Шуда шешімін күткен мәселе көп
Шуда шешімін күткен мәселе көп
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аудандағы жұмыс сапарында бірқатар өндіріс орындарын аралады
Тоғыз жолдың торабындағы Шу ауданы шырайланып келеді. Бұл туралы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ауданға келген іссапарларында шулықтарға үнемі айтып жүр. Осы жолы да бірқатар кәсіпорындар мен мекемелердің жаңа тыныс-тіршілігімен танысқан облыс басшысы көптеген игілікті істердің куәсі болды.
Облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы алдымен «ҚАЗМИЯ» ЖШС-ның мия тамырын өңдейтін шағын зауытының құрылыс жұмыстарымен танысты. Кәсіпорын Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өз жұмысын өткен жылы бастаған болатын. Жобаның құны – 600 миллион теңге. Зауыт жылына 2500 тонна мия тамырын өңдей алады. Сирек кездесетін өсімдік тамырынан дәрі-дәрмек шығаруды көздеген кәсіпорын жапониялық инвесторлармен бірігіп жұмыс жасамақ. Бүгінгі таңда зауыт қоймасында 186 тонна мия тамыры сақталуда. Бұл туралы серіктестік жетекшісі Олжас Әбдешов баяндады. Ол серіктестіктің өткен жылғы қорытындысы жайлы облыс басшысына кеңінен түсінік беріп, алдағы атқаратын жұмыстары жөнінде ой бөлісті.
– Өткен жылы тамыр жинау мен зауыттың құрылыс жұмыстарына алпыс адамды жұмысқа тарттық. Екі қойма салынды. Оның біреуі жиналған өсімдік тамырын кептіріп, сақтауға арналған. Кептіру жұмыстарына небәрі бір апта уақыт кетеді. Ал ашық алаңда бұл жұмысқа кемінде бір ай қажет болар еді. Екінші қоймаға жақында жапондық жеті маман келіп, өз құрал-жабдықтарын орнатып кетті. Бұл арқылы жиналған тамырдан өнімнің алғашқы түрін дайындаймыз, – деді серіктестік басшысы. Олжас Әбдешов келер жылдың наурыз айынан бастап зауыт жұмысы жанданатынын, кәсіпорынның келесі кезеңге жоспарланған жұмыстарды қолға алуға ынталы екендіктерін жеткізді. Оның айтуынша, зауыттың осы сатыдағы құрылыс жұмыстары аяқталса, онда кәсіпорын медицина саласына қажетті және бауыр, көз, бүйрек сырқаты бар науқастардың зор сұранысына ие дайын өнім-дәріні шығаруды бастап кетпек. Кәрім Нәсбекұлы серіктестіктің ісіне сәттілік тіледі. Зауыт жұмысы жанданса, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту қажеттігін ескертті. Айта кету керек, бұл жоба инвестордың жеке қаражаты бойынша жүзеге асырылуда. Бұдан кейін облыс әкімі «Тасөткел» су қоймасына барды. Мұнда К.Көкірекбаев жоба құны 1 миллиард 50 миллион теңге болатын, қуаттылығы 9,2 мегаваттық су электр стансасының жұмысымен танысты. Су қоймасы арқылы ауданда электр энергиясын өндіруді қолға алған «Компания A & T – Энерго» ЖШС өткен жылы 14, 700 кВт/сағ электр энергиясын өндірген болатын. Биыл он айдың өзінде бұл көрсеткіш 19,480 кВт/сағатқа жеткен. Серіктестік басшысы Нұрдос Қалдыбалин компания стансаның қуаттылығын ұлғайту және 4 турбинаның жұмыс дөңгелектерін ауыстыру жөнінде Қытай Халық Республикасының «Хуняньская корпорация Юньцянь» серіктестігімен келісімшарт жасасып, турбиналардың жұмыс дөңгелектерін ауыстырғанын айтып өтті. – Бұрынғы турбиналардың жүздері реттелмейтін. Сол себепті олардың жұмыс дөңгелектерін ауыстырдық. Қазіргі турбиналар арқылы қоймадағы судың қысымы төмендеген жағдайда да жүзін реттеуге мүмкіндік алдық. Осыған байланысты электр қуатын өндіруді отыз пайызға арттырдық. Қытай Халық Республикасының мамандары 4 генераторды қайта жөндеп, іске қосты. Қазір сағатына 5,4 мегаватт электр қуаты өндірілуде, – деген Н.Қалдыбалин өндіріс ошағы қазіргі кезде 20 адамды жұмыспен қамтып отырғанын тілге тиек етті. Жұмысшылардың орташа жалақылары қырық мың теңгені құрайды екен. – Облысымыз жасыл экономиканы дамытуға күш салып келеді. Қазір бұл салада озық технологияны енгізуде біздің аймақ – көшбасшы өңірлердің бірі. Соңғы жылдары елімізде жел, күн сәулесі және су арқылы электр қуатын өндіру жұмыстарына үлкен басымдық беруде. Бұл – біріншіден, қоршаған ортаға мүлде зиянсыз. Екіншіден, табиғат мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға жол ашады. Біз осы уақытқа дейін Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарында жел және күн электр стансаларын пайдалануға бердік. Бұл өндіріс орындары бүгінде ел игілігіне айналып отыр, – деді облыс әкімі. «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясының жұмысымен танысқан облыс басшысы бұл – жаңа химия өндірісін қалыптастыру мақсатында қолға алынған ірі жоба екендігіне, өңіріміз осындай жұмысты жүргізіп отырған еліміздегі оныншы еркін экономикалық аймақ екеніне тоқталды. Алдағы уақытта алып өндіріс аудан аумағына отызға жуық зауыт шоғырланады деп күтілуде. Бұл жөнінде құрылыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды түгелдей таныстырған басқарушы компания төрағасының орынбасары Николай Бакаев айтып берді. Нысан Шу қаласынан он бес шақырым қашықтықта орналасқан. Құны 387 миллиард теңгені құрайтын жоба болашақта 2500 адамды жұмыспен қамтитын болады. Нақтырақ айтсақ, химиялық өндіріс жобасы 2023 жылы жүзеге асып, толық қуатында іске қосылады деп күтілуде. Ал әзірге келешек кәсіпорынның 505 гектар аумағының ішкі-сыртқы инфрақұрылымы жүргізілуде. Басқарушы компания басшылығы Кәрім Нәсбекұлына «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы инфрақұрылымы нысандарының құрылысы екі кезең бойынша жүзеге асатынын айтып, жұмыстың алғашқы кезеңінің жоспарына сай 2016 жылдың соңғы маусымында сыртқы инфрақұрылым түгел аяқталатынын жеткізді. Яғни, келер жылы жалпы 505 гектар жерді алып жатқан аумақтың 208 гектарында жүргізілуі тиіс құрылыс жұмыстары аяқталмақ. Ал екінші кезең 2018 жылдың тамызында бітеді деп жоспарланған. Ортақ келісімшарт бойынша мұндағы инфрақұрылым құрылысын «КАТЭК», «Өркен», «KazHiTechEuroBuilding», «ISS Engineering» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қарқынды жүргізуде. Айталық, қазіргі кезде зауыт аумағына тартылған 6,4 шақырым темір жол құрылысы аяқталуға таяу қалса, ұзындығы 5,8 шақырым болатын автомобиль жолы пайдалануға берілуге дайын. Тек қос жол көпірлерінің соңғы жұмыстары ғана қалған. Автоматты газ тарату стансасының 9,75 шақырымдық магистральды газ құбыры да толығымен тартылған. Аймақ басшысы өңіріміздегі ірі жобаны жүзеге асырушылардың жұмыстарына сәттілік тіледі. «Шу-Жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында да Кәрім Нәсбекұлы Шу қаласының қаншалықты жылумен қамтылып отырғандығына назар аударды. – Аудан бойынша отын-энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және бюджеттік нысандардың 2015-2016 жылдардағы жылыту маусымын ойдағыдай өткізу үшін дайындық жұмыстары жүргізілді. Қазан айынан бастап барлығы 347 нысанға жылу таратылды. Оның 56-сы – көп қабатты, 241-і жеке үй. Қазіргі кезде қазандыққа қажетті 12000 тонна көмірдің 5466 тоннасы Үкіметтің резервінен осы жылдың қазан-желтоқсан айларына бөлінген 66,6 миллион теңгеге сатып алынуда. Қажетті отынның алпыс пайызын жеткізіп үлгердік. Қалғаны жақын арада сатып алынатын болады. Аудан бюджетінен 819 тонна көмір сатып алынса, өткен маусымнан қалған 266 тонна көмірді де қажетімізге жаратып жатырмыз, – дейді қазандық жұмысын баяндаған кәсіпорын директоры Руслан Кукузов. Бұдан соң Кәрім Нәсбекұлы Шу қалалық ауруханасы мен «Қамқор Локомотив» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Қалалық аурухананың бас дәрігері Сейсенғали Ақпаевтың айтуынша денсаулық сақтау мекемесінде 280 адам қызмет етеді. Оның 26-сы – дәрігер. 1989 жылы пайдалануға берілген аурухананың жеті бөлімшесі тұрғындар мен науқастарға әлі де үздіксіз қызмет көрсетуде. Олар: терапия, ота, перзентхана, балалар, жандандыру, кардиология, травматология бөлімшелері. «Қамқор Локомотив» ЖШС-ның филиалы «Шу локомотив» жөндеу зауытының басшысы Мәлік Ақжігітов нысанның қазіргі жай-күйін облыс басшысына жан-жақты баяндады. Бірақ, күрделі жөндеу, тепловоздарды техникалық жөндеуден өткізу, сондай-ақ, маневрлы локомотивтің қосалқы бөлшектерін дайындау және қалпына келтіру жұмыстарымен айналысатын зауыттың бүгінгі жағдайына облыс әкімінің көңілі толмады. Кәрім Нәсбекұлы кәсіпорында 818 жұмысшының жартысының ақысыз демалысқа жіберілгеніне алаңдаушылық танытты. Зауыт жұмысын қайта жандандыру керектігін алға тартқан К. Нәсбекұлы жуырда ғана Белоруссия мемлекетінде іссапарда болғанын, ондағы кәсіпорындармен бірлесіп комбайн шығаруды қолға алу туралы мәселе көтергенін айтып, керек болса, бұл зауытты сол тұрғыда іске жаратуға бейіл екенін жеткізді. Облыс басшысы аудандағы іссапарын аудан әкімдігіндегі актив жиналысында қорытындылады. Жиында К. Көкірекбаев аудандағы оң өзгерістерге көңілі толатынын айтып, кем-кетіктерді жою үшін үздіксіз жұмыстар жүргізілу керектігін ескертті. Әсіресе, аймақ басшысы аудандағы газ тарту жұмысындағы сылбырлықты, әлеуметтік саладағы кейбір келеңсіздіктерді сынға алды. Расында, ауданға газ құбыры тартылған 2012 жылдан бері небәрі 962 ғана үй «көгілдір отынға» қол жеткізсе, әлі он мыңға жуық отбасы табиғи газдың рахатын көре алмай отыр екен. Ал ауданда қан айналымы аурулары бойынша адам өлімі 33,5 пайызға өсіпті. Осы секілді түйткілді мәселелер бойынша бірқатар бөлім басшыларынан жауап алған облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар жүктеп, жұмыс нәтижесін көрсетуді тапсырды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.