«Жақсыдан жаман туады іске алғысыз»
«Жақсыдан жаман туады іске алғысыз»
қордайлықтар Кеңес Тайчибековтің ұлының ісіне ұялып жүр
Аузына ие бола алмайтын Тайчибековтің ісі қазір Қордай аудандық сотында қаралып жатыр. Ол неге істі болды, неліктен өзі туып-өскен елді қаралағысы келді? Ол – өз алдына бөлек әңгіме.
Ермек Тайчибековтің шыққан тегіне көз жүгіртсеңіз, оның отбасының тәрбиесін көрген, ата-ана тәлімін алған ұл екенін білуге болады. Бір әулеттің төлқұжаттық тегіне айналған Тайшыбектен Үсенбай, одан Кеңес. Қордайлықтар Ермектің әкесін, кезінде мықты экономист, шаруашылық басшысы болған Кеңес Үсенбайұлын ұмыта қойған жоқ. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында жоспарлау бөлімін басқарған ол одан «Сарыбұлақ» кеңшарының директоры болып жұмыс істеген. Сексенінші жылдардың басында Кеңес Тайчибеков атышулы «Тоқпақтың ет ісіне» шатылып бес жылдай түрменің «төрін» көргені де бар. 1987 жылы КСРО Жоғарғы Сотының шешімімен ақталып келіп, партиялылығы қалпына келтіріліп, «Искра Ленина» ұжымшарын басқаруға жіберілген. Кейіннен зейнетке шығып, 2004 жылы дүниеден өтті. Ісіне мығым, елге сыйлы азаматты жерлестері қадірлеп, Сарыбұлақ ауылындағы бір көшеге есімін де берген. Ермек сол Кеңестің ортаншы – ұлы. Ағасы Ердос – бард-музыкант, інісі Марлен – кәсіпкер. Ермек 1978 жылы Қордай ауданында туған. Өзінің әлеуметтік желідегі жазбасына сүйенсек, мектепті де, институтты да үздік бітіріп, «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығын алған. Каспий банк, Центр Кредит банк, Нұрбанктің бас офистерінде, Павлодарда АТФ Банктің борышкерлермен жұмыс бөлімінде қызмет еткен. Одан кейін Қарағанды облысында, Астанада, Павлодарда және Оралда бірнеше сыра өндірісі кәсіпорындарын басқарған. 2012 жылдан бері бизнестен қол үзіп, саясатқа мойын бұрған. Әлеуметтік желідегі жазбаларына қарап отырсаң, әлемде ол тұмсығын сұқпаған, оның «басы ауырмаған» мәселе қалмағандай көрінеді. Оның ішінде әсіресе Украинадағы оқиғаларға байланысты, яғни Қырымды Ресейге қосуды, Жаңа Ресейдің тәуелсіздігін жақтаған, Украинаға Қазақстаннан қол жинап баруға шақырған, тіпті, украин олигархы Игор Коломойскінің басына 220 мың доллар тігетіні туралы тағы да басқа жазбалары бар. Тайчибековтің соттағы түсініктемесіне сенсек, оның жүздеген, мыңдаған мұндай жазбаларының дені әлемдік және Ресей мәселелерін қаузайды. Тек бір немесе ары кеткенде екі пайызы ғана Қазақстанға арналды-мыс. Сол «бір-екі пайыздың» өзіне қараңыз енді. 2014 жылы ол өз атынан қазақстандықтардың 80-90 пайызы орыс тілін мемлекеттік тіл етуге келіседі деп ҚР Парламенті сенаторларына жиырма мың адамның қолымен петиция жолдаған. Одан кейінірек, қазақтардың 80 пайызы, ал қазақстандықтардың 90-95 пайызы Ресейдің құрамына кіруді жақтайды деп те соқты. Егер Қазақстан Ресейге қосылар болса, ол өзін жаңа империяның идеологі немесе Қазақстанның губернаторы ретінде көргісі келетінін де жасырмаған. «Қазақстан Ресейдің губерниясы болсын» деп ұрандатып жүргендегі оның түпкі дәмесін көрдіңіз бе? «Нұр Отан» партиясы арқылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына депутаттыққа өтпекші болғаны тағы бар. Соттағы түсініктемесінде «Нұр Отанда» басқа лайықты адам бұрын тіркеліп қойғандықтан мұның кандидатурасын қабылдамаған, сол арада «Ақ жол» арқылы Парламентке өтудің мүмкіндігі туа қалып, бірақ, партиялылығын ауыстырудың әуресімен уақыт жетпей қалған-мыс. Өз елін Ресейдің құрамында көруді жан-тәнімен қалайтын оның өзінше ырым етіп құрбандыққа жылқы шалған сәтін бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратуы да жаға ұстатқан жағдай болды дей аламыз. Енді сотқа келейік. Сотты жүргізуші – аудандық соттың судьясы Қайрат Белгішев. Мемлекеттік айыптаушы прокурор Ардақ Бакишев, адвокат Анатолий Окуньков болды. Алдымен сот айыпталушының істі алқабилер сотының қарауына және өзінің соңғы тұрғылықты жері бойынша Алматы қаласындағы соттың қарауына беру, ал адвокатының, тіпті, қылмыс