Әлеумет

Тапқан – ана емес, баққан – ана

Тапқан – ана емес, баққан – ана

Редакцияға Гүлнәр Арықбаева деген оқырманымыз шағым­данып келді. Бұл кісінің  арызы жеңіл-желпі емес. Жанайқайының арғы жағында бала тағдыры тұр. Сол  бала­ның  тағдыры бізді  бейжай  қалдырмады. Осы  кезге дейін өткі­зілген  сот отырысы Гүлнәрдің қарсыласы­ның пайдасына шешіліпті. Дегенмен, біздің  байқа­ғанымыз  бұл мәселе «Сот осылай  шешті. Болды, бітті»  деп қарап отыратын жағдайға  ұқсамайды. Жалпы  оқыр­мандарға түсінікті болу үшін барлығын басынан бастаған  жөн  болар.  

2010 жылы бізге хат жолдаушы Гүлнәр Арықбаеваның туған сіңлісі Динараны меркілік бір топ жігіттер алып қашады. Көрмеген, білмеген, көңілі сүймеген адамы болса да босаға аттаған соң Динара Тасуқызы сол шаңырақта келін болып қалады. Тағдырдың жазуына көніп, өмірлік жолдасы Әлмерекпен түсінісуге ұмтылып бағады. Бірақ, енесі Бейсекүл екеуінің арасында ортақ тіл табысу мүмкін болмаған секілді. Қысқасы, Динара ол үйде ұзақ тұра алмай, үйлену тойлары өткен соң Таразға келеді. Тұрмысқа шығуының сәтсіз болғанын сезінген ол ажырасып кетуге де бел буады. Дегенмен, өмірлік жолдасы Әлмерек Макежанов Таразда Динарамен бірге жүргендіктен, жақсы отбасы болып кетерміз деген сенім болады. 

