Түркияның шағын және орта бизнесті қолдау агенттігі қазақстандық кәсіпкерлермен ынтымақтастықты жандандыруға әзір
Түркияның шағын және орта бизнесті қолдау агенттігі қазақстандық кәсіпкерлермен ынтымақтастықты жандандыруға әзір
Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаевтың Түркияның шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі агенттігінің (KOSGEB) Ыстамбұлдағы өкілдігінде өткен кездесуі барысында екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мәселесі талқыланды.
Түрік тарапы KOSGEB-тің алдына қойған мақсаттар шағын және орта кәсіпорындарында техникалық және экономикалық проблемаларды шешу, олардың сапасы мен технологиялық деңгейін көтеруде жәрдем көрсету, сонымен қатар өнімдерін нарыққа ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктермен қамтамасыз ету сияқты мәселелер екендігін атап өтті.
KOSGEB өкілдері өндірістік аймақтардағы жұмыстардың жүргізілу барысы туралы да хабардар етті. KOSGEB-тің Ыстамбұлдағы филиалының басшылығы кітапшалар мен басылымдардың нұсқаларын ұсына отырып, бейнематериалдардың негізінде баяндама жасады.
Қазақстандағы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» инфрақұрылымдық бағдарламасының орынды қабылдануының маңыздылығы да атап өтілді. «Осы іспеттес бағдарламалардың қабылдануы шағын және орта кәсіпорындарының дамуына септігін тигізеді», - дей отырып, KOSGEB өкілдері Қазақстанның елді дамытудағы жетістіктерін жоғары бағалады.
Шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі бойынша Түркияның тәжірибесі бірегей болып табылады. Себебі, шағын және орта бизнес Түркияның экономикасында маңызды рөл ойнай отырып, оның сауда-өндірістік кешенінің негізін құрайды. Түркияда шағын және орта бизнес өкілдері барлық тіркелген кәсіпорындарының 98 %-ын, не одан да көбісін құрайды. Түркияда шағын және орта бизнеске қызмет пен жәрдем көрсету бойынша мекемелер баршылық. Олардың ішінде коммерциялық емес мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар мен бірлестіктер бар. Оның белсенділерінің бірі - KOSGEB.
KOSGEB-тің Ыстамбұлдағы өкілдігінің басшылығы Қазақстанның мүдделі тараптарымен ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға, сонымен қатар шағын және орта кәсіпорындарына қолдау көрсету мен тәжірибе алмасуға тағы да әзірлігін білдірді, деп хабарлайды Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің баспасөз қызметі.