Әдебиет

Бөлтірік

Бөлтірік

[caption id="attachment_29982" align="alignleft" width="120"]IMG_9434+ Жамбылбек ШОҚЫБАС.[/caption] ...Әу баста есімі бұлай емес-тін. Басқа болатын. Жасы он алтыға жетер-жетпес қасқыр тектес есімге ие болуына қаршадайынан қолдағыны тартып жерлік жұлқарлығы себеп болған деседі. Несі бар, мінезіне қарай тауып-ақ таңған. Бір ғажабы сол, оған осы айдар-атақты таққан естияр ересектер емес, өзі ғұрыптас қара сирақтар көрінеді. Бала жүрегі сезімтал да байқағыш-ақ. Шынында да дәл тапқандарын қарашы! «Бөлтіріктен» өлердей қорықты олар. Төбесі сонадайдан көрінсе-ақ болды, інге кірген саршұнақтай безіп кететін бәрі. Ақырында мектептен біржола кетіп тынғанда, теперіш көрген сыныптастары жыртқыштан құтылғандай еркін бір тыныстаған. «Бөлтіріктің» ендігі айналсоқтап жүретін жері – стансадағы шағын базар маңы. Қалған-құтқан, сүйек-саяқ дәметіп, сілекейі шұбыратын күшіктей емес. Қасқырдай тартып, қылғытуға жарап қалған. Қойшы, әйтеуір, жылы-жұмсақ жұтуға ең қолайлы орынды тапты бұл. Бойы анау айтқандай ұзын да емес. Тапал деуге де келмейді. Бірақ, көзінде ұшқындаған от, жүрегінде шоқ бар. Қайтпас қайсарлығы, қайыруға келмейтін тікірейген тікенек шашынан-ақ сезіледі оның. Одан базарда машинадан көкөніс пен қауын-қарбыз түсіріп, бос жәшік артып дегендей, тиын тауып жүрген бала-шаға тұрмақ, алыстағы ауылдан ағарған сатуға келген кәрі құртаң да сескенеді. Бірақ тапқандарынан жырып бере тұрып: «Жұтқаның жұмырығыңа жұқпасын, жүгермек», – деп, іштей қарғап-сілеуден аспайды олар. Кейбір пысықтаулары «Бұл шұнақтың тасада тобыры бар. Тауарымызды шашып, ыдысымызды тепкілеп кетеді» дегенді қасындағыларға сыбырлап қана айтқансиды. Сөйтіп жүргенде... – Ойбай, не дейсің, «Бөлтірік» өз әкесін өлтіріпті, – деген сөз қураған қамысқа тиген оттай гу етіп, елге жайылған. Тілде сүйек бар ма? Дәл баспаса да айтушылар сан-саққа жүгіртеді-ай кеп... Біреулері өлген адамды ғайбаттап: «Оған обал жоқ, осы баласы бесіктен шықпай жатып, абақтыдан көз ашпай қойды ғой. Бір шығып, бір түсті түрмеге найсап. Баласы жастайынан жат боп өсті, өлтірмегенде қайтсін?» – десе, қайдағы бір ру отын қоздырушылар да табылып, «Өлтірткен – сұмпайы шешесі, сол айдап салды сорлы баланы» деп, желсіз күні желкен көтере даурығысады. ...Қайғылы оқиға базар түбіндегі жеркепеде болған. Шағын екі бөлме айра-жайра болып шашылып жатыр. Ағаш еденсіз сыз дәлізге мәйіттің қаны мол сіңіпті. Қолы сымтемірмен байланған екен. Ақтық демі бітерде сыртқа сытылып шығуға әрекет еткен де сияқты. Алайда, дәлізде жантәсілім етіпті. Қылмысты ашу пәлендей қиындық келтірген жоқ. Оқиға орнын тексеріп қарауға қатыстырылып, хаттамаға қол қойған көрші-қолаң-ақ айтты бәрін. «Түнде қатты айқау-шу болды. «Бөлтіріктің» ащы даусын естідік, бірақ та көмекке келуге