2011 жылдың 22 қарашасында Динара Арықбаева өмірге шекесі торсықтай ұл әкеліп, сәбидің есімі Мұхамедәли деп қойылады. Осы сәттен соң Динараның денсаулығы нашарлай бастайды. Арада 8 ай өткенде, 2012 жылдың 21 шілдесі күні Динара ауыр науқастан қайтыс болады. Өмірден өтерінде кішкентай сәбиіне алаңдап, сол нәрестесін туған әпкесі Гүлнәр Арықбаеваға аманат етіп қалдырады. Яғни, «Мен осы аурудан бақилық болып кетсем, Мұхамедәлиім, Гүлнәр әпке, сізге аманат!» деп айтады. Бұл сөздерді марқұмға жаздырып алуға туыстарының жүректері дауаламайды. Тіпті, бауырларын өмірден өтіп кетеді дегенге де қимайды. Оның үстіне, бала тағдырын жалғыз анасы шешпейтінін, әкесі Әлмеректің де бұл мәселеге қатысы бар екенін ескереді. Сіңлісі өмірден өткен соң сегіз айлық Мұхамедәлиді Гүлнәр Тасуқызы бауырына басады. Баласындай қабылдайды. Ал қазіргі таңда қорғаншылыққа таласып отырған Бейсекүл Топаева болса, келіні қайтыс болған соң, құдасы Арықбаевтар жаққа аяқ басуын доғарған. Немересін де көп іздемеген. Сонымен, зерделеп қарасақ, Гүлнар Тасуқызы сіңлісінің баласына жаны ауырып, тіпті өмірге келген сәттен бастап мәпелеп өсірді. Ол кезде баланың туған анасы ауруымен алысып жүрді. Сіңлісі қайтыс болғаннан кейін де Гүлнәр Мұхамедәлиге анасындай қамқор болып, барлық мейірімін төгіп отырды. Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының 2000 жылғы 28 сәуірдегі №4 «Соттардың балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды шешу кезінде заңды қолдану туралы» нормативтік қаулысының 1-тармағына сәйкес, соттар балалар туралы дауларды қарағанда Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы кодексінің 73-бабының 2-бөлігінде: «Ата-аналары бөлек тұратын кезде баланың тұрғылықты жері мен заңды мекен-жайы ата-аналарының келісімімен белгіленеді. Келісім болмаған жағдайда бөлек тұратын кезде ата-аналардың арасындағы дауды баланың мүдделерін негізге алып және пікірін ескере отырып, ата-аналардың талап етуі бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қатысуымен сот шешеді. Бұл ретте баланың ата-аналардың әрқайсысына, аға-інілері (қарындастары) мен апа-сіңлілеріне үйірлігін, баланың жасын, ата-аналардың адамгершілік және өзге де жеке қасиеттерін, ата-аналардың әрқайсысы мен баланың арасындағы қарым-қатынастарды, баланың дамуы және тәрбиесі үшін жағдайлар жасау мүмкіндігін, ата-аналар қызметінің түрін, жұмыс режимін, ата-аналардың материалдық және отбасылық жағдайын және басқа да осындай жағдайларды ескереді» делінген. Бір айта кетерлік жайт. Біз тағдырын сөз етіп отырған Мұхамедәлидің әкесі Әлмерек Макежанов 2012 жылы 21 шілдеде жұбайы Динара Тасуқызының қайтыс болуына байланысты Мұхамедәли Әлмерекұлы 18 жасқа толғанға дейін, яғни 2029 жылдың 21 шілдесіне дейін қамқоршы ретінде асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындап беруін өтініп, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының облыстық филиалына өтініш білдірген. Асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік жәрдемақы Мұхамедәли Әлмерекұлына 2012 жылдың 21 шілдесінен тағайындалып, осы 2012 жылдың 31 желтоқсанына дейін төленіп, одан кейін тоқтаған. Себебі, 2012 жылдың 4 желтоқсанында Динара Арықбаеваның әпкесі Гүлнәр Арықбаева аталған мекемеге төлемді уақытша тоқтатуға өтініш білдірген. Бұл жағдайларды зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының облыстық филиалы директорының орынбасары Н.Исақовтың мәліметі растайды. 2015 жылдың 16 ақпанында Әлмерек Макежанов та қайтыс болады. Осы қайғылы жағдайдан кейін ғана Бейсекүл Топаева немересі Мұхамедәли Әлмерекұлын іздеп, балаға қорғаншы болуды заң жолымен қарастыра бастайды. 2012 жылдан бастап Г.Арықбаеваның балаға қамқоршы болғанын, бұл жағдайды Тараз қаласы білім беру бөлімінің жанындағы қорғаншылық кеңесі 2015 жылға дейін қолдап келгенін ескергісі келмейді. Анасынан айырылған сәтінен бастап баланы бауырына басқанына, 3 жарым жасқа дейін мәпелеп, бағып қаққанына көңіл аудармайды. Сонда балаға анасындай болған Гүлнәр Тасуқызының мүддесін кім қорғайды? Гүлнәр сот отырыстарында «Балам әлі кішкентай. Басқа отбасына үйлесуі қиын. Ең болмаса, мектеп бітіргенше менің тәрбиемде болсын. Содан кейін өзінің көңіл-күйімен, қалауымен өз жұртын тауып жатса, қарсы­лығым жоқ. Қазір менің бауырымнан баламды тартып алғандай әкетуі Мұхамедәлидің психологиясына кері әсер етеді» деп шырылдағанына да ешкім құлақ аса қоймаған. Ал керісінше Мұхамедәли Әлмерекұлына қорғаншы ретінде Бейсекүл Топаеваны белгілеу жөнінде 2015 жылдың 24 маусымында Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық белгілеу кеңесінің шешімі шығады. 2015 жылы 29 маусымда Тараз қаласы әкімдігінің №580 қаулысы аталған шешімді мақұлдайды. Гүлнәр Тасуқызы 2015 жылдың тамыз айында облыстағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына шағымданады. Бірақ, аталған сот алқасы жоғарыдағы шешімдерді қолдап, қаулы шығарады. Арыз беруші Гүлнәр Арықбаева заң талаптарына сәйкес облыстық сотқа шағымданды. Алайда жақында өткен облыстық сот алқасы да облыстағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысын күшінде қалдырды. Г.Арықбаева облыстық соттың бұл шешімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсіргендіктен, облыстық сотта бұл іс қайтадан қаралатын болды. Бірақ, бұл жерде түсініксіз жағдайлар көп. Заң талабы бойынша екі жақтың отбасылық жағдайы, тұрмысы, күнкөріс жағдайы сараптамадан өткен. Сол кезде де Бейсекүл Топаеваның дәулетті тұратыны, мал ұстайтыны және туыстық жағынан Мұхамедәлидің туған әжесі болып табылатыны айтылған. Ал Гүлнәрдің Тараз қаласында көп қабатты үйде тұратыны, тұрмыс жағдайы орташа екенін көлденең тартқан. Екінші тарап Бейсекүл Топаеваның сөзіне де құлақ асу ниетімен хабарласуға ниеттенгенбіз. Бірақ, ол кісімен тілдесу мүмкін болмады. Тиісті адамдар арқылы хабарласуын өтінгенбіз, хабарласпады. Облыстық соттың соңғы отырысына Б.Топаевамен бірге қатысқанбыз. Сол сот барысында Б.Топаева: «Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық белгілеу кеңесінің шешімін, 2015 жылы 29 маусымда Тараз қаласы әкімдігінің №580 қаулысын, Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімін күшінде қалдыруларыңызды өтінемін», – деген бір ауыз ғана сөз айтты. Баланы екі жақтың келісімге келуімен өз жұртына бірте-бірте үйретейік деген мәселеге Бейсекүл Топаева қарсылық танытты. Біз редакцияға арызданушы Г.Арықбаеваның адвокатына да хабарласқанбыз. Гүлмира Рахымбаева, Г.Арықбаеваның мүддесін қорғаушы адвокаты: – Заңға сәйкес қай жақты таңдайтыны туралы баладан 10 жасында сұралады. Қазір Мұхамедәли өте жас болғандықтан, істі сот шешеді. Бірақ, бауыр басқан ананың құшағынан жұлып алып, бөгде ортаға апара салу заңға да, адамгершілікке де сай келмейді. Алдымен, баланы ата-апасына бірте-бірте үйрету қажет еді. Екі жақ қарым-қатынасын жөндеу қажет еді. Себебі, бала сенімді қолда, бөтен жерде емес. Анасының туыстарының қолында тәрбиеленуде. Бұл жерде баланың психологиясының бұзылмағанын ойлаған жөн еді. Г.Арықбаеваның да баланы мәпелеп, бағып-қаққаннан басқа жазығы жоқ. Ол жағы да назардан тыс қалмауы тиіс еді. Біз осы жағдайдың барысын сұрап, психологтардың да пікірін білдік. «Анасы (Гүлнәр Арықбаева) мен баласы қазір толық сәйкестікте. Зерттелуші Мұхамедәли Әлмерекұлын осы күні бағып-тәрбиелеп отырған Гүлнәр Арықбаева ол ес білгенге дейін үнемі қасында бірге болуы баланың (Мұхамедәлидің) толыққанды үйлесімді дамуына, соның ішінде ойлау қабілеті мен ішкі жан дүниесінің (психикасының) дұрыс жетілуіне қолайлы жағдай жасайды. Қазіргі уақытта оны бағып-тәрбиелеп, қамқорлығына алып отырған Гүлнәр Тасуқызынан баланы ажыратып әкету (кәмелеттік жасқа толмаған) мектепке дейінгі кезеңдегі Мұхамедәли Әлмерекұлының ішкі жан дүниесіне жарақат салуы және ойлау қабілетін тежеуі және дамуда (регрессия) кері кетуі мүмкін», – дейді Қазақ психологтар қауымдастығы Тараз филиалының директоры Фатима Бизақова.