құрамы болмауы себепті істі қарауды мүлде тоқтату туралы өтініштерін қараусыз қалдырды. Тайчибеков өзінің әлеуметтік желіде жарияланған сепаратистік мазмұндағы жазбаларына байланысты берген түсініктемесінде оларды қазақ ұлтшылдарының Ресей Президенті мен империалистеріне бағытталған жеккөрінішін өзіне аудару, сөйтіп қоғамда ширыққан ахуалды «сейілту» мақсатында жазғанын айтады. Бірақ, өзінің одан ешқандай қылмыс көріп тұрмағанын, кезінде Абай, Ыбырай, Шоқандардың ресейшіл болғанын алға тартып бақты. Әлеуметтік желідегі жазбаларының 95 пайызы өзінікі екенін мойындай отырып, «арасында кейбір қатты кеткен тұстар өзгелер тарапынан тұздықталып жіберген болуы мүмкін, өйткені аккаунтыма біреулердің бұзып кірген кездері орын алған» деп ақталуға тырысты. «Қазақстанда билікті барлық мүмкіндікті пайдаланып, қажет болса күшпен болса да басып алып Ресейге беру керек!», 2014 жылы 10 мамырда жарияланған «Менің атам, әкемнің әкесі, 1937 жылы НКВД-да істеген, Кеңес одағына қарсы шыққан қазақтарды қырған. 2016 жылы бұл науқанның екінші кезегін жүзеге асыратын боламыз» деген жазбаның авторлығынан мүлде бас тартты. Екінші күнгі сот отырысында осы соттың басты куәгері, алматылық ұлт жанашыры Ботагөз Исаевадан жауап алынды. Ол өзінің құқық қорғау органдарына жолдаған арыздарында көрсетілген жайлардың бәрін айғақтап шықты. Сондай-ақ, Астана қаласынан келген Мейрам Қанапиянов, Алмат Шалғарин, тараздық Өмірғали Бейсенбаев та әлеуметтік желілерден айыпталушының сепаратистік мәндегі жазбаларын көргеніне куәлік берді. Олардың кейбіріне Тайчибеков әлеуметтік желі арқылы қоқан-лоққы да жасаған. Мәселен, Өмірғали Бейсенбаевтың баласы өзін өлтіремін деп қорқытқан хабарламалар алса, Исаеваға «тайчибековшілер» тарапынан ғаламтор арқылы қорқытып, үркіту күшейген. Судья бұл мәселеге байланысты жеке ұйғарым шығарып, куәгерлерге прокуратураға шағымдануға кеңес берді. Сот Тайчибековтен соңғы үш жылда еш жерде жұмыс істеп, жалақы алмағанын, оның қаражатты қайдан алып отырғанын сұрады. Айыпкер бизнесте жүріп жиған қорымды жұмсадым, жылжитын және жылжымайтын мүліктерімді сатып пайдаландым, қазір бәрі сарқылды деп жауап берді. Үшінші сот отырысында негізінен сотталушының жақтастары куәлік берді. Көршілері, ауылдастары мен әлеуметтік желідегі пікірлестері болып келетін Черняева, Есеналиев, Третьяков, Савина, Құлманов, Құрманқұлов, Кочуров айыпкердің үлгілі отбасынан шыққанын, кезінде әкесінің жақсылықтарын көргенін, ал Ермектің жазбаларынан ұлттар арасындағы достыққа шақырудан басқа ештеңе көріп тұрмағанын айтып бақты. Бұған арқаланған Тайчибековтің өзі де: «Мені еш кінәсіз жауапқа тартып отырсыздар. Көресіздер, тарих мені әлі ақтап алады!» – деп қызуланды. Ал алматылық Третьяков қордайлық блогердің жазбаларын оқып тұратынын, бірақ кейбір тұжырымдарымен келісе бермейтінін ашып айтты. «Әсіресе, қазақ жері ежелден Ресейге тиесілі дегені мүлде шындыққа жанаспайды» деді ол. Сарыбұлақ ауылындағы мектептің мұғалімі Нұрлан Құлманов болса Ермектің не үшін жауапқа тартылып отырғанына сот барысында ғана көзі жеткен. «Ойпырмай, елдігімізді мансұқтаған бұл не деген масқара еді, бетімнен отым шықты ғой», – деді соттан шыққаннан кейін. Осы арада бір айта кетерлік жай, көз алдымызда өтіп жатқан соттың жай-жапсарын жетік білмейтіндердің көптігі. «Тайчибековтің баласына сот болып жатыр екен. Әкесі жақсы кісі еді, баласы не істеп қойыпты?» деп бір-бірінен сұрайтыны. Мұны ауылдағы жұрттың бәрі интернет қарап, әлеуметтік желіде отырмайтындығымен түсіндіруге болар. Дегенмен, ғаламторды былай қойғанда, өзіміздің «Ақ жолда» «Тойып секірген Тайчибеков қашанғы тайраңдайды?» (2014 жыл, 12 тамыз), «Тайчибековке тұсау жоқ па?» (2014 жыл, 13 қыркүйек), «Ел арасына іріткі салмақ болған Тайчибеков жындыханаға жатқызылды» (2015 жыл, 18 тамыз) деген мақалалар жарияланды емес пе?! Соттың келесі отырысы 17 қарашада өтеді.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.