Солдат тағдыры
Солдат тағдыры
(хикаяттан үзінді)
...Қуанта, бірақ, алмады, Сонау бір үйді шеттегі, Соғыстың соңғы көктемі...
Мұқағали.
...Алыс батыста от ішінде ойнақ салған қара тажалдың кей сипаты алғашқы кездері жастардың беймәлім қатерге жаппай аттануынан шамалы білінгендей болса, күндер өте келе үлкендердің бірте-бірте күшейе түскен үрейлі әңгімелерімен де елес беріп жатты. Содан соң... Бір жолы, қысқа жақын кез, мұғаліміміз Қалдарова Алтынкүл әпкей класқа мүлде қажыған қайғылы кейіппен енді. Біз әрдайым сабырлы ол кісінің қараторы бет-жүзінен бұрын ешқашан мұндай күйді көрген емеспіз. От жағылмайтын тастай суық класс бөлмесінде аздап та болса жылынайық әрі ойнап алайық деп жаппай алысып, біріміз жығып, біріміз жығылып, азан-қазан боп жатсақ та әпкей салмақты қалпын сақтайтын. Мына қазіргі түрінен іш жиғандай халге түстік. – Әпкей, не болған сізге, ауырып қалған жоқсыз ба? – Жағдайды сұрауға Рәтқұлдың батылы жетті. Әпкей бірқыдыру уақыт үнсіз тұрды да ақыры оң қолымен ақбурыл самай шашын жинастыра түзеп қойып, жауап қатты. Үні соншама бәсең шықты: – Балалар, былай ғой... Жау... жау Мәскеуге жақындап қалды... Осыны айтты да тамағына тас тығылғандай тұншыға тоқтады. Мен еріксіз ойланып қалдым: «Қалайша, ә?.. Мәскеу, бізге айтып жүргендей, Отанымыздың жүрегі емес пе... Онда Ленин атаның мавзолейі бар, онда Сталин ата отыр... Жауды жақындатқан кім?.. Ой, әттеген-ай, Шапайып батырдың өліп қалғаны-ай! Әйтпесе, ол тірі болғанда жау дегендер жолай алатын ба еді?!. Ал Әбдіман аға, Оңласынның әкесі, қайда жүр? Оның да ұзын қылышы бар еді ғой... Айтбек, Кәнібек, Байсақ, Көпбай, Ержан ағалар... және... және біздің Әли аға ше? Неге олар жауды қырып тоқтатпайды?.. Мүмкін... мүмкін үлгіре алмай жатқан болар, жақында ғана Әли аға өз хатында Мәскеуге жақын жерде танкінің оқуын оқып жатырмын деп еді ғой... Е-е, енді оқуды бітіре сала өз танкісімен жаудың талқанын шығарар-ау қалайда!..» – Қорықпаңдар, балалар... – Алтынкүл әпкейдің осы сөздері менің өрекпіген ызалы ойымның желісін үзіп жіберді. Бұл жолы әпкейдің даусы нығыздау шықты. – Біздің Қызыл Армия қайтсе де жауды жеңеді түбінде... Ұлы көсеміміз Сталин жолдас осылай деп отыр... Біз, балалар, Алтынкүл әпкейдің сөзінсіз де соншалықты қорқып жүрген жоқ болатынбыз... Иә, әкем бір жолы түстен кейін Сарыкемерден соңғы поштаны бір түсініксіздеу халде әкелгенге дейін қорқа қойған жоқ едік. Атынан домалай түсе бере үйге кірмей жатып, өзін қарсы алған әрі ердің басына ілінген ауыр қара сөмкені көтеріскен шешеме әлденелерді күбірлей айтты. Әп-сәтте түсі бұзылып кеткен анам аһ ұрып, екі қолымен бетін басқанда сөмке жерге түсіп кетті. – Не, не болды, апа?.. – деп мен жүгірдім. Ол маған көзі алаңдай қарағанымен жауап қата қоймады. Тек әкем ғана: – Ештеңе, ештеңе емес, Рахметжан... Апаңның аздап басы ауырып... Кейде солай болады өзі... – деп мені тыныштандыруға әрекеттенді. Сөйтті де де үйге кіре салысымен үстіндегі қалың сары тонын лақтыра сап, етігін шешіп, бешпетшең ағаш төсекке іргеге қарап жатып қалды. Шайдан да бас тартты. Екі сағаттай өзімен өзі кейде әлденелерді күрсіне күбірлеп қойып аунақшумен болды да кенет атып тұрып киіне салысымен аулаға шығып кетті. Атқа мініп алған оған: – Ата, сөмкеңді ұмыттың! – деп айқайладым. – Керегі жоқ... кейін... қазір басқа шаруа... – деп әкем атын көше жаққа бұрды. Сол кеткеннен үйге кешке таман бір-ақ оралды. Жалғыз емес, ауылдың бүкіл қариялары біздікіне сау ете қалды. Ол кісілердің кейбірі атпен, кейбірі есекпен келсе, жақын маңдағылары жаяу. Шалдардан соң апалар қаптады. Бәрінің басы қосылған соң өзара бірдеңелерді күбір-күбір сөйлесіп алып, көшенің қарсы бетіндегі көршіміз - Әбдіман ағанікіне қарай аяңдасты. Анам мен Әлипа да сонда бет алды. Оларға Димаш екеуміз ілестік. – О-о, біздікіне қаншама көп қонақ келді, көрдіңдер ме?! – деді аулаларында алдымыздан шыққан Оңласын қуана әрі мақтанғандай екі езуі екі құлағына жетіп. – Кел, қайтадан ойнайықшы, – деді бірден оған Димаш қыңқылданқырап. – Кеше мені ұтып қойғансың алдап... екі асығым сенде... – Мақұл онда, – деп келісе