Мерейің тасысын, Мереке!
Мерейің тасысын, Мереке!
Бір қарағанда мектепті енді ғана бітіріп, болашақ мамандығын таңдау жолында жүрген жас түлек деп ойлайсың. Мерекені өзінің көптеген замандастарынан оза шауып, озық университетті тәмамдап келген жас маман дей алмайсың. Бәлкім, қазақ қыздарына тән сыпайылығы, биязылығы мен кішіпейілдігінен болар.
Бүгін біз сөз еткелі отырған Мереке Шаяхметова әріп танып, оқып-жаза алатын болған соң мектеп табалдырығын төрт жасында аттаған. Кейін Тараз қаласындағы «Айша бибі» атындағы қазақ-түрік қыздар лицейіне қабылданып, оны үздік тәмамдаған. Білімге құштар өрен лицейде оқып жүріп-ақ Таронтодағы жоғары оқу орнының грантын ұтып алады. Алайда, жасы жетпегендіктен оған виза берілмейді. Сөйтіп, бір жыл Қазақ ұлттық университетінде оқиды. Аталған оқу орнын тек бестік бағамен оқыған ол бір жылдан соң Англиядағы University of the west of England универсиетіне ауысады. Онда бизнес және менеджмент мамандығы бойынша үш жыл білім алады. Бұл оқу орнына оқуға қабылданудың өзі үлкен жетістік саналатынын ескерсек, Мерекенің білім жолына шын берілгенін байқауға болады. Таңның атысы мен күннің батысы сабақ оқудан қолы босай бермесе де, алыста жүріп елді сағынғанда бас қосатын қазақтардың ұйымына да жетекшілік етіпті. «Англияның Бристол қаласында небәрі 20 шақты ғана қазақ болдық. Алайда, бәріміз ұлттық мерекелеріміз бен арнайы басқосуларымызды ерекше күтіп, сол кездерде кездесіп, пікірлесіп тұратынбыз. Ондағы жергілікті халыққа қазақ деген ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын барынша насихаттауға тырысатынбыз», – дейді Мереке Дүйсенбекқызы. Ол бос уақытын тиімді пайдаланып, Англиядағы түрік компаниясында аудармашы болып та жұмыс істеген. Бірнеше тілді еркін меңгергеннің пайдасын сонда көріпті. Бүгінде шетелде білім алып, білігін арттырып елге келген Мерекенің арманы асқақ. Елордамыз Астанадағы «Үлкен төрттік» аталатын компанияға немесе министрлікке жұмысқа орналасып, шетелмен байланыс саласында еңбек етуді жоспарлайды. Сондай-ақ, еліміздегі іргелі оқу орны Назарбаев Университетінде мемлекеттік басқару бойынша магистратурада білім алуды ойлайды. Ендеше, білімге құштар қызға мерейің артсын дейміз!
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».