Саясат

Лаңкестік – әлемге ортақ қасірет

Лаңкестік – әлемге ортақ қасірет

Лариса Лысова,

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі:

Менің ойымша, лаңкестік әрекетке баратындардың санасы уланған. Туыс, бауыр дегенді білмейді. Лаңкестерді жасаған әрекетіне қарай жік-жікке бөліп қарайтын болсақ, саяси, діни, ұлттық деп неше түрге бөлінеді. Осылардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да аты айтып тұрғандай, қоғам үшін өте қауіпті құбылыс. Әсіресе, діни-экстремистік лаңкестердің әрекеті адам төзгісіз. Олар ислам дінінің атын жамылып өз білгендерін істеп, көпшіліктің сеніміне селкеу түсіргісі келеді. Күн сайын теледидардан әлемдегі экстремист-жанкештілердің лаңкестік әрекеттерінен жазықсыз көз жұмғандардың саны туралы ақпараттарды естіп, жаның түршігеді. Дүниежүзі елдері бетпе-бет келіп отырған лаңкестік қылмыс пен діни экстремизм дерті адамзат болашағына зор қауіп төндіргені соңғы уақытта шындап сезіле бастады. Сондықтан, экстремизм мен зорлық-зомбылықты пайдаланатын, ислам атын жамылып жүрген жүйесіз ұйымдарға халықаралық айыптау тағып қана қоймай, оларды түпкілікті жою керек деп есептеймін. Франциядағы жан түршігерлік оқиға әлем елдерінің тыныштығы мен қауіпсіздігіне көлеңке түсіріп қана қоймай, ел арасында үрей тудырып отыр. Себебі, бейбіт елдің тынышын алған озбырлардың күндердің-күнінде ядролық, бактериологиялық немесе химиялық қару қолданбасына кім кепіл?! Париждің бірнеше ауданында сол терроршылардың бейбіт тұрғындарға оқ атып, қайғылы оқиға салдарынан көптеген адамдардың бақилық болуы біздің де қабырғамызға батып отыр. Париждегі нақ осы қайғылы оқиғалар – біз өмір сүріп отырған әлемнің өте нәзік екендігінің тағы бір дәлелі. Оның қаншалықты ауыр екендігін жақсы түсінеміз.Бүкіл әлем, барлық мемлекеттердің көшбасшылары күш біріктіріп, лаңкестікке қарсы күрестің нақты жоспарын жасау керек деп есептеймін. Терроризм – әлемге ортақ қасірет пен қайғы. Ол жеке ұлтты, жас пен кәріні таңдамайды. Лаңкестік әрекеттің кесірінен балалар мен қарттар, әйелдер мен ерлер ажал құшуда. Осындай қиын жағдайдан қорытынды жасап, бейбітшілік пен келісімде өмір сүруді жадыдан шығармауымыз қажет. Бейбітшілікті қалайтын барша адамзат біріккенде ғана бұл зұлымдықтан құтыламыз.