Экономика

Өңдірісі өркендеген өңір Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев іссапармен шалғайдағы ауданда болды

Өңдірісі өркендеген өңір Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев іссапармен шалғайдағы ауданда болды

IMG_8498 IMG_8465Қазақтың ұлан-ғайыр ұлы даласының әр өңірінің өзіндік орны, өз ерекшелігі бар. Соның бірі – Мойынқұм. ол – Қазақтың бақ-береке дарыған қасиетті де құтты жері. Облыс аумағының 42 пайызын алып жатқан, бір қиыры Бетпақтың белімен, бір шеті Балқаш көлімен  шектесетін, Мойынқұм құмы, Шу аңғары, Хантау, Жамбыл, Байғара таулары өңіріне орналасқан осы ауданды молшылық мекені десек қателеспейміз. Ауданға арнайы іссапармен ат басын бұрған аймақ басшысы Кәрім Нәсбекұлының өңір туралы ойлары да осы мазмұнда өрбіді.

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Мойынқұм ауданындағы іссапарын Мыңарал балық зауытының жұмысымен танысудан бастады. Бір жыл бұрын өзі ашылу салтанатына қатысқан зауыттың өңір өнеркәсібін өрістетудегі мән-маңызын айрықша сөз еткен өңір басшысы зауыттың қазіргі таңда атқарып отырған жұмыс жүйесімен танысты. Сонау, 1995 жылдары жұмысы тоқтап қалған балық өңдеу зауыты аумағы кеңейіп, қайта іске қосылғаны жергілікті тұрғындарды қатты қуантқан еді. Олай дейтініміз, бүгінде мұнда елуге тарта адам жұмыс жасаса, оның жартысынан астамын жергілікті тұрғындар құрайды. Олардың жалақылары 60-100 мың теңге көлемінде. Бұл туралы «Мыңарал компаниясы» ЖШС директоры Сергей Ни мәлімдеді.