кеткен Оңласын көнетоз мақталы шалбарының қалтасынан асық шығара бергені сол еді, үйден әйел адамның шыңғырғандай ащы даусы естілді. Үшеуміз біріміздің бетімізге біріміз қарап алдық та дереу есікке ұмтылдық. Сұмдық көрініске тап болдық: пеш жанында қап-қара ұзын шашы жайылып кеткен, тырналған беті қызыл ала қан Ілескүл жеңеше жан түршігердей ащы дауыспен үздіксіз шыңғырып, ара-тұра киіз төселген еденді қос жұдырығымен тоқпақтайды. Олай-бұлай бұлғақтаған басы пешке соғылып та жатыр. Ал Бүбішайым апа ақ кимешегінің көлдей етегі жайылып, екі қолы екі жағында еденде қимылсыз жатыр, ес-түссіз сияқты. Базбір әйелдер ол кісінің бетіне су бүркіп әуре... Ал ақсақалды аталар кең бөлмені керней аласа орындықтарға отырысыпты. Бәрінің басы салбыраңқы, көздерін төмен салған. Бір кезде Ілескүл жеңешенің ащы үнін баса Садық ата өзінің зор жуан даусымен сөз бастады. – Сабыр ет, сабыр қыл, айналайын Ілес... Әбдіман сендерге ғана емес, бәрімізге қымбат қыранымыз еді ғой. Қайтейік, айырылып қалдық! Қыранымыздың қанатын ата-бабасына мың да бір нәлет қас-дұшпан қайырып кетті. Амалымыз қайсы? Болса аянар ма едік біз?!.. Халық үшін соғыста қаза болған – шейіт, олардың мәңгілік орны жұмақ болмақ... Енді Әбдіманымыз да содан жай табар... Сабыр қылыңдар айналайындар. «Болған іске болаттай бол» деген бабаларымыз. Сөйтіңдер... Әбдіманның тұяғы мына Оңлатай да, Алла қаласа, әлі-ақ ержетіп, өздеріңді бағып-қағады, қызығын көресіңдер... Сабыр қылыңдар, жылауды доғарып тынышталыңдар... Мен Әбдіманымыздың әруағына бағыштап құран оқиын... Тыныштық орнады. Ілескүл жеңешенің өзі де дауыс салуын бір пәс тоқтатып, солқ-солқ етіп өксіп іштен өрт шығарғандай болғанымен сәл саябыр тапқандай. Садық атаның аузынан шығып жатқан бөтен тілдегі сөздер мүлде түсініксіз болғанымен дұғаның әуезі жылағанды жұбататындай, тыншыта аялайтындай жұмсақ та жағымды, жайлы екен... – Оңласын, сен қайғырма... Әбдіман көке келеді әлі атымен шауып. Қайда кетеді, үйге келеді, әрине, - дедім мен өз айтқаныма өзім сенбесем де үшеуміз үйден шыға бере. Ал Оңласын енді бір түсініксіз, беймәлім, дағдарған хал кешіп тұрған сияқты: жасаурай жылтыраған көздерінде жас қайғы ма, үміттене күту ме, болмаса тағы басқа бірдеме ме, әйтеуір әлденелер ұялағысы келгендей кезіп жүрген секілді. Біз оны осындай күйде қалдырып үйге беттедік. Не істерімді білместен Димашпен бірге аулада ұзақ тұрып қалдым. Миымда бәрі араласып атала боп кеткен тәрізді: бүгінгі сабақ, Ілескүл жеңешенің бет әлпеті, Бүбішайым апаның жатысы, Оңласынның әлгіндегі бөтен кейпі, ақыр аяғында соғыс туралы туған ой. Соғыс... Ол маған бүгінге дейін үлкендерге арналған айырықша қызықты ойын түрінде көрінер еді. Енді қарасам... сап-сау, мықты адамдардың өзі өледі екен онда. О-о, бұл дегенің... – Иахимет, – деген Димаш даусы бөліп кетті ойды, - маған көйсетші, сен білесің ғой, менің көкем ана жаққа кетті ме? – Ол қолымен түстікті, Алатау жақты нұсқады. – Мен сонда байайын, сен де жүй, екеуміз... – Жоқ онда емес, мына-а жаққа, – деп мен батысты көрсеттім. Батыс жақ батқан күннің арайымен нарқызыл боп алаулап, өрттей жанып қалған екен. – О-о, онда... от жанып жати ғой, өйт!.. – деді Димаш шошынғандай даусы дірілдеп. – Көкем өзінің мәшинесімен оған түсіп кетпей ме?.. Өйтеніп кетпей ме, а?.. – Жоқ, Әли аға өртенбейді, жау өртенеді! – дедім мен үзілді-кесілді нық сөйлеп. Әйткенмен, Димаштың қазірде бір уыс боп кеткен бітіміне қарап оның кішкентай жүрегінде күмән-күдік тұрғанын сезгендей болдым. Ондайдан өзім де құр емес едім. Солармен бірге көңілге бейтаныс қауіп енгендей... Ол қауіп күннен-күнге күш алып, ұлғая бастады. Ұлғайғаны сол, әкем жаңадан «қара қағаз» деген сөзбен аталатын, қаза жайлы хабар жазылған бір жапырақ қағазды жиі әкелетін болды. Ондай келді дегенше болды, ауылдың не анау үйінде, не мынау үйінде жылау-сықтаудың ащы даусы аспанға атылады. Дауыспен қоса жан-жүректі аямай өртейтін жалын шалқиды. Бір жолы Сарыкемерге барып келген әкем өзінің қара сөмкесін тарс еткізіп еденге атып ұрды. – Болды енді пошта тасымаймын!.. – деді ол ашумен аузын ашып қалған анама