлық ғылым, білім және өндірісінің және аграрлық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының интеграциясын дамыту, отандық аграрлық білім мен ғылымды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, Қазақстанның аграрлық саладағы ғылыми өндірісінің өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруға күш салу; мемлекетаралық интеграция және ұлттық аграрлық азық-түлік нарығын қалыптастыру, ауыл шаруашылығы өндірісіне жаңа ғылыми жобалар мен инновациялық технологияларды енгізу процесін жеделдету мәселелеріне баса назар аудармақпыз. 2012 жылдың қараша айынан бастап университет әлемдік QS рейтингі бойынша үздік оқу орындары қатарына кірді. Университет 2014 жылы бес жылдық Институционалдық аккредитациядан, магистратура мен бакалаврдың 15 бағдарламасы бойынша ASIIN (Германия) агенттігінің халықаралық аккредитациясынан және 2015 жылғы мемлекеттік аттестациядан абыройлы өтті. Биыл университетіміз QS World University Rankings Дамыған Еуропа мен Орталық Азияның 308 университеті арасынан 67 орынға тұрақтады. Университет қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағындағы 23 ғылыми-зерттеу институттарымен нақты байланыста бірлесіп жұмыс істеп, оларда арнайы кафедралар ашып отыр. Оларға университет мамандықтарына сәйкес магистранттар мен докторанттарға мақсаттық мемлекеттік гранттарға тапсырыстар берілуде. Ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары оларға дәріс береді, эксперименттік зерттеу, ғылыми-өндірістік тәжірибе жұмыстарына басшылық жасайды. Университет қызметкерлері студенттерге озық біліммен қоса ұлттық тәрбие беру жүйесіндегі жаңа бағыттардың маңыздылығын терең түсінеді. Біздің оқу орнында 27 ұлт пен ұлыс өкілдерінен құралған студенттер мен магистрлар білімін жетілдіруде. Университетте он жылдан астам уақыттан бері «Достық» студенттік ассамблеясы жұмыс істейді. Жастар қоғамдық бірлестігі ретінде құрылған ұйымның осы мерзім аралығында жасаған жұмыстары қуантарлық. Ұйымның қызметі студенттік өзін-өзі басқару принципіне негізделген. Барлық шараларды студенттер өздері ұйымдастырып, жүргізеді. Жалпы, жастарды этносаралық достық рухында тәрбиелеуге мән беріледі. Университетіміз тәрбие жұмысын инновациялық тұрғыдан ұйымдастыруды қолға алған. Мысалы, университетіміз Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының арасында бірінші болып Елбасы идеясынан туындаған «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығын құрды. Студенттер «Достық» ассамблеясының жұмысы да «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығы қоятын талаптар форматына көшірілген. Әр орталықпен университет жанынан құрылған О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты құрамына кіретін 4 кафедра және мәдениеттану кафедрасы әдістемелік бағытта бірлесіп жұмыс атқарады. Оқу орындарына жүктелетін негізгі талап – қазақстандықтардың мемлекетшіл, патриот жаңа буынын қалыптастыру, жеке бастың табысқа жету жолдарын үйрету әдістемесін дамыту, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірлік ұстанымдары, жасампаз қызметі мен болашаққа қызмет ететін идеяларын пайдалану арқылы студенттерді тың бастамаларға қанаттандыру. Мақсат – студенттердің бойында Елбасының мемлекетшілдік, отаншылдық және еңбекқорлық үлгісімен лидерлік, көшбасшылық сапаларды тәрбиелеу, Ұлт Көшбасшысының өмірі мен қызметін қазақстандық патриотизмнің негізі ретінде насихаттау. Елбасымыздың тұлғалық қасиеттері қазақстандық жастарға зор өнеге екені сөзсіз. Сондықтан да аталған орталық мәдени-ағартушылық, зерттеушілік бағытты тереңдете отырып, өскелең ұрпақты есімдері белгілі, елге зор еңбек сіңірген тұлғалар арқылы тәрбиелеуді көздейді. Осы мақсатта университетімізде қазақ ауыл шаруашылығы саласының өркендеп, дамуына өлшеусіз үлес қосқан Еңбек Ерлері мен дала академиктерінің галереясын аштық. Халыққа қызмет етіп, Қазақстан мақтанышына айналған нағыз еңбек адамы студенттер үшін үлгі болатыны даусыз. Қазақ Елін күшейте түсетін, оның әлемге танымдылығын арттыра түсетін бүгінгі студенттер - ертеңгі ауыл шаруашылығында, агрөндіріс кешенінде жетекші қызмет атқаратын мамандар. Сондықтан да студент жастар үшін, жалпы қоғам үшін ең басты құндылық - Тәуелсіз мемлекетті сақтап, дамыту екені даусыз. Нарықтық қатынастардың қатал заңдылықтарына төтеп беру үшін бәсекеге қабілетті болу керек. Уақыт өткен сайын әлем мемлекеттері азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығын сезінуде. Бүгінде әлемде жердің игілігін бағалап, маңдай терін төгіп, еңкейіп жұмыс істейтіндер саны азайып, дайын және жартылай дайын жасанды өнімді тұтынатындар көбеюде. Сондықтан адал еңбек етіп, таза әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ететін аграрлық ғылым мен өндіріске, ірі фермерлерден бастап ұсақ шаруаға дейін мемлекеттің қамқорлығы аса қажет. Ал ауыл шаруашылығын дамыту бағытында белгіленген межелер мен қабылданған жедел индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын нәтижелі іске асыруда ғылым мен білімнің жауапкершілігі ерекше. Ғылымның өндіріске ұсынған инновациялық технологиялары әлемдік жетістіктерден жоғары болмаса, төмен болмауы қажет, ал оларды өндірісте пайдаланатын мамандар осыларды толық игеруі тиіс. 85 жылдық белесті бағындырып отырған университет ұжымы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында белгіленген іс-шараларды жүзеге асыруда білім, ғылым және өндіріс саласында бірігіп, ынтымақтастықта жұмыс істеудің тиімді жолдарын табатынынына сенемін.
Алматы.