Мәдениет

Тараз ән қанатында тербелген күн

Тараз ән қанатында тербелген күн

дәстүрлі әншілер Қанат, Айткүл Құдайбергеновтердің сахнаға шыққанына – 40 жыл

Жан дүниеңді саф ауадай мөлдір саз әлеміне жетелейтін дәстүрлі әнді жүрекке жеткізіп айтатын өнер иелері қашанда құрметке лайық. Олардың алдыңғы легінен қолдарынан қазақтың қара домбырасы түспеген ерлі-зайыпты әншілер, республиканың еңбек сіңірген әртістері Қанат, Айткүл Құдайбергеновтерді көруге болады. Биыл Құдайбергеновтердің сахнада жүргеніне – 40 жыл. Бұл аз уақыт емес.

Осынау мерейлі датаға орай Қ.Құдайбергенұлы бастаған өнерлі әулет келіп, жамбылдықтар алдында есепті концерт берді. Алдымен Қордай, Шу аудандарында өз тыңдармандарымен қауышқан әншілер сейсенбінің кешінде облыс орталығындағы «Баласағұн» концерт залында тараздық тыңдармандармен жүздесті. Бұл кешті ҚР Мәдениет қайраткері, «Терісқақпай» театрының әртісі Дархан Дайырбековтің әзіл-қалжыңға толы шеберлігімен жүргізуі де көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Сахнаға «Алтай» әнімен Қанат Құдайбергенов шыға келгенде, көпшілік ұзақ қол соғып, құрмет көрсетті. Мұндай құрметке Айткүл Құдайбергенова да бөленді. Қазақтың қара домбырасын жанына серік етіп, бұрынғы күміс көмей, жез таңдай сал-серілердің сынығындай болып жүрген ерлі-зайыпты дәстүрлі әншілер тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды, жүрек қылын шертті. Олардың орындауындағы «Дос іздеймін», «Ақ кимешек» әндері зал ішін кернегенде ықылас танытпаған жан қалмады. Алмахан Кенжебекованың «Жұбайым» әні де ерлі-зайыпты әншілерге жарасып тұрды. Кеш иелерінің дәстүрлі әндерден, халық әндерінен жасаған попурилерін де көрермен ынтызар пейілмен қабылдады. Кеш барысы өнер иелері мен тыңдармандар арасындағы сағыныш пен аңсарға астаса өрбіді. Қанат Құдайбергенов ән арасында «Әлемдегі алты құрлықтың төртеуіне Айткүл екеуіміздің табанымыз тиді. Дүниежүзінде төрт мұхит болса, үш мұхит суына жұбайыммен бірге барып, жүзімді шайдым. Бұл сапарларға өнер себепкер болды. Қазақтың қара домбырасы алты мың жылдан бері жасап келеді екен. Айткүл екеуміз 40 жылдан бері домбыраны қолымыздан тастамай келеміз», – деп ағынан жарыла көпшілікке сыр ақтарды. Сондай-ақ, тарихы терең Таразға өнерлерімен тағзым ететіндіктерін жеткізді. Ол Огинскийдің «Поленезін», Моцарттың «Түрік маршын», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін керемет шеберлікпен орындап берді. Көпшілік кеш иелерінің ұлдары, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ерболат Құдайбергеновтің де өнерін үлкен ықыласпен қабылдады. Еркін Құдайбергеновтің де талабына тамсанды. Бұл ән кешінде әзіл де, ән де, күй де тыңдалды. Құдайбергеновтер әулетінің отағасы Қанекең күйшілік қырын да танытты. Концерт соңында облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мүбәрак Жинақбаева сөз сөйлеп, кеш иелеріне көрермендер атынан алғысын білдіріп, басқарма басшысының Алғыс хатын тапсырып, сый-құрмет көрсетті. Қанат, Айткүл Құдайбергеновтердің концерті Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында жалғасты.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.