қарап. – Қартайған шағымда қаралы хабаршы болғаным енді жетер!.. Мен бұған дейін сабырлы, әр сөзін байыппен, ойланып айтатын әкемнің бұлайша табанда тулап, бәрінен безіне, таусыла сөйлегенін көрген емес едім. Анам кереуетке ұзынынан құлап кеткен әкемді сабасына түсіруге тырысып бағуда: үстіне сары тонын айқара жауып қымтады, «шәй әкелейін бе?» деп те сұрап жатыр. Сөйтсе де әкем тынышталар емес. Енді, тіпті, даусына діріл қосылған. – Арсыз адам бәріне көнеді, төзеді дейтін. Сонда мен арсыз болғаным ба шынымен, мынадай қорлыққа көніп жүрген?!. – Жо-ғә, әрине, – деп анам аз-кем кідірді де сөзін жалғады. – Сабаңа түс, атасы. «Сабыр түбі – сары алтын» демеуші ме ең... Өзің де ұстан мұны... Оның үстіне әлгі қараң қалғыр «қара қағаздан» өзге хаттарды да әкеп жүрген жоқпысың. Оларды оқығандардың қуанышына тең келер не бар, түге. Сондай қуанышты жеткізген сенің қолыңды сүюге бар емес пе жұрт! Бұл жаман ба... Әлиден хат алған сайын өзіміз қалай қуанып жүрміз төбеміз көкке жеткендей!.. Шынында да Әли ағадан хат келген күн біздің үй үшін нағыз мейрам еді. Әсіресе, бір хаты ерекше қуантқан. Онда ол 7 ноябрьде өзінің «Т-34» дейтін танкімен парадта Қызыл алаңнан өткенін, алысырақтан болса да Сталиннің өзін, Мавзолейдің үстінде тұрған басқа да көсемдерді көргенін, содан соң Мәскеу түбінде жауды соққанын, оларды қуғанын жазыпты. Басқамыздан гөрі Димашқа көп сөз арнапты: амандық болса алдағы күзде мектепке барасың, ал онда Рахмет ағаң сияқты жақсы оқы, түсінбегеніңді одан сұрап ал, ол міндетті түрде көмектеседі саған... Әкесінің осындай сөздерін естігенде Димаш, оһ, қандай шаттанды, мақтанды десеңші!.. Бәріміз де мәз болдық. Әлипа хатты демін ішіне тарта сан қайтара оқумен отырды, жүрді. Ақ жүзі алаулап, екі бетінің ұшында кішкентай иірімдер ойнады кей-кейде... Арада біраз мезгіл өткен соң келген хат көңілсіздеу екен: шегінуге мәжбүр болдық, Харьков дейтін үлкен қаланы жауға тастап кеттік, күндіз-түні шайқасумен үлкен өзен – Донға қарай шегініп келеміз... Әйтсе де қорықпаңдар, түбінде ит фашистерді есеңгірете соғып, өз ұяларында талқандайтынымыз анық, деп мұндағыларды жұбата аяқтапты Әли аға. Майданнан хаттар мен ішінара «қара қағаздар» да ауылға әкемнің тасуымен бұрынғыша келіп жатса, әрі-беріден соң жараланған, мүгедек боп қалған жауынгерлер там-тұмдап орала бастады. Бәрінен бұрын келген тізеден төмен екі аяқтан бірдей айырылған Мәдібай көке болды. Жоқ аяқтың орнында санға толып жатқан белдік-баулық арқылы жалғанатын басына кәдімгідей қара бәтіңке кигізілген протез дейтін бірдеме бар екен. Оған қоса қос балдақ. Көгілдір көзді, ақсары жүзді, ашық үнді ол кісі соғысқа дейін молда болыпты. Сонысы үшін қақаған суық Сібірге айдалып кете жаздаған деседі. Әйтсе де мейлінше мейірімді, барынша балажан ол кісіні елдің бәрі сыйлайтыны байқалатын. Екінші болып бетінің жартысы үлкен тыртық, бірнеше қабырғасы жоқ Нұртай аға келді. Ол маған маңдайында қызыл шоқтай жұлдызы бар пилоткасын сыйлап, апам тарылтып берген соң мақтанышпен киіп алдым. Бұл майдангерлердің жарақатына тітіркенбей қараудың өзі қиын болса да бір күні түнде ұйықтауға жатып қалғанымызда ойда жоқта анамның қараңғыда сыбырлай жалбарынғанын естіп қалдым: «О-о, жаратушы Алла, Әлиімді тірі келтіре гөр, мейлі тіпті... аздап жараланса да...» Мен бұл сөздердің мағынасын да, анамның денесіндегі дірілді де түсіндім, сезіндім. Жаз шыға Әли ағадан хат сап тиылды. Түн ішінде қызылшалықтағы жұмыстан келетін анам мен Әлипа бірден әкеме сұраулы көзбен қарайтын: хат жоқ па?.. Олардан бұрын шақырайған күн астында белімізге байланған дорбаға бидай аңызында комбайннан қалып кеткен бірен-саран масақты қаңырығымыз түтеп жүріп жинап келетін Димаш екеуміз сұрайтынбыз. Әкем үндемейтін. Бар десе – өтірік, жоқ десе – көңілге ауыр болар дей ме, қайдам. Есесіне оның көңілін біз көтеруге тырысамыз: масақ толы дорбаларымызды алдына тосамыз. Ол бурыл мұртының астынан аздап жымиып екеумізді арқадан қағады: – Айналайын асыраушыларымыз біздің!.. ... Күндер өтіп жатты. Хаттармен жарысқандай «қара қағаздар» да келіп жатты. Түнде керосин шамның