Назарбаев Астанадағы "Отан қорғаушылар" ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
Назарбаев Астанадағы "Отан қорғаушылар" ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Жеңістің 69 жылдығына орай Астанадағы "Отан қорғаушылар" ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Президент Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгер қазақстандықтарды бір сәт үнсіздікпен еске алды. Ресми рәсімнен кейін ҚР Республикалық үрмелі аспаптар оркестері еліміздің әнұранын орындады. Осыдан кейін Құрметті қарауыл ротасы ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің алдында салтанатпен сап түзеп жүріп өтті. Сондай-ақ, гүл шоқтарын қою рәсіміне Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ҚР Президенті әкімшілігінің, ҚР Үкіметінің, ҚР Парламентінің, Орталық мемлекеттік органдарының, дипломатиялық корпустардың өкілдері және қала жұртшылығы қатысты. Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 миллион 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы - қазақтар. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды. Соғыс ардагерлері жыл өткен сайын арамыздан азайып барады. Бүгінде Қазақстанда 6 мың 700-ге жуық Ұлы Отан соғысының ардагерлері бар.
Ақпарат көзі: www.nur.kz