Мақатаев пен Соқпақбаевтың шығармалары тұңғыш рет ағылшын тіліне аударылды
Мақатаев пен Соқпақбаевтың шығармалары тұңғыш рет ағылшын тіліне аударылды
Мұқағали Мақатаев пен Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары тұңғыш рет ағылшын тіліне аударылды. Үздік аудармалар шетелдік танымал сайтқа жүктеліп, әлем халқы оқитын болады деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Нью-Йорктің “Metropolitan Classics” баспасынан ағылшын тілінде жарық көрген қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы шығармалары мен көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повестерінің тұсаукесері бүгін Талдықорғанда өтті.
Тұсаукесер рәсімінде Амандық Ғаббасұлы қазақтың бай әдебиеті әлемдік биікке көтеріліп, қазақ шығармалары ағылшын тілінде оқылатын болғандығына ризашылығын білдіріп:
«Бұл – үлкен жетістік. Бүгін міне Хантәңірінің мұзбалақ ақыны Мұқағали мен балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың есімдері Нью-Йорктің төрінде аталып, қазақтың мерейін асырды» – деді ол.
Бұл ретте екі шығарманы ағылшын тілінде сөйлету Халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннің табанды еңбегінің жемісі. Мұқағалидың жыр жинағын америкалық ақын Марина Карцева мен қазақ әдебиетшілері аударса, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін американдық аудармашы Кэтрин Фитцпатрик ағылшын тілінде сайратқан.
«Қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын ағылшын тіліде сөйлету – біздің талайдан бергі арманымыз еді. Бұл мақсатымызға жұмыла жұмыс істеген шығармашылық топ пен әдебиеттің шынайы жанашырларының арқасында қол жеткіздік. Бұл – тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі халықтарының қуанышы. Бұл бағыттағы жұмысымызды бұдан әрі де жалғастыратын боламыз, келесі кезекте «Біз қазақпыз…» сериясының жалғасы ретінде Олжас Сүлейменовтің, Әбіш Кекілбаевтың, Смағұл Елубайдың шығармаларын шығару жоспарда бар, – деді Бигелді Ғабдуллин.