жарығымен әкем оқитын газеттер де бірінен-бірі үрейлірек еді. – О-о, құдай, жау Стәлінградқа кеп қапты ғой!.. Ол дегенің Қазақстанға тиіп тұрған жоқ па?! Япырай, япырай... Бәріміз иманымыз бір уыс боп, үрпиіп қалдық... «Қайда... Әли аға қайда!?.. Неге хат жазбайды ол?.. Әлде, әлде... ол...» Өз ойымнан өзім селк ете түстім. Байқаймын, басқалардың миында да осыған ұқсас бірдеңелер айналшықтайтын сияқты. Шыдамдары да әбден жіңішкеріп, әне-міне тырс етіп үзілетін тәрізді. Осындай үрей аралас күпті көңілмен жүргенде күз де жетіп, соның жайма шуақ бір күнінде Әли ағадан хат келіп, бәріміздің жанымызды әп-сәтте жарқыратып жіберді! Мұндай қуанармыз ба. Езуімізден күлкі кетер емес... Көптен хабар-ошар бере алмағаны үшін кешірім сұраған аға хатында былай депті: бір шайқаста фашистер танкімізді өртеп жіберді де біз бораған оқтың астында қалдық. Жаралансақ та тірі шықтық. Оқ менің сол жауырынымның астынан тиіпті. Әйтеуір жүрекке жуымапты. Госпитальда оқ алынды, бірақ ұзақ емделуге тура келді. Қазір мен бұрынғы өз полкымдамын, Сталинград түбіндеміз. Қайтсек те оны жауға бермеспіз. Кегімді де жақсылап қайтарармын... Хатының соңында әдеттегідей Димашына жылы-жылы сөздер айтып, бірінші класта жақсы оқуды тапсырыпты. Димаш, әлден-ақ әкесіне аумай тартып келе жатқан, қап-қара қасты, бойының ұзын болатыны да біліне бастаған ақкөңіл сәби оқуға да аса ынталы еді. Қысы-жазы ауа райы қандай болса да, мейлі жауын-шашын болсын, мектеп маңайында мені күтіп жүретін. Және әрдайым менен не оқығанымызды сұрайтын. Сөйте-сөйте оқушы болмай жатып-ақ қазақ әріптерін түгелге жуық, талай сандық таңбаларды біліп алған. Ал бірінші класқа барған соң бір ай шамасынан кейін-ақ тұтас сөйлемдер жаза алатын жағдайға жетті. Бір жолы мен анамның айтып отыруымен Әли ағаға хат жазғанымда ол оның соңына өз қолымен мынадай сөздер жазды: «Көке, мен жаза алам, бәрі бес. Сен жауды жеңіп тез кел. Мен сені сағындым. Балаң Димаш. 1 декабрь 1942 жыл». Шынында да Димаштың өзі айтқандай, сабағының «бәрі бес» болғандықтан қысқы каникул қарсаңында ауылкеңес Зияда апай оған сыйлық ретінде сүлгі орамал берді. Үшінші класта оқитын мен де құр қалғаным жоқ. Үй ішіміз мәз болды. Талайдан бері қабағы онша ашылмай жүрген әкемнің де езуіне күлкі үйіріліп, даусы жарқын-жарқын шықты. Бірақ... бірақ біз ол күні отбасымызға қабырғаны қаусата соғар қаһарлы қасіреттің турадан-тура қабынып келе жатқанын білсекші... Каникулдың соңғы күні, сол сұмдық күннің таңертеңінде әкем әдеттегідей Сарыкемерге пошта әкелуге кетті де анам шай үстінде бір жайды айтты. – Тезек ада болды, жантақ та таусылуға таяу, жақында отынсыз қалатын түріміз бар. Ал аяз мынау... Қатып қалмаудың қамын жасайық. Қазір бәріміз есекті жетелеп Қарасуға барайық. Біз Әлипа екеуміз қамыс орамыз. Ал Димаш шамасы келсе оны шетінен мұздың үстімен сүйретіп жағаға тасиды.. – О, оған менің шамам же-те-ді! – деді Димаш қуана. – Онда тіпті жақсы, Димашжан. Ал Рахмет біз қамысты баулап есекке артып, арқанмен шандып бергеннен кейін үйге апарып түсіреді де қайта келеді. Сөйтіп тасып тұрады... Солайша кешке дейін әжептәуір отын жиып алармыз... Сыртта сары аяз. Буалдыр көкжиектен көтеріліп, кешкі мұнарда жоғалып кеткенше жаздағы биігіне жуымастан төменнен тапқан арқанның ұзындығындай-ақ қысқа ғана жолымен зыр қағатын боп-боз, күміс теңгедей ғана Күннен келер ешқандай жылу жоқ. Қар да қалың. Біздің үйден екі жүз-үш жүз қадамдай жердегі Қарасуға қарай біріміздің артымыздан біріміз омбылай жүрдік. Ең соңымызда әр адымын ешбір ынтасыз, әкістене әрең басып келе жатқан көк есек. Көл жағасының қары ояң болғандықтан, тіпті, қалың көрінді. Астындағы мұз қалың ба әлде жұқа ма, біліп болғысыз. Ал төбесіндегі үкідей үпелегі жабысқан қармен одан бетер ұлғайып кеткен ұзын, сап-сары нар қамыс қалың-ақ. Анам Әлипа екеуі тері қолғаптарын киіп кетпенмен, кейде орақпен қамысты нақ түбінен шаба бастады. Ал Димаш болса оларды құшақ-құшағымен жағаға тасығанына мәз. Әрі-беріден соң екі беті қызыл алмадай албырап алды. Жалпы, тірлігіміз жақсы жүріп кетті. Мен де отынның алғашқы біразын алып жолға