Құқық

Тұтынушы мәртебесін заң қорғайды

Тұтынушы мәртебесін заң қорғайды

Қоғам өміріндегі саудамен айналысатын кәсіпкерлік құрылымдар, жұмыс пен қызмет көрсету түрлері бойынша орындаушылар сатып алушылардың әртүрлі тауарлар мен қызметтерге деген қажеттіліктерін қамтамасыз етеді, сұранысын өтейді. Бірақ, нарықтық қарым-қатынастың қалыптасып орнығуы кезінде, нарықтың әртүрлі тауарлармен және қызмет түрлерімен молығуы сияқты жағымды құбылыстармен қатар, алдау, кем өлшеу, есептен жеу, сапасыз және бұрмаланған өнім сату секілді кері құбылыстардың да орын алатындығы мәлім. Сондықтан да әр тұтынушының өз құқығына нұқсан келтіретін жағымсыз құбылыстарға қарсы тұрып, өз мүддесін қорғай алуы үшін оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі және оның заңнамалық тұрғыда қорғалуы қажет. Міне, осы орайда тұтынушы ұғымы және тұтынушының құқықтық мәртебесі еліміздің «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңында жан-жақты дәйектелінген. Әрі онда тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздері, сондай-ақ тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың барысы барынша айқын көрсетілген. Аталған заң бойынша тұтынушы – өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тауарға, жұмысқа, көрсетілетін қызмет түрлеріне тапсырыс беру немесе иелену ниеті бар оларды иеленетін және пайдаланатын жеке тұлға болып табылады. Сол сияқты, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 12-бабының негізінде Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің азаматтары, сондай-ақ, азаматтығы жоқ адамдар да жеке тұлғалар болып ұғынылады. Сонымен қатар, жеке тұлға ұғымына оның құқық қабілеттілігі де кіреді. Еліміздің заңнамасы ел азаматы, шетелдік және азаматтығы жоқ тұлға ретінде де тұынушылардың құқықтарын тең дәрежеде қорғайды. Яғни жоғарыда аталған құқықтық нормалар тұтынушылардың құқықтық жағдайына және мәртебесіне қарамастан барлық жеке тұлғаларға бірдей қолданылады. Жалпы, кез-келген адам өмірге келген сәтінен бастап, жұмыс істеуі, оқуы, күн көрісі, тұрмысы және демалысы үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтердің түрлерін күнделікті сатып алуды тұтынуды дағдыға айналдыра отырып, өзінің біртіндеп тұтынушыға айналатындығын және өмірінің соңына дейін тұтынушы болып қала беретіндігін түсінуі шарт. Бұл ретте, оған қажетті затты оның өзі немесе ол үшін ата-анасы, туыстары, достары, таныстарының сатып алуының ешқандай да маңызы жоқ екендігін атап кеткен жөн. Сонымен қатар, тұтынушының жеке және отбасылық, тұрмыстық және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруымен байланысы жоқ өзге де қажеттіліктер үшін тауарларға, жұмыс ауқымына, қызмет түрлеріне тапсырыс беруге, сатып алуға ниет білдіре алатын не тапсырыс беретін, сатып алатын немесе пайдаланатын азамат болып табылатындығына да ерекше назар аудартқымыз келеді. Сондай-ақ, кез-келген тұтынушы тиісті сападағы азық-түлік түрлеріне жатпайтын тауарларға қатысты оның тауарлық түрін, тұтынушылық қасиеттерін, пломбаларын, заттаңбаларын, сол сияқты, тауарды иелену фактісін растайтын құжаттарды тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн аралығында сақтаса, дайындаушы оны айырбастап беруге немесе қайтарып алуға міндетті. Нақтылы кезеңде, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті шұғыл жүйе бойынша 8-800-080-90-18 телефоны арқылы қызмет көрсетуде. Кез-келген тұтынушының өз құқығы бұзылған жағдайда осы шұғыл жүйе телефонымен хабарласып, құқықтық кеңес немесе көмек алуына мүмкіндігі бар.

Байқадам Дүйсенбаев, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы.