Аграрлық сала өкілдері арасындағы аламан
Аграрлық сала өкілдері арасындағы аламан
Облыс орталығындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлері арасындағы спартакиаданы облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев ашып, көпшілікті Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күнімен құттықтады. Сондай-ақ, ол биыл облысымыздың аграрлық салада қол жеткізген табыстарына тоқталып, жарысқа қатысушы командалардың ойынына сәттілік тіледі. Спорттың шағын футбол, волейбол, жүгіру, шахмат, дойбы, арқан тарту секілді алты түрі бойынша өткізілген спартакиаданы облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды. Оған барлығы алты команда қатысты. Спартакиада барысында шағын футбол додасы бойынша облыстық ветеринарлық зертхана мекемесі сәтті ойын өрнегін көрсетіп, жеңімпаз атанды. Команда құрамындағы Біржан Өсенов, Самат Қибатов секілді шабуылшы жігіттердің нәтижелі ойнап, қарсыластар қақпасын бірнеше мәрте дәл көздегендерін айта кеткен жөн. Екінші орын облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының футболшы жігіттеріне бұйырса, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының құрамасы жүлделі үшінші орыннан көрінді. Сондай-ақ, аграрлық сала қызметкерлері арасында волейбол ойыны да өте тартысты өтті. Бұл спорттық бәсекеде облыстық ветеринарлық инспекция құрамасы облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының құрамасын және облыстық аумақтық инспекция волейболшыларын бірдей есеппен (2:0) ұтып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал эстафеталық жүгіру жарысы бойынша облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының намысын қорғаған Ислам Меңлібаев мәре сызығын бірінші қиып, жеңімпаз атанды. Облыстық аумақтық инспекциясының қызметкері Төрегелді Сүйіндіков екінші жүлдені иеленсе, облыстық ветеринарлық зертхана мекемесінің қызметкері Олжас Әзімбек үздік үштікті түйіндеді. Арқан тарту бәсекесінде де облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жақсы нәтиже көрсетті. Шахмат және дойбы ойындары да тартысты өтті. Спартакиаданың бас төрешісі Ғани Қарқынбаев жарыс барысына сараптама жасады. Командалық есепте облыстық ветеринарлық зертхана мекемесі бірінші орынды жеңіп алса, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді. Облыстық аумақтық инспекция үшінші орынға лайық деп танылды. Спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Тараз қаласы.