шықтым. Арқасына артылған жуан-жуан әрі ұзын сегіз бау қамысты сүйреткен көк есек кішкене тұяқтарымен беткейдің қасаттау қарын сықырлата тескілеп менің жетелеуіммен жотаға қиналмастан өрледі. «Бұл жануар нағыз бейнеткеш-ау, – деп ойладым көк есекке сүйсіне қарап. – Күтімді де керек қылмайды. Атамның атынан қалған кәшектің өзі бұған жетіп жатыр. Ауа райының құбылуын да елей қоймайды. Мейлі жаңбыр, яки қар жаусын бәрібір, тып-тыныш тұра береді. Тек анда-санда әлденеге келіспегендей немесе иттің үріп, қойдың маңырағанын жақтырмағандай үп-үлкен, қолапайсыз құлағын қағып-қағып қояды...» Түс әлетінде мен үйге төртінші немесе бесінші рет қатынап, есектің жүгін түсіре бастауым сол еді, анамның айқайлаған даусы талып жеткендей болды. Жалт бұрылсам, ол жотаға шығып қолын жылдам-жылдам бұлғап тұр екен. Не болған?.. «Ра-а-ахмет, ойбай, тез жет, же-ет!..» – дегені енді анық астілді. Көк есекке секіріп міне сап о байғұсты қамшымен тартып жібердім. Жануар бірдеңені түсінгендей шаба жөнелді. Анам сайға түсіп кетті. Кеп жеткенімде көргенім – Әлипа екеуі аяғын тәлтіректей басқан Димашты екі қолтығынан көтермелеп қырға өрмелеп келеді. Ал оның үсті-басы малмандай – кішкене шолақ тонынан, шалбарынан, етігінен су сорғалайды. Өзі тісі тісіне тимей қалшылдайды. Мен жалмажан оның тонын шешіп өзімдікін кигіздім. Бірақ не пайда – іш киімдерінің бәрі шылқыған су. – Бұл қалай? Димашқа не болды?.. – дедім қорыққаннан жүрегім ұшып. – Мына құдай атқан мұз ойылып кетіп... – Зәре-құты қалмаған анам шатты-бұтты түсіндіре бастады. – Әлдене сатыр-сұтыр... Димашжан кеңірдегіне дейін суда!.. Тыпырлап жүр жаным... Әрең тартып алдық... Әлипа Димашты көтеріп есекке отырғызып үйге қарай жүргенімізде де бақыра жылауын қоймаған соң анам қатты зекіп тастады: – Тоқтат, сорлығар! Не мұның жамандық шақырып?! Қой әрі, өшір үніңді!.. Сонан сол ол Димашқа еркелете жылы-жылы сөйледі арқасынан құшақтап: – Аз ғана шыда, Димашжан айналайын. Қазір үйге барып отты аямай жағамыз, сен Әли көкеңнің тонына оранып пештің қасына жатасың, жып-жылы болады саған, күнім... Солай етілді, от жағылып, Димашқа пеш түбіне төсек салынды. Бірақ ол қалшылдауын қояр болмады. Көп ұзамай әкем де келді. Болған жайды естіген соң баланың тамырын ұстады, маңдайын сипап көрді де басын шайқады. Тез қайта киінді де: – Доқтырды шақырып келем, – деп сыртқа шығып кетті. Біраздан соң ат тұяғының дүбірі қайта естілді. Үйге әкем жалғыз кірді. – Ол... Поликовский жоқ екен. Дәрі әкелем деп таңертең қалаға кетсе керек. Бәріміз үнсіз қалдық, тек Димаштың ырсылдай демалғаны естіледі. – Құдай-ау, қайтсек екен енді?.. – Әкем бөлме ішінде әрлі-берлі жүре бастады. Кенет анама кілт бұрылып, қатқыл үн қатты: – Сендер тек шай берген сияқтысыңдар, ыстық сүтке сарымай салып берсеңдер болмайтын ба еді?! – Бергеміз... бірақ Димашжан ішпей қойды ғой... – деді анам амалы құрығандай дәрменсіз жауап беріп. – Димашжан, ішші айналайын, ішші, а?.. Жақсы болады, – деп енді атам Димаштың үстіне төнді. – Іш... кім ке-елмейді... а-ата... – деді Димаш сыбырлағандай... Күн кешкірді. Терезеден оның соңғы сәулесі түсті. Содан ба, Димаштың боп-боз жүзі қызғылт боп көрінді. Қасына кеп отырған әкем «Димашжан айналайын...» деп басынан сипап отырды да бір сәт алақанын маңдайына басты. – Ыстық... ыстығы көтеріліп келеді... О, Алла!.. – деп күрсінді де шарасыздық қалыппен ойланып қалды. – Япырай, не істесек екен енді?.. Мен «ыстығы көтерілді» дегеннің мәнін онша түсінбесем де үлкендердің үрпиюіне қарап оның жаман екенін аңғарғандаймын. Димаштың тыныс алуы ауа жетпей жатқандай жиілейін деді, оған қоса жөтел пайда болды. Жөтелген сайын маңдайынан жылтылдап шып-шып тер шығады. Және бұл хал ұзаққа созылар түрі бар, тиылар емес. Димашқа жаным ашып барады, көңілім ойран-топалаң боп жылағым келді. О-о, егер ол мүмкін болса мен қазір Димаштың бүкіл қиналысын ойланбастан, бір сәт те кідірместен өзіме алар едім-ау!.. Бірақ, бірақ... Түн жарымына таман жағдайы аздап дұрысталғандай. Демалысы қалыпқа түскен тәрізді. Көзімен мені тапты да аздап езу тартқан болып, ыңырси тіл қатты. – И-иахи-мет, мен... мен