Заңға жүгініп жүрген екі тарапқа да біз бірдей қараймыз. Әйтсе де, ойласатын мәселелер бар. Мұхамедәли сенімді, мейірімге толы отбасында өсіп жатыр. Бөтен орта емес. Туғалы, төрт жылға жуық тәрбие алып келе жатқан ұясы. Енді оны аяқ астынан басқа отбасына апара салу қалай болады? Оның үстіне ата-әжесі неге төрт жыл бойы іздемеді? Неге енді ғана балаға таласып жүр? Баланың анасы Динара өмірден озып бара жатқанда перзентін Гүлнәр Тасуқызына аманат етті емес пе? Аманат! Қазақта аманаттың салмағы ауыр. Бұл жерде Мұхамедәлидің пікірімен де санасу қажет болар. Ол әлі тиянақты пікір айта алмайды. Сондықтан, Мұхамедәлидің кәмелетке толғанын неге күтпейді екі тарап? Оған дейін бала қазіргі жүрген отбасында жүре бермей ме? Сот сол Мұхамедәли кәмелетке жеткенде болмай ма? Ал қазір баланың, Гүлнәрдай ананың психологиясымен, көңіл-күйімен кім санасады? Сәби кезінен бақпаса, аман-есен өсірмесе ол бала осы жасқа қалай жетер еді? Сондықтан, бұл жерде ойланатын мәселе көп.

 

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.