Әлеумет

Құйрықты жұлдыздай қысқа ғұмыр

Құйрықты жұлдыздай қысқа ғұмыр

тараз тұрғындары «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовты еске алды

Елі үшін жанын қиған ерлерді халқы ұмытпайды. Төрт жыл бұрын лаңкестік пиғылдағы қылмыскердің қолынан опат болған полиция капитаны Ғазиз Байтасов және қандықол қарақшы қолынан қаза тапқан Полат Аянқұлов пен Жақсылық Байсейітовтің ерлігі ел есінде. Сол бір жантүршігерлік оқиға орын алған қаралы күнде ерлікпен көз жұмған ерлерді еске алу үшін Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткіші алдына жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды.

Ескерткішке гүл қою рәсімінен кейін көпшілік қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Митингіде сөз алған облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Б.Аймағамбетов: «Мұндай батыл қадамға шешуші сәтте өз өмірінен ел тыныштығын биік қоятын азаматтар ғана бара алады. Отан өзінің патриот ұлдарын ешқашан ұмытпайды. Ал халық оларды және олар жасаған ерлікті мәңгілік жадында ұстайды. Біз еске алып отырған қаһарман ұлдар Отан алдындағы қызмет етудің нағыз үлгісін көрсетті», – деді. Митингіде Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Тәжиева мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірінші курс студенті Виктория Трегубов сөз сөйледі. – Халықтың өр рухты ұлдарын әріптестері де мақтанышпен еске алады. Қылмыскерді құрықтау барысында қаза болған Ғазиз Байтасов менің взводымның командирі болған. Өжет, намысшыл ашық-жарқын мінезді еді. Қоғамдық тәртіпті табандылықпен, жанқиярлықпен күзетіп, өздерінің антқа адалдығын дәлелдеп кеткен полиция қызметкерлерінің есімі Қазақстан Республикасының Ішкі істер тарихында мәңгілік сақталатын болады, – деді Тараз қалалық ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы, аға лейтенант Самат Алашев. Бұдан кейін Б.Момышұлы атындағы Атшабарда жастар авиация орталығы патриоттық акция ұйымдастырды. Орталық директоры Анатолий Кислов орталық курсанттары әуе әскери күштері академиясы мен Алматы азаматтық авиация академиясына лайық үміткер екенін, сондықтан олар сынақ ретінде Ғ.Байтасовтың рухын құрметтеп, пароплан және парашютпен секіруге бел буғанын бірақ, ауа райының қолайсыздығына байланысты ол мүмкін болмайтынын айтты. Дегенмен, курсанттар қашықтыққа жүгіру, бокс және өзге де әскери ұрыс түрлерінің әдіс-тәсілдерін көрсетті. – Жыл сайын күз мезгілінде курсанттар белгілі бір талап бойынша осылай сынақтан өтеді. Бүгінгі шара «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың құрметіне арналады, – дейді Жастар авиациясы орталығының парашют және пароплан дайындығының инструкторы Эльмира Усенова.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».