бұйнағы күні... би есепті... шығайа алмадым... Біз өтпеген... есеп... Сен... сен көмектесесің бе, а?.. Мен оны құшақтай алып, құлағына аузымды тосып: – Көмектесем, әрине, Димаш! Көмектеспегенде ше!.. Димаш маған риза болғандай мейірлене қарады. Көзі мұндай мөлдір болар ма!.. – Рахмет, сен бар, ұйықта. Ертең мектепке барасың ғой, - деді анам маған. – Біз Димашжанның қасында бола тұрамыз... Ертеңмен ояна сала Әли ағалардың бөлмесіне жүгірдім. Анам мен Әлипа Димаштың бас жағында отыр, ол өзі болса көзі жұмулы, қимылсыз жатыр. Таңғы бозамықтан ба, жүзі көгілдір көрінді. – Димаш, Димаш, – дедім оның қолын ұстап. Қолы мұздай екен... – Тсс... тыныш... Димашжан ұйықтап жатыр, - деді анам. Осы кезде Димаш кенет көзін кең ашты да басын көтере екі қолын алға созып жібере даусы қырылдай жалбарына үн қатты: – Көке, көке!.. Мені ала кетші-і өзіңмен!.. Тастама мені!.. Осылай дей бере басы жастыққа сылқ түсті де көзі жұмылды, екі қолы екі жанына жайылып қалды. Дәл осы сәтте бөлмеге әкем мен доктор Поликовский келіп кірді. Дәрігер Димаштың тамырын ұстап, кеудесін тыңдап көрді де баяу өз басындағы құлақшынын ала берді. – Бекем болыңдар... Баладан айырылдыңдар, - деді ол жуан даусы күңгірлей ешкімнің бетіне қарамастан. - Өкінішті, өте өкінішті... мен ештеңе істей алмаймын... Біздің бәріміздің басымызға бір-бірден жайдың оты түскендей болды. Есеңгіреткен дағдарыстың бірер сәттік тыныштығынан соң көп дауысты жылаудың ащы үні аспанға шапшыды. Бәріміз өкіре жыладық... Осылайша оқыс, ойда жоқта әрі өте тез өзінің қазасымен біздің бәріміздің жүрегімізді қанжоса еткен Димаш ертеңіне Таласқа жақындау жотадағы ата-баба қорымына кішкене ғана жиренқоңыр төмпешік болып қосылды. Кешке қарай менің Димашымның жанындай әппақ қар жапалақтап жауды. Жан демекші, өзім де жанымның жартысынан айырылғандаймын. Өңімде ғана емес түсімде де жылайтын көрінем, жастық ылғи су боп қалады. Өмірімде тұңғыш рет нағыз қайғымен, адамның ішкі дүниесін, бүкіл болмысын аяусыз өртейтін сұмдықпен өстіп кездестім. Әке-шешем де қатты қайғырды, Әлипа жеңешем байғұс, тіпті, бүк түсіп қалды. Анам бейшараны қайғысымен қоса өкініші де күйдірумен болды. – Мен ғой, мен, Димашжанның өліміне себеп болған!.. Неғып оны ерттім екен, өзіміз-ақ бірдеңе ететін ек қой!.. Бүйткенше мұздың астына өзім түсіп, батып кетсем етті, о, Құдай!.. Осылай деп өксіп жүзін жас жуған, ара-тұра өз басын өзі қойғылап қалатын анамды әкем: – Қойғын, Тәлім, өзіңді-өзің азаптай бермей. Бәрі Алланың ісі де... лаж жоқ – көну керек, – деп жұбатқан болады өз қайғысы өзіне жетіп жатса да. Әлипаның да адам айтқысыз ауыр қайғысын аз да болса жеңілдетуге әрекеттенеді: – Айналайын келін, жасыңды тый. Қанша жыласақ та Димашжан енді қайтып келмейді. Димашжан енді бізге жоқ!.. Одан да енді Алладан Әлидің амандығын тілейік қан майданда жүрген... Құдай қаласа, есен-сау келер. Балалы боларсыңдар тағы да, жап-жассыңдар ғой... Егер ұл болса, Әли де соған келісер, атын мен Димаш қоям... Екі Димаш болсын ол!.. Мен күнде ата-анамның көзін ала бере зиратқа, Димашқа барып тұрдым... «Ой, қандай суық мына жердің астында Димашқа!.. Қайтіп аз да болса жылыта алам?..» Аяушылықтан әрі дәрменсіздіктен жүрек әуелі езіле жиырылып кетсе, сәлден соң ауызға тығылып ап алқындыра дүрсілдейді. Осындай күйде мүрде жанында ұза-ақ тұрам, тас боп қата жаурағанша тұрам. Сондайда ақыры құлағыма Димаштың жұмсақ, шексіз сүйікті даусы жеткендей болады: «Иахимет, сен тоңдың ғой, үйге қайт... Мен тоңғам жоқ... мұнда жылы...» Бұрылып кетем, көзімді, бетімді сорғалаған жас күйдіреді... Арада біраз күн өткен соң әкем Әлипа жеңешем екеумізге: – Әлиге хат жазғандарыңда Димашжанның қазасы жөнінде тырс етпеңдер, жарты сөз де айтпаңдар. Өйтсеңдер ол оған жау оғынан да жаман болады! – деп ескертті. Абайсызда болмашы жағдай салдарынан сұмдық соққы алып жан-жүрегі пәршалана қан-жоса болған – ол жүрек, кейін аңғарсақ, ең кішіміз Димаш екен ғой! – біздің отбасымыз жарақаты жазыла қоймаса да оны ауырсына баяу, бірте-бірте өмір ырғағына, иіріміне ене бастады... Әкем, әрине, бұрынғыша поштасымен