Шу даласы
Шу даласы
Әлемдегі әсем өлке дер еді. Шындығында, Шудың бойын таңдаған, Керей хан да көсем туған ер еді. Қасиетті Шуға Керей келгенде, Хандығына «Қазақ» атын бергенде. Қуаныпты көкке жетіп төбесі, Қалың Дулат соңдарынан ергенде. Қара орманым қадіріме жетті деп, Алашыма Алла нұрын төкті деп. Жұрт айтады Жәнібекке Керей хан, «Бізден асқан бақытты жоқ!» – депті деп. Содан бері қаншама су ақты екен, Қанша ғасыр өз шырағын жақты екен. Қашап жазды балбал тасқа тарихын, Қазағыма тақ сыйлаған бақ мекен. Шалқып жатқан шүйгін белден кешегі, Аңыз айтқан салқын самал еседі. Шуға келген қос мүйізді Ескендір, Соғыс ашпай кері қайтқан деседі. Шежіреге толы шатқал, қиясы, Жұпар шашқан жусаны мен миясы. Баласағұн, Төле биді өсірген, Шу даласы – ұлылардың ұясы!!! Шырын Мамасерікова. Мерке ауданы