қорықтық» десті олар. Ит те болса, өз әкесін ашу үстінде абайсызда емес, асқан қатыгездікпен қинап өлтіргені көпті көрген тәжірибелі полиция қызметкерлерінің жанын тітіркентті. Әлдебір себептермен прокурордың көмекшісі мен жасы кәмелетке жетпегендер ісі жөніндегі инспекцияның инспекторы оқиға орнына сәл кештетіп келген болатын. Иісі қолқаны алатын жеркепеге емін-еркін енген ақ шашты прокурор көмекшісі қағаз-қаламын тез сайлап, бірден іске кіріскенде, ұстаздықтан таяуда ғана полицияға ауысқан бойжеткен лоқсып-лоқсып жіберді де, аузы-басын орамалмен жауып, сыртқа атты. «Бөлтірікке» сот болатын күн де таяды. Жасы кәмелетке жетпегендіктен, оған қоғамдық негіздегі қорғаушы өкіл қатысуы шарт. Әкімшілік жанындағы жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы бұл міндетті орта мектептің біріндегі жап-жас келіншекке жүктеген. Бұрын-соңды сотталушыны көріп білмеген ұстаз онымен алдын ала сөйлесіп алу үшін полиция бөліміне беттеді. Оған жол бастаған бірнеше полиция қызметкері тар дәліздің бойындағы камераның бірін сақырлата ашты. Алакөлеңкелі камерада ол жалғыз жатыр еді. Оқалы киім киген топтан титтей де тайсалмастан, тесірейе қарайды. Қанталаған көзінде келушілерге деген өшпенділік, ыза-кек бар. Қоршап алған аңшы иттеріне тістерін ақсита айбат шеккен аш бөрі сияқты ол. Қан көрген көзі ақтық сәтте өзі асыраған Құрмашқа ауыз салған Көксеректің кейпін еріксіз елестетеді. Сөйлеспекші болып келген педагог келіншек суық жүзінен сескенді ме қалай, бетпе-бет пікірлесуден көпе-көрінеу тайсақтады. Шығып бара жатып: – «Бөлтірік» десе, бөлтірік екен-ау, – деді. – Сегодня, бултурук, а завтра он настоящий каскыр, – деп қосты полиция бөлімі бастығының жедел істер жөніндегі орынбасары орыс жігіті. * * * ...Ол кесімді жазасын өтеп те қалған шығар. Біраз жылдар өтті ғой. Жастығы, тұрмыс-тіршілігінің ауырлығы, әкесінің әлденеше рет сотты болғаны ескерілген еді ғой сонда. Түзеліп те кеткен болар. Әлде... Сол сәттегі орынбасар айтқандай, айналаға айбат шегетін, қоғамға қауіпті қорқауға айналды ма ол? Олай болған күнде, қылмыс әлемінің қалт-құлт еткен сенімсіз қылкөпірінен өте алмай, тұңғиыққа мәңгілік құлағаны да. Ендеше, қазір қапаста қараңғы апандағы аш қасқырдай азу тістерін шықырлатып жатқан шығар-ау, сірә. Мінезі мен әрекет ұқсастығы болмаса, төрт аяқты жыртқыш пен ақыл иесінің мекені мен ортасы бөлек-бөлек, жүрер жолдары да екі басқа. Біріне Тәңір түзді паналауды жазса, екіншісінің орны – қоғам, адамдар арасы. Жаратқан ием о бастан жыртқышқа жұлып жеу несібесін бұйыртса, жұмыр басты пенденің жаза басуының жолдары көп, оның кешірімді-кешірімсіз себеп-салдары қанша десеңізші! Соның бір нұсқасы ғана «Бөлтіріктің» де қоршаған ортаға деген көзқарасын терістетіп, шөлейттегі шөптей ашынып өсуіне зиянды әсер еткен де болар.