әуре, анам мен Әлипа мал фермаларында көң ойып, оны болашақ қызылшалыққа тасып төгу жұмысында... Мен болсам түске дейін мектепте оқысам, түстен кейін ауланың, қора-қопсының қарын күреймін, азын-аулақ малға шөп шашып, суарамын. Бірақ қайда жүрейін, не істейін қасымда ылғи Димаш бардай, тіпті, оның демін де сезінетіндеймін... Шамасы 43-ші жылғы февраль айының ортасы ғой деймін, Әли ағадан келген кезекті хат жанымызды талайдан тұмшалап тастаған бұлттың арасынан кенеттен жарқырап шыға келген күндей әсер етіп, аз-кем жадыратып тастағандай болды. Ол Сталинград қаласында жаудың өте көп әскері талқандалып, талайы тұтқынға түскенін қуана жазыпты. – Әп-бәлем!.. Оңбаған қарақшыларға сол керек! Енді үңгіріне емес, көріне тығылатын болсын!.. – деді әкем тағатсыздана хатты оқып отырған Әлипаны бөліп кетіп. Хатты әдетте алдымен жеңешем оқитын, мен Әли аға кейде өздері мектепте оқыған латын әріптерін қолданатындықтан ептеп қиналатынмын. Хат соңында Әли аға тағы да Димашқа сөз арнапты: неге маған жазуды қойдың, ерінесің бе әлде? Жалқау болма, балам... Мен Рахмет екеуіңе көп дәптер және тіпті, түрлі-түсті қарындаш әкелем. Сен ондайды әлі көрген жоқсың, Димашжан... Ой, ол мұнда не болғанын білсе ғой!.. Анам мен Әлипа жаулықтарының ұшымен сорғалаған жастарын сүртумен болса, әкем қабарған жүзі, қатқан қабағы жазылмастан түнере төмен қараған күйі сазарып отырып қалды... Сол күні кешқұрым ондық керосин шамның жарығында әкемнің айтып отыруымен мен жауап хат жаздым. Әрнәрсені сөз ете келіп, ауылға бірнеше неміс семьясының көшіп келгенін және олардың өзі соғысып жүрген немістердей емес өзіміздің совет адамдары екенін, ал біз хатты көбінесе түнде кешірек жазатынымызды, ол уақытта Димаштың ұйықтап қалатынын, оның ешқандай да еріншек еместігін, қайта пысық боп өсіп келе жатқанын айттық. Ілгеріде даналардың біреуі адамның жан жарасын емдеуге уақыт пен еңбек қана жарамды деген көрінеді ғой. Мен бұл шындықты ол кезде естімесем де асыға күткен көктем де келіп бүкіл ауыл өмірінің тамыры бүлкілдеп қоя бергенде тұңғыш рет түйсінгендей болдым. Бейбақ қарттар мен әйелдер және біз, балалар-бәріміз түрлі тірлікке жұмылдық. Біреулер егісте, екіншілері фермаларда, басқалары тағы бір шаруада. Колхоз ұстаханасында немістер іске кірісті. Шетінен шебер, іскер болады екен өздері. Әсіресе, Володя Штальбаум, қазақша Болатка. Сұңғақ бойлы, алып денелі көк көз сары жігіттің қолынан келмейтіні жоқ. Арбаны да, шөп шабатын машинаны да, соқаны да жөндейтін сол. Онымен қоса, қызылша қопарғышты да, қызылша аршитын арбиған үлкен пышақты да жасайды. Тіпті, тесілген, сынған ыдыстарды да бүтіндейді. Және ешкімнің өтінішін жерде қалдырмайды. Мектепте оқу жиі тоқтайды. Бізді қызылшаны жекелеп сиретуге, арамшөпті отауға жібереді. Ал жазда қырманда астық тазалаймыз. Қызыл дән арбаға, бірен-саран автомашинаға тиеліп, Ақшолақ станциясына тоқтаусыз жөнелтіліп жатты. «Бәрі майданға! Бәрі жеңіс үшін!» деген ұраны бар қызыл маталар әр жерден-ақ көзге түсетін. Ол жазулар менің пайымым емес, ондай әлі қалыптаса қоймаған кезім ғой, сезінуім бойынша үлкен кісілер Отан деп атайтын өте үлкен алыптың да басына түскен қаһарлы да қатерлі мезгілдің бірден-бір талабымен қоса мүлтіксіз орындалуға тиіс әмірін де білдіретіндей еді. Содан да жұрттың бәрі оның құдіретті де сиқырдай еліктіре тартатын, жұдырықтай жұмылдырар құпия қуатына құлдық ұра мойынсұнған секілді. Мұндай ауанды түсінбесем де түйсінетін мен балалығыма бағып қиялданып та кететінмін: «Шіркін, Әли аға біз жіберген бидайдан пісірілген наннан ауыз тиер ме еді!.. Бірақ, бірақ... ол дәнге Димаштың титімтей қолдары тимеді ғой...» Адам бәріне де, оның ішінде қайғы-қасіретке де бірте-бірте еті үйреніп көндіге ме деймін. Әлде әкем бәрімізге басу ретінде жиі ауызға алатын «Болған іске болаттай бол» деген сөздің санаға сіңе келе еткен әсері ме, әйтеуір қам-қапаның кенеттен көңілде пайда бола кететін ауыр толқынына ағысы қарсы тағы бір ақжал толқын тулап шығып, алғашқысының алапатын әлсірете ме деймін. Осындай бір күйге мен ғана емес, жылап-сықтауы сирексіген анам мен Әлипа