«Пионерліктер» патентке ие болды
«Пионерліктер» патентке ие болды
Астанадан қуанышты хабар жетті. «Пионер» асыл тұқымды қой зауыты» өндірістік кооперативі селекциялық жетістігі үшін патентке ие болыпты. Яғни, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары Э.Әзімованың қол қоюымен куәландырылған «Авторлық куәлік» (№2655) пен «Селекциялық жетістікке патент» куәлігі кооператив төрағасы Алпысбай Жұмахановқа, шаруашылықтың мал фермасының меңгерушісі Сейдуалы Қабыловқа, зоотехник Бақытжан Сейдахметовке табысталған. «Пионерліктер» осынау жоғары табысқа қалай қол жеткізді? Әрине, бұл жеңілге де түскен жоқ. Бір кездері Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін мал шаруашылығы да құлдырап, тігерге тұяқ қалмауға айналғандай еді. Әйтсе де аудандағы мал шаруашылығының бірі – «пионерліктердің» болашаққа деген үміті мен қимыл-қарекеті арқасында қой басы аман сақталып қалды. Одан бөлек, ел есін жиған сәтте мемлекет тарапынан ата кәсіпке қайта қолдау көрсетіліп, шаруа дөңгелеп сала берген-ді. Шаруашылық негізінен Оңтүстік қазақ меринос тұқымды қойларын өсірумен айналысады. Жеткен жетістіктері сол – осы меринос қойлары ішінен шөлдік сүлені шығарды. Биылғы жазда Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бір топ ғалымдары осында келіп арнайы зерттеу жұмысын жүргізгенде осынау іске оң бағасын берген-ді. Енді, міне, сол ғалымдардың зерттеу қорытындысына сәйкес Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі және Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басшылығының ұйғарымымен «пионерліктер» үлкен жетістікке қол жеткізіп, патентке ие болып отыр. Әлбетте, бұл істе 20 жылдан бері «пионерліктермен» бірге ғылыми жұмыс жүргізіп, қой қоңдылығына, жүн сапасына айрықша көңіл бөлген Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Жақсыбек Сәлімбаевтың еңбегі зор. Патент иегерлерінің қатарында сондай-ақ, Айбын Төреханов, Владимир Берус, Серік Оспанов сынды ғалымдар да бар. Сайып келгенде, «Пионердің» жетістігі – ауданымыздың да жетістігі. Тағы бір айта кетерлік жай, мұндай патент республика бойынша тұңғыш рет «пионерліктерге» беріліп отыр.
Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.
Жамбыл ауданы.