Әлеумет

Маңғаз даланы малға толтырған

Маңғаз даланы малға толтырған

сканирование0015+++++Қазақ жерінің қай өңірін алсаңыз да төрт түліктен кенде емес. Соның ішінде жайлауы жазық, шөбі шүйгін Мойынқұм даласы шаруаға өте қолайлы жер. Асан қайғы бабамыздың жер аралап жүріп: «Ей, Мойынқұм! Құмдарың бұйрат-бұйрат таудай екен, құлының тайдай екен, тайың айғырдай екен, жеті жыл қатарынан жұт болса да, тұяқты мал қалса, сенің бауырыңда қалады екен!» – деп берген сипатының сәні де мәні де бөлек. Жері байтақ, елі дархан Мойынқұм айтулы ерлердің талайының тұсауын кескен жер.

Бұл байтақ өңірді малға толтырған «Малшылардың маршалы» атанған Жазылбектей ел ағаларының еңбегі ерен. Солардың бірі және бірегейі – Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Айтжан Көпбергенов ақсақалдың үйіне ат басын бұрған едік. Үй ішіне кіріп, төрге оза бере оң жақтағы бөлмеде орта бойлы, бидай өңді, қырма сақал ақсақалдың көгілдір экран алдында малдас құрып отырғанын көрдік. Бұл – Айтжан Көпбергеновтің нақ өзі еді. 1940 жылы бұрынғы Фурмановка, қазіргі Мойынқұм ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген ол алғашқы еңбек жолын 1958 жылы Фурманов атындағы қой совхозында аға шопан болып бастайды. Содан бері үзіліссіз қырық жыл бойы 1997 жылы өндірістік кооператив тарағанша жұмыс жасап, зейнетке шығады. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Жаз атаның отыз жыл ішінде отарынан 18 мыңдай қозы өргізіп, орта есеппен әр жүз саулықтан 144-тен қозы алып, әр қойдан 4,8 килодан жүн қырыққан қыруар еңбегі ел есінде. Айтжан ақсақал да дәл Жаз атадай болмағанымен, оған ұқсап бақты, бұл салада терін тамшылата төкті. Мәселен, 1968-1969, 1993-1994 жылдардағы қатты қыста отарынан бір бас та шығын шығарған жоқ. 1969 жылы 800 бас бойдақ малдың әрбірін 69,5 килограмм таза салмақта етке өткізіп, республика бойынша 1-ші орыннан көрінгені бар. 1977-1997 жыл аралығында әр жүз саулықтан 130-200-ге дейін қозы алып, аудан, облыста алдына жан салмай, Жаз атаның ерлігін қайталағаны көпшіліктің есінде.Сондай-ақ, танымал шопан бірнеше рет ауылдық, аудандық Кеңестің депутаты болып та сайланды. Айтжан ата жоқты бар, барды жоқ демей-ақ мақтауға әбден лайық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ол кісінің жеткен жетістіктері кейінгі буынға үлгі етуге тұрарлықтай. Бұрынғы аға шопан, қазіргі ата шопанның ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені мен Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесі күміс медалінің екі дүркін иегері, республикалық «Ауыл шаруашылығының озаты», «Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы» деген ауыз толтырып айтарлық атақ, дәрежелері баршылық. Бұдан да басқа бірнеше медальмен және заттай бағалы сыйлықтармен, грамоталарымен марапатталған. Әсіресе, ата шопанның 1986 жылы еңбек озаты ретінде облыс делегациясы құрамында тәжірибе алмасу мақсатымен Монғолияның Қобда аймағына барғанын біреу білсе, біреу білмейді. Екі ел арасындағы достық пен бауырластықты нығайтуға қадери-халінше атсалысқан Айтжан ақсақал сол жолы Қобда аймағының аға шопаны Баттулга Лувсаншаравпен өзара социалистік жарысқа түсіп, өндірістік ұжымдардың бір-бірімен еңбек байланысын одан әрі арттыру жөнінде