Білім

Жас, сұлу, ақылды...

Жас, сұлу, ақылды...

Біз сөз еткелі отырған кейіпкерлер әлемнің ең мықты деген оқу орындарында білім алады, ғылыми жаңалықтар ашып, мобильді қосымшалар ойлап тауып, бағдарлама жасаудан дәріс береді. Бір сөзбен айтқанда, инновациялық жаңалықтарды жасап жатқандар – осы жас, сұлу әрі ақылды арулар.  «Маздақтың» алдыңғы жарияланымында жас әрі ақылды жігіттер туралы мәліметтерді назарларыңызға ұсынған болатынбыз. Ендеше, еліміздің мақтанышы саналатын жастары әлі отызға толмаса да, табыстары толайым нәзік жандылармен таныс болыңыздар.

Дамель Мектепбаева, 27 жаста

Дамель венерологиялық ауруларды анықтайтын HOOPE инновациялық жобасының авторы. Ол NASA-ның арнайы грантын жеңіп алған. Индиана университетіне қарасты биотехнология департаментінің (АҚШ) ең үздік бітірушілерінің бірі. Эколь Супериор университетінде (Франция) биотехнология магистрі атағын иеленген.

Юлия Сафарова, 25 жаста

Жаңа Зеландиядағы Окленда университетінде биомедицина саласында білім алып, бакалавр дәрежесін алған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде магистр, ал Назарбаев Университетінен PhD доктор дәрежесін иеленген. Бүгінде Назарбаев Университеті базасындағы биоинженерия және регенеративті медицина ғылыми-зерттеу орталығында кіші ғылыми қызметкер. Юлия білім мен ғылымға қосқан үлесі үшін Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын иеленген.

Әйгерім Қоржымбаева, 26 жаста

АҚШ-тағы Стэнфорд университетінде бакалавр, Гарвард университетінде магистр дәрежесін иеленген. Ол білім саласындағы инновациялық жобаларды зерттеумен айналысқан. Сондай-ақ, Қазақ-Британ техникалық университетінде және Ұлыбританиядағы Оксфордта, Массачусетс технологиялық университетінде білімін жетілдірген. Қазақ, орыс, түрік, ағылшын, араб, португал тілдерін меңгерген. Әйгерім еліміздегі білім саласына өз үлесін қосуды армандайды. Ол «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы жұмысы шеңберінде ғылыми еңбек жазып, educator.kz білім беру жобасымен айналысуда.

Дидара Пернебаева, 19 жаста

Назарбаев Университетінде «экономика» мамандығы бойынша білім алуда. Nottingham University-де білім алып, халықаралық бизнес-менеджментті зерделеген ол Kelin мобильді қосымшасының авторы болып табылады. Kelin – ол келіндерге көптеген кеңестер мен қажетті ақпараттар топтастырылған қосымша. Бүгінде оны 117 000-нан аса адам жүктеп алған. 2015 жылдың маусым айында ғана жасақталған жоба қазірдің өзінде үлкен сұранысқа ие.

Дина Мұқашева, 29 жаста

Ұлыбританияның Nottingham университетінде ақпараттық технология саласында білім алған. Балаларға арналған Love To Code бағдарлау курсын жасаушы. АҚШ-тағы мектеп оқушыларына дейін Apple Store-ге өздері ойлап тапқан ойындары мен бағдарламаларын жүктеу арқылы алғашқы ақшаларын тауып жатқанынан хабардар болып, неге бұл жобаны жасап көрмеске деген ойға келген. Сөйтіп, Scratch бағдарлау курсы арқылы балалар мен олардың ата-аналарына қажетті бағдарламаны ұйымдастырды.

Алена Ткаченко, 26 жаста

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Алена Procter&Gamble компаниясында жұмыс істеген кезінде Үндістандағы балаларға математика мен ағылшын тілінен сабақ берген. Google және Yandex-те Digital&eCommerce стратегиясын жасаумен айналысып, Мәскеудегі Британ жоғарғы дизайн мектебінде сабақ береді.

Ақерке Балғабекова, 27 жаста

Waterloo университетінің ақпараттық технологиялар факультетінің түлегі. Балаларға арналған Love To Code бағдарлау курсын жасаушылардың бірі. Бүгінде ол Алматы қаласында аталған бағдарламаны жетілдіру жолында еңбектенуде.