Зауыт технологы Қайрат Байсалбаевтың айтуынша, мұнда тәулігіне бір тоннаға тарта балық өнімдері әзірленеді екен. – Бізде балық қабылдау, сыртын және ішкі құрылысын тазалау, дайын өнімді буып-түйетін, мұздатып сақтауға арналған цехтар жұмыс жасайды. Балық етінен филе, қалбырланған өнім, тартылған ет, бұқтырылған балық еті секілді өнімдер шығарудамыз. Айта кету керек, біз қалдықсыз технологиямен жұмыс істейтін кәсіпорынбыз. Қалдықтар мен балық сүйектерінен ұн шығару цехтары да іске қосылған. Ресей, Түркия, Қытай елдерінен алғызған құрал-жабдықтар бізге кедергісіз жұмыс жасауға зор мүмкіндік беріп отыр, – дейді ол. Кәрім Нәсбекұлы жоба құны 600 миллион теңгені құрайтын зауыттың жылына 1,5 мың тонна өнім өндіретініне назар аударып, серіктестік басшысынан белгіленген межені еңсеруге не кедергі болып отырғанын сұрады. – Өзіңіздің ықпалыңызбен зауытқа күре жол тартылып, электр қуаты жеткілікті деңгейде қамтылған. Рас, біз жоба қуаттылығын толық жүзеге асыруға қауқарымыз жетеді. Бірақ, Балқаш көліндегі бізге балық аулауға тиесілі айдын аумағы тарлық етуде. Осы мәселені шешіп беруге көмектессеңіз, біз жұмысшылар санын екі есеге арттырып, екі ауысымда жұмыс жасауға көшер едік, – деді Сергей Ни мәселенің мән-жайын түсіндіріп. Облыс басшысы бұл мәселені Ауыл шаруашылық министрлігінің Су ресурстар жөніндегі комитеті арқылы шешіп беруге тырысатынын жеткізді. Бұдан кейін Кәрім Нәсбекұлы «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» ЖШС-ның жұмысымен танысты. 2011 жылы іске қосылған кәсіпорынның жоба құны 34,9 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 1200 мың тонна цемент өндіре алады. Қазіргі таңда зауытта бес жүзге тарта жұмысшы еңбек етуде. Олардың 70 пайызы – жергілікті, яғни кәсіпорын төңірегіндегі елді мекендердің тұрғындары. Серіктестіктің атқарушы директоры Мұртаза Бұлұтай зауыт он айдың өзінде 1258,8 мың тонна өнім шығарғанын айтады. Кәрім Нәсбекұлы дағдарыс қыспаққа алған кезеңде жұмысшыларын қысқартпай, жоба қуаттылығынан асыра өнім өндіріп жатқан кәсіпорынның жұмысына риза екенін жасырмады. Өңір басшысы Шығанақ ауылындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өткен жылы ғана ашылған мекеменің бүгінгі жай-күйінен хабардар болды. Орталық жетекшісі Теміртас Жүнісов мекемеде сегіз адам қызмет етіп жатқанын айтты. Тұрғындарға 155 түрлі қызмет бойынша көмек көрсететінін жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, орталық мекен-жай анықтамасы, зейнетақы түсімі, соттылығы, заңды тұлғалардың тіркелуі, жұмыссыздығы туралы және электронды қолтаңба беру қызметтері бойынша осы жылдың айында орталық мамандары 2339 адамға қызмет көрсетіп үлгерген. Облыстық ХҚО-ның басшысы Данияр Медетбеков аталмыш орталықта жергілікті тұрғындарға көші-қон қызметін көрсету мақсатында полиция қызметкері штаттық бірлігін шешу қажеттігін қозғады. Бұл мәселені мүмкіндігінше уақыт оздырмай шешуді Кәрім Көкірекбаев облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасының басшысы Мұхтар Салжановқа тапсырып, аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдық округтердің тұрғындарына тиімді қызмет көрсетіп отырған орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Осыдан кейін аймақ басшысы Хантау цемент зауытына ат басын бұрып, жобалық құны 8,3 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорынның қызу әрі өнімді жұмыс барысына ризашылық бідірді. Кәсіпорын басшылары облыс әкіміне зауыттың өнімі былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда артқаның мақтанышпен жеткізді. Айталық, кәсіпорын өткен жылы 8 мың тонна цемент өндірсе, бұл көрсеткіш ағымдағы жылдың он айының өзінде 131,7 мың тоннаны құрап отыр екен. Өнім көлемінің бұлай еселеп артуының бір себебі – кәсіпорынның биыл толық қуатында істеуінен. Жыл соңына дейін өнім көлемін 220 мың тонна цементке, келер жылы 450-500 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. – Цемент – қашанда cұраныстан түспейтін өнім. Біз әлі күнге өз облысымыздың бұл өнімге деген қажеттілігін өтей алмай отырмыз. Қанша дағдарыстың салқыны сезілсе де, өңірімізде жүргізіліп жатқан құрылыстар жетерлік. Осы жолда аянбай еңбек етіп, өнім көлемін еселеп арттырып отырған сіздердің жұмыстарыңызға баяндылық тілеймін, – деген К.Нәсбекұлы аталмыш кәсіпорында 320 жұмысшы қызмет атқаратынын, олардың дені жергілікті тұрғындар екенін білді. Облыс әкімінің аудандағы іссапары аудан әкімдігіндегі актив жиналысымен қорытындыланды. Жиында Кәрім Нәсбекұлы өңірдің өндірістік әлеуетіне баса тоқталды. – Өздеріңізге белгілі, кейінгі жылдары Мойынқұм ауданында көптеген игі істер атқарылуда. Соның бір айғағы – Мыңарал балық өңдеу зауыты, Жамбыл цемент өндіру, Хантау цемент зауыттарының ашылып, жұмыстарының жандана бастағаны. Мен бүгін бұл кәсіпорындардың жұмысымен жан-жақты таныстым, көңілім толды. Өнім көлемі едәуір артып келе жатқаны қуантады. «Алтыналмас АК» АҚ Ақбақай филиалының да өнім көлемі кеңестік кездегі межеден асып жығылғалы отыр. Биыл он айдың ішінде 900 киллограм өнім өндірген кәсіпорын жыл аяғына дейін оның көлемін бір тоннадан асырмақшы. Мұнда 1000 адам жұмыс істесе, оның жартысынан астамы аудан тұрғындары екен. Жаңа жұмыс орындарымен қамтылып жатқан жергілікті тұрғындар екенін ескермеуге болмайды. Әлемдік дағдарыстың салқыны біздің елімізде де сезілуде. Десек те ірі кәсіпорындар арқылы аудан халқы жұмыспен қамтылып жатқаны мені қуантады. Әлбетте, осының бәрі – Елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі. Ағымдағы жылы пайдалануға берілген Спорт кешені де аудан тұрғындарының игілігіне жарап тұр. Онда 241 бала спорттың жеті түрі бойынша жаттығып, шынығуда. «Қияқты-Мирный» арасындағы жол құрылысы да бітуге таяу, Бірлік пен Ұланбел арасындағы жол мәселесі де өз шешімін тапты. Осының бәрі аудан халқының игілігі үшін атқарылып жатыр, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Мойынқұм ауданы тек өндіріске ғана емес, ауыл шаруашылығына да қолайлы өңір екенін алға тартқан Кәрім Көкірекбаев аудандағы шаруа қожалықтардың тамшылатып суару технологиясын жүзеге асыруға деген құлшыныстарының төмендігін, «Құлан» бағдарламасы бойынша бір де бір бас жылқы сатып алынбағанын сынға алды. Биыл ғана пайдалануға берілген Радай өзегіндегі келеңсіз жайт та, рұқсатсыз шабылып, тоналып жатқан сексеуіл ағашының мәселесі де, ауыл арасындағы жол жиектерінің тазалығы да назардан тыс қалған жоқ. Басқа да салалар бойынша аудандық бөлім басшыларынан жауаптар алынып, аудан әкімі Бақытжан Нұркеновке және облыс әкімдігінің бірқатар басқарма басшыларына тапсырмалар жүктелді.

Жанғазы Ахмет,  «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Мойынқұм ауданы.