Қасиетті белбеу Таразға жеткізілді
Қасиетті белбеу Таразға жеткізілді
Православтық христиандардың іліміндегі аса қасиетті Құдай ананың белбеуі 9-10 мамыр күндері Тараз қаласына жеткізіліп, «Успения Божией Матери» шіркеуіне орналастырылды.
Бұл күндері ғибадатханаға келушілердің қарасы қалың болды. Православтық христиандар көне заманнан табынатын Құдай ана белбеуінің қасиеті өте көп. Оған табыну жер сілкінісінен, түрлі эпидемиялардан, апаттардан, қайғылы құбылыстардан сақтайды деген сенім қалыптасқан. Сонымен қатар, адамдар рухани және физикалық аурулардан айығады. Әйелдер қауымы белсіздіктен арылып, балалы болуына мүмкіндік ашылады. Шіркеуде өткен уағыздар барысында қазақстандық метрополит Александр қасиетті белбеуге табынудың осындай игі қадамдарға бастайтыны туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Құдай ана белбеуін алып жүрген дінбасыларды бүгін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, кездесу өткізді. Жүздесу барысында шараның рухани құндылықтардың нығаюына, көпконфессиялық қоғамдағы бейбітшілік пен келісімдіктің одан әрі өрістеуіне алып келетіні айтылды. Кездесу соңында қазақстандық метрополит Александр облыс әкімі К.Көкірекбаевқа өңірде атқарылып жатқан табысты тірліктер үшін өз ризашылығын білдіре келе естелік сыйлық ұсынды. Ал, облыс басшысы метрополитке жамбылдықтар атынан аймақ табиғаты бейнеленген картинаны тарту етті.
«Ақ жол – Ақпарат».