келісім жасасып қайтып еді. Бұл сапарды аз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Десек те бұл сапар Айтжан ақсақалдың қолынан тек мал бағу ғана емес, ел ісіне араласып, татулық пен келісім жөнінде бітім жасаса алатын, тағы бір қырын айқындауымен де құнды болды. Бүгінде шопан ата туралы ел ішінде: «Мал бақсаң, Айтжандай бақ» деген нақыл сөз тараған. Шынында да ол ұзақ жылдар бойы облыс көлемінде төл алуда алдына жан салмады. Айтжан ақсақалды аудан жұртшылығы «еңбек батыры» деп те атайды. Мал бағудың қыры мен сыры, мал басын көбейту жолдары қандай деген сауалдармен шопан атаға алдына барып, ақыл-кеңес сұрайтын жас малшылардың да қатары әлі күнге селдіреген емес. Бірде солардың бірі: «Біраз малым бар, бағудай бағып келем. Бірақ басын көбейте алар емеспін. Не істесем болады?» деп сұрапты. Сонда қарт малшы: «Мал қоңы жақсаруы үшін жемшөп жеткілікті, қора-жай жылыланған болуы керек. Іші өскен малға ерекше күтім жаса, балаға ас шайнап бергендей, тіпті қолыңнан келіп жатса, шөпті де майдалап турап бер. Туралған шөп жұғымды келеді әрі кәшек қалмайды», – деп бір-ақ ауыз сөзбен жауап беріпті. Арада бір жыл өткеннен кейін әлгі жас шопан: «Айтқаныңызды түгел орындадым, нәтижесінде малымның басын екі есеге көбейттім», – деп қуанышы қойнына сыймай, алғысын айтып алдына келген. Сонда атамыз: «Мен сенің жасыңда 600 қойды жалғыз қауға шелекпен қолдан суғарғанмын», – деп әлгі сарыауыз баланы одан әрмен айран-асыр қалдырған екен. Мұны да ақсақалдың өз аузынан естіген едік. Еңбектің қадірі, еңбектің өнегесі дегеніміз, сірә, осы болар. «Кез-келген адам көп іс тындырумен қатар қателіктер де жіберіп жатады. Білгенімді білгісі келетін жастар болса, жол сілтеуден аянбаймын», – дейді қария. Ауданның Құрметті азаматы атану – оңай шаруа емес. Ол үшін аянбай тер төгу керектігі хақ. Айтжан Көпбергеновтің: «Бір жылдық жұмысым – мың жылдық жемісім» деген әдемі сөзі жұмысқа енжар қарайтын адамдарға бағдаршам іспетті. Қысқасы, аудан халқы шопан атаны маңдайдан тамған тері көп, ерен тұлға деп таниды. Тіпті ақсақалға деген құрмет көрсетіп, жыр жолдарын шашу еткен ақындар да жоқ емес. Аудандық, облыстық Құрмет тақтасына суреті ілінген, еңбекпен есейген Айтекең бұл күнде 13 баласынан 40 немере, 3 шөбере сүйіп, әдемі қариялық кезеңін бастан өткеруде. «Қасқа айғырдан қасқа тумаса да, төбел туады» дегендей, шопан ата шаңырағынан атақты шопан шықпаса да, жұмысқа икемі мол, еңбекті жаны сүйетін ұл-қыздары баршылық. Ал «Маңғаз даланы малға толтырған» кейіпкеріміздің орындалмаған арман-мақсаты болса, оны бүгінгі жас шопандар жүзеге асырады деп сенеміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы барша жұртты ел игілігі жолында аянбай еңбек етуге шақырады. Елбасы осылай адал еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын ұдайы алға тартумен келеді. Шынында да күрекпен шеге қағуға болмайтыны сияқты, әр адам әр құралды өз орнымен пайдаланып, өз ісінің шебері бола білсе, мемлекетіміз дамып, 30 елдің қатарына кірер есіктің кілті қолымызға тез-ақ түсер еді. Сол үшін бүгінгі жас ұрпақ ақ, адал еңбек етсе, еңбектің қадірін білсе, бақыттың биігінен табылары анық деген ойдамыз.

Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.