Отандық экономист: ЕАЭО елдері ортақ валютаны КСРО-ға қайтып оралу ретінде қабылдайды
Отандық экономист: ЕАЭО елдері ортақ валютаны КСРО-ға қайтып оралу ретінде қабылдайды
Танымал отандық экономист ортақ валютаны құру Қазақстанмен қоса, Ресейге де тиімсіз деп санайды. Ол ЕАЭО елдері ортақ валютаны КСРО-ға қайтып оралу ретінде қабылдап, қарсылық білдіруі Ресейге кері әсер етеді деген ойын ортаға салды.
Жақында Ресейдің Мемлекеттік Дума өкілі Леонид Слуцкий ЕАЭО елдері арасында ортақ валюта – евразды енгізу жұмыстары басталып кеткенін мәлімдеген болатын. Алайда президенттің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев пен Ұлттық банк жедел түрде бұл ақпаратты жоққа шығарған. Отандық экономист Олжас Құдайбергенов бірден екі ресми орган өкілдерінің мәлімдеме жасауы бекерден емес деген пікірде.
“Мұндай мәлімдемелер қоғамды дүрліктіріп, тұрақты түрде шығып тұрады. Алайда бұрындары тек вице-министр, төраға орынбасарлары деңгейінде ғана жауап қайтарылып келсе, осы жолы бірден екі ресми орган мәлімедеме жасады. Бұл басшылықтың ұстанымын ашық көрсетті. Ортақ валюта құру мәселесі тек 2025 жылдан бастап қана қарастырылуы мүмкін”, – деп жазады сарапшы өз Facebook парақшасында.
Құдайбергенов ортақ валютаның Қазақстанға еш пайдасы жоқтығына сенімді.
“Ортақ валютаны енгізу Қазақстан үшін ешқандай пайда әкелмейді. Бұл тәуелсіз қаржылық-несиелік, валюталық саясатты жойып қана қоймай, саяси интеграцияға да әсер етеді”, – деп жалғастырды экономист.
Сарапшы ортақ валютадан Ресей де пайда көрмейтінін алға тартты.
“Ресей үшін де еш пайда жоқ. Біріншіден ортақ валюта 90%-ға рубльды қайталап отырады. Сол себепті ол да мұнай бағасына тәуелді болады. Екіншіден, ортақ валюта да ауыстырылған өзге валюталар сияқты айырбасталымсыз болады. Үшіншіден, еуро жобасы ортақ валюта құру қадамының тиімсіз екенін байқатты. Сондықтан ортақ валюта жобасы бізде де тиімсіз болмақ. Төртіншіден, ортақ валюта экономикалық өктемдік жүргізу үшін енгізілетін болса, бұл да дұрыс қадам болмайды. Мұндай ескірген әдісті тек 20-шы ғасырда ғана пайдалануға болар еді. Бесіншіден, ортақ валютаны енгізу жобасы ЕАЭО-ның кішігірім елдері арасында КСРО-ға қайтып оралу ретінде қабылданатын болады. Мұндай саяси интеграцияны ресейлік шененуіктер жоққа шығарса да халық оған сене қоймайды. Нәтижесінде өте жоғары деңгейде негатив туындап, оның барлығы ортақ валютаны енгізуді ұсынған Ресейге қарсы бағытталатын болады”, – дейді Құдайбергенов.
Экономист ресейлік элитаның бұл идеяға қызығушылғы бәсеңдейді деген үмітте.
“Ресейлік элитаның бұл идеяға қызығушылығы біртіндеп жойылады деген үміттемін. Себебі интеграцияның қазіргі форматы ЕАЭО елдері арасында әлдеқайда тиімді және ыңғайлы қарым-қатынасқа жағдай жасап отыр”, – дейді сарапшы.
Еске салсақ, жақында қазақстандық депутаттар Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта енгізу ұсынысына қарсы шыққан болатын.