Жаңалықтар

Әлемдік мәдени және табиғи мұралардың қорғаушысы

Әлемдік мәдени және табиғи мұралардың қорғаушысы

ЮНЕСКО халықаралық ұйымы 1945 жылы 16 қарашада құрылды. Штаб-пәтері Францияның Париж қаласында орналасқан. Құрылғанына биыл 70 жыл толып отырған беделді ұйымның құрамына әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 67 бюро мен бөлімшелер кіреді. 1959 жылдан ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен Мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтіру бойынша Халықаралық комитет жұмыс істей бастады. 1972 жылы Әлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғау конвенциясы қабылданды. ЮНЕСКО-ға бүгінгі таңда 193 мемлекет мүше. Қазіргі таңда ЮНЕСКО-ның бас директоры – Коитиро Мацура. Ол беделді ұйымды алты жылдан бері басқарып келеді.2014 жылы Катардың Доха қаласында өткен кезекті сессияда елімізден 8 тарихи ескерткіш ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді. Атап айтқанда Алматы облысынан 3, біздің облыстан 5 тарихи нысан тіркелді. Облысымыздан ЮНЕСКО-ның тізіміне Ақтөбе (Баласағұн), Құлан, Өрнек, Қостөбе тарихи қалашықтары және Ақыртас кешені сынды бес бірдей нысанның енгені мақтан етуге әбден лайық.

Құлан қалашығы

ХІІІ ғасырдың бас кезіндегі ескерткіш кешен. Т.Рысқұлов ауданы аумағында орналасқан көне қаланы археологиялық тұрғыдан зерттеу ХІХ ғасырдың соңында В.В.Бартольдтан басталды. Қала территориясына алғашқы археологиялық қазба жұмыстарын 1936 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі мен ММТИ-дің Жетісу археологиялық экспедициясы жүргізді. Құлан қаласындағы қазба жұмыстары нәтижесінде VІІ ғасырдың бірінші жартысына жататын жазба деректер табылды.

Өрнек қалашығы

VІІІ-ХІІ ғасырларға жататын нысан. Бұрынғы Алтынсу өзенінің Сұлутөр шатқалында орналасқан. Сұлутөр жағалауымен жоғары қарай 4 шақырым жерге созылып, көлденеңі 1,2 шақырым аумақты алып жатыр. Негізгі ауданы 500 гектар шамасында болған. Бұл жерден бірнеше қоршаудың орны табылды. Әр қоршаудың ішінде тікбұрышқа ұқсас немесе дөңгелек төбелер кездеседі. Олардың беттері таспен қаланған.

Қостөбе қалашығы

Байзақ ауданы Сарыкемер ауылынан шыға берісте қолайлы ашық алаңда орналасқан. Бұл тарихи орыннан VІ-ХІІ ғасырға жатқызуға мүмкіндік беретін қыштар, тиындар табылған. Қостөбе қалашығындағы қазба жұмыстары 1985 жылы басталды. 2000 жылы ғалым Карл Байпақов зерттеу жүргізді. Кіретін қақпасы оңтүстік жағында жыра түрінде сақталған. Солтүстік-батыс бөлігі солтүстік-шығыстан қалашықтың солтүстік қақпаларына шығатын жолмен бөлінген. Бекіністің солтүстік қабырғасының маңында үшбұрыш тәрізді төбе бар. Ақтөбе (Баласағұн) қалашығы Ұлы Жібек жолы бойында тұрған ірі қала қирандыларының қатарына Шу ауданы аумағындағы Ақтөбе қалашығы да кіреді. Бұл қалашық 1894 жылдары алғаш зерттеле бастады. Ақсу өзенінің оңтүстігіне қарай Ақтепе төбесі орналасқан. Ол толығымен қыш кірпіштен қаланған. Айналасында кірпіш бөліктері кездеседі. Қалашықтың көпшілік бөлігі бұзылып кеткендіктен, тарихи ескерткіштің сақталуына айтарлықтай зиянын тигізген.

Ақыртас кешені

Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде Қырғыз Алатауының солтүстік етегінде орналасқан. VІІІ-ХІV ғасырларға жататын тарихи нысан. Кешен бірнеше құрылыстардан тұрады. Олардың ішінен ерекшеленетін сәулеттік құрылыстар: сарай, қала сыртындағы тұрғынжайлар, ХІІІ-ХІV ғасырдағы керуен сарайы, «қамал», «қорған», қарауыл мұнаралары. Сондай-ақ, хауыздар мен дамбалар, каналдар мен құбырлар бар. Бұл кешен 130 жылдан бері зерттеліп келеді. Зерттеу барысында су құбырлары, тас науалар табылды.

Дайындаған Есет Досалы, «Ақ жол».