Әдебиет

Жылағым кеп тұрады...

Жылағым кеп тұрады...

Жатын бөлме. Жазу үстел. Асханам-ай, Өзіңсіз шашылған бұл баспанам қай?.. Жаңа көрген адамдай төбемде анау, Қарайды ғой өзінше аспан ағай. Сұп-сұр боп отырысың енді мынау, Сұп-суық боп кетіпсің Астанадай! Көктем жақтан кеттің бе, қыста қалып, Жылы жаққа құстардың ұшқаны анық. Кірпігімді мөп-мөлдір тұсқа малып, Мен соңыңнан барғанмын құс та қанық. Мынау сендік болатын деп жүгіргем Жүрегімді қолыма ұстап алып. Сен сонда қарамадың, танымадың, Ақынға атар күннің таңы мәлім. Маңдайымдай мынау бір табы қалың, Әлі күнге иесіз жүрегімді, Әркімге бір ұсынып жаңыламын. Күйіп кетіп отырмын, күйіп кетіп, Несіне алғам сені сүйікті етіп. Көзіме мұң жұғады, күйік бекіп, Жүрегімді аласа ұстайын ба, Сағыныштан санамды биіктетіп. Көгермей көңілімнің көп құрағы, Жанардан жылы ағын кеп құлады. Көзіме – түн. Көңілге – кек тұнады. Жаңбыр жауды. Білемін... сені ойладым, Сені ойласам жылағым кеп тұрады... Сені ойласам жылағым кеп тұрады.