да түсе бастаған тәрізді... Күз келді. Біздің өлкеде әр түспен алаулай, бұрқырай құлпыратын жаздан соң сан алуан бояулардың жуаси жұмсаратын кезі. Өсімдік атаулы сарғая алтынданып, кейбірі тіпті қошқыл қоңыр реңк тауып жұпыны қалыпқа көшеді. Табиғаттағы мұндай жайбарақаттықтың есесіне жиын-теріннің, әсіресе, қызылша плантациясында қатты қарбалас басталады. Оны қыздыратын негізінен шешелеріміз бен жеңгелеріміз, әпкелеріміз... Міне, олар түс кезінде жарты сағатқа болса да үйді-үйлерінде ас-су ішіп, жас балаларын көріп шығу үшін жүк машинасының қорабына тола мініп, ауылдың басты көшесі – Совет көшесімен ағызып келеді. Бәрінің алдында біздің Әлипа. Ақ көйлек, қара кеудеше киген, тоқпақтай қара бұрым беліне түскен сұңғақ тұлғасы тым толық та, онша ашаң да емес, сәл күн шалған ақ жүзді ол құшақтаса тұрған, араларында жесір қалғандары да бар келіншектердің барлығынан сұлу да көрнекті. Бәрі қосылып айтып келе жатқан әнді бастаушы да Әлипа сияқты. Ал әнді кім шығарғанын мен қайдан білейін, әйтеуір шын жүректен шыққан, сондықтан да кімнің де болса жан дүниесін тереңнен қозғай тербейтін әсерлі. Әсіресе, ішкі күйіктің сыртқа шыққан лебіндей есіле естілетін қайырмасы: – Е-ей, күйгенім-ай!.. Есен-аман жүрмісің сүйгенім-ай!.. Маған солай ма, әйтеуір, басқа дауыстар арасынан биік әрі өзіндік бір беймәлім бояуы бар Әлипа даусы әнге ерекше, ет-бауырды елжіретер құдірет бітіретіндей. Жалпы, ол әнді сирек айтатын. Тек бір-екі мәрте өң жастар жиылған сауық кештерде Әли ағамен қосылып айтқанын естігенім бар. Бұл бұрынырақта ғой. Ал кейінгі кездерде бөлмесінде оңаша қайғылы бір әуенді тұншыға, құмыға ыңылдайтындай көрінді. Ондайда жылап та отыратын сияқтанған... Жылайтын Әлипа ғана ма. Радио мен газеттер біздің әскерлер ана қаланы, мына қаланы босатты, жауды қырып жатыр деп хабарлайтынына қарамастан келетін «қара қағаздар» тиылған жоқ. Жараланып қайтушылар да жиіледі. Солардың бірі болып, 44-ші жылдың басында Сағит, ауылдағы үлкен-кішінің бәрі тегіс қойған аты – «маңқа Сағит» оралды. Шынында да бойы мәстек, мұрны пұшықтау, жыртиған көзінде үнемі сасық қулық секілді бірдеңелер жылт-жылт ететін ол жаман маңқылдайтын. Одан бір жағымсыз иіс те шығып тұрады десетін жұрт. Сонысына қарамастан әйелі Тұрсынкүл көрер көзге сүп-сүйкімді. Менімен жасты баласы – Бейсенбай, бақытына қарай, анасына тартыпты. Маңқа Сағит жарымжан боп қайтқан Мәдібай, Нұртай ағалар, басқа да бірсыпыра майдангерлер сияқты емес, солдаттікі деуге келмейтін жып-жылтыр хром етік кигізілген екі аяғының солын аздап сылтитыны, басы имиген, ұшында ауылкеңестің жап-жалпақ мөріндей дөңгелек резинасы бар кішкене таяққа сәл-пәл салмақ түсіретіні болмаса сап-сау дерлік. Гимнастеркасының омырауындағы «За оборону Кавказа» дейтін жазуы бар жалғыз медальға ол түсіп қалмады ма дегендей жыртиған көз жиі қаранатынына қарағанда онысын мақтан тұтатын көрінеді. Ауылға келгеннен кейін екі-үш күннен соң бір жаққа жоғалып кетті. Қариялар тон пішті: е-е, бұл маңқаң коммунист, дәу де болса райкомға кетті бастықтық қызмет сұрауға... және де алмай қоймайды оны, көр де тұр, жасынан түртінек жертесер ғой бұл... «Тон» дұрыс пішіліпті. Аз күннен кейін он жеті жасар бригадир Шыңғысбай мезгілі жетпесе де әскерге алынды да орнына Сағит маңқа болды. Мұны естіген әкем қамшымен етігінің қонышын сарт ұрды да мысқылмен мырс етті: – «Ит жоқта шошқа үреді қораға!..» Көп ұзамай бұл сөзі расқа шықты. Күнде ертеңмен маңқаның маңқылы біресе ана, біресе мына ауланы басына көтеріп жатты. Және де бір қызығы – ол маңқыл кейде иттің тұншыға үргеніне, кейде шошқаның буаз мегежінінің қорсылына өте ұқсап кетеді. Адаммен сөйлесуі де бір басқа, адамша емес. Сыйлау деген жоқ, көбіне өзі-өзіне көпшік қойып, басқаны қорқыту, үркіту. Бірде мектепке жиналып жатып сондайдың куәсі болдым. Біздің үйдің нақ алдында жақыннан бері жесір атанған, екі кішкене баласы бар Айымкүл жеңеше көрші тұратын. Жасы отыздан асып қалған ірі денелі, қатқылдау қоңыр өңді ол ойындағысын бүкпелемей батыл айтып тастайтын, бірақ турашыл еді. Сонысынан талайлар қаймығатын да. Күйеуі Қыдырбай ау