Бағаны нарық реттейтін болады
Бағаны нарық реттейтін болады
Жаңа жылдан бастап әлеуметтік нанның бағасын нарық реттейтін болады. Бұған дейін нан бағасын Үкімет бақылауда ұстаған еді. Бірақ нарықтың талабы, қазіргі қаржылық жағдай нан бағасының да еркін айналымға түскенін дұрыс деп санайды. Әрине, қазіргідей дағдарыс кезінде нанның бағасы еркін айналымға түссе, бұрынғыға қарағанда, қымбаттамаса арзандамасы мәлім. Ал бұл ретте Үкімет әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға тиісті көмек көрсетпек. Қазіргі күні нан бағасын тұрақты ұстап тұру үшін мемлекеттік бюджеттен арнайы субсидия бөлініп отыр. Мәселен, 2014 жылдан бері қарай бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 17 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, қазіргі астық өндірушілерді субсидиялау жүйесі саладағы бәсекелестікті тежеуде. Өйткені, мемлекеттің көмегін әдетте ірі кәсіпорындар иеленеді. Олар өз кезегінде өндірісті жаңғыртуға асығар емес. Осылайша, нан бағасын жасанды ұстап тұру тиімсіз, дейді журналистермен кездесуінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев. Оның мәлімдеуінше, бидайдың өзіндік құны 30 пайыздан көп емес. Қалғаны жанар-жағармай, электр энергиясы, көлік шығыны, тағы басқалар. «Біз бұл мәселені үнемі шаруалардың есебінен немесе бюджеттік субсидия арқылы шешіп отырдық. Енді алдағы жылдан бастап нанның бағасын нарық өзі реттейді. Әрине, әр қаладағы баға әртүрлі. Меніңше, бәсекелестік көп болса, тіпті баға төмендеуі де мүмкін. Саланы бәсекелестік құтқарады. Біз кәсіпкерлерге қолдау көрсетуіміз қажет. Мысалы, Еуропаны алып қарайық. Олар нанның түр-түрін өндіреді. Ал біз бидай өндіру бойынша әлемде жетінші орындамыз. Соған қарамастан, Кәрі құрлықтағыдай нанның түр-түрін өндіріп жатқанымыз шамалы», – деді А.Евниев. Бұл шешімді Астық өндірушілер қауымдастығы да қолдап отыр. Бидай өндіруші елдер қатарында жетінші орында тұрсақ та, нан зауыттарын ашуға құлықты кәсіпкерлеріміз аз. Осының салдарынан сала тұралап тұр, дейді мамандар. «Нан бағасын еркін айналымға жіберсек, саланың жаңа тынысы ашылады. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар адам ретінде айтамын, инвестиция тартуға, жоғары технологияларды енгізуге, өнім түрлерін арттыруға сеп болады», – дейді Қазақстанның астық және нан өндірушілері одағының президенті Евгений Ган. Сондай-ақ, ол нан бағасының нендей мәселелерге сүйеніп түзетілетінін де айтты.
Статистика департаментінің мәліметінше, елімізде соңғы уақытта қалыптасқан жаһандық дағдарысқа байланысты тамақ өнімдерінің кейбірі қымбаттады. Мұны ескерген Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия халықтың осал тобына әлеуметтік көмек көрсету бойынша шешім қабылдауда. Бұл ретте, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің департамент басшысы Арман Өмірбаев қазіргі қолданыстағы заңда өтемақы төлеу тетіктері қарастырылғанын айтады. Егер нан бағасы қымбаттаса, онда ең төменгі күнкөріс деңгейі де қайта қаралады. Оның деңгейі көтерілсе, әлеуметтік көмектердің көлемі де ұлғайтылады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, әрбір қазақстандық нан сатып алуға күніне орташа есеппен 76 теңге жұмсайды екен. Ал жылына 45 кило нан тұтынады. Яғни, халықтың ең төменгі күнкөріс деңгейінде бір күнгі нан үшін төленетін ақша – 76 теңге. Осыдан келіп, әлеуметтік көмек мөлшерінің аз болып отырғанын ескеруіміз керек.
Сол себепті 2016 жылдан бастап нан бағасын нарық реттейтін болған жағдайда, әлеуметтік аз қамтылғандарға әлеуметтік нанды сатып алуға арналған арнайы өтемақы берілмек. Оған қанша қаржы жұмсалатыны да есептеліпті. Құзырлы органдардың мәліметінше, әлеуметтік жағдайы төмендерге нан сатып алу үшін бөлінетін қаржы 2 млрд. теңгені құрап отыр. Ал бұл нан бағасын ұстап отыру үшін кеткен 17 млрд. теңгеден әлдеқайда аз екені анық. Жалпы, нан өнімдерін субсидиялауды тоқтату аяқ астынан шығарылған, «естен тандырар» жаңалық емес. Оған Үкімет тарапы баяу қысқартумен, біртіндеп келіп отыр. Мәселен, 2008 жылы бидайдың тоннасы 42 мың теңге кезінде 600 грамм салмағымен бірінші сұрыпты ұннан жасалған нанның өзіндік құны 47 теңге болатын. 2015 жылдың қазанынан бастап, нанды субсидиялау көлемі тағы 2,5 мың теңгеге қысқартылды. Ал 2016 жылдың қаңтар айынан бастап Экономиканы жаңғырту мәселелері бойынша мемлекеттік комиссиясы бұл категорияны нарықтық жағдайға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Нан бағасын нарыққа беру туралы мәселе қоғамда талқыланып жатқандығына орай, кеше Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров астанадағы нан өндірісінде өзіндік орны бар бірден-бір кәсіпорын «Астаналық нан» ЖШС-да журналистермен жолығып, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Вице-министрдің атап өтуінше, жергілікті атқарушы органдар мен наубайханаларға тоқсан сайын бөлке бағасын 1,4 теңгеге қымбаттатуға мүмкіндік берілген. «Бастапқыда субсидия көлемі тоннасына 18 мың теңгені құраса, ағымдағы жылдың қаңтар айында оның көлемі 5 мың теңгеге дейін түсті. Ал бұл ретте нан бағасы өзгеріссіз қалды. Жалпы, бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы 11,5 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұған дейін жыл сайын шамамен 6-7 млрд. теңге бөлініп келген. Ағымдағы жылы сома үлкен. Себебі, бұған дейін бағдарлама 4-5 ай көлемінде жүзеге асырылса, ал биыл бағдарлама 9 айға созылды», деді С.Омаров. Оның сөзіне қарағанда, осы себепті мемлекеттік комиссия алдағы жылдан нан бағасын субсидиялаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған. Себебі, әлеуметтік нанды бай да, кедей де сатып алады. Ендігі уақытта әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек тетігі енгізілмек. Бұл шара мемлекет қаражатын біраз үнемдеуге де мүмкіндік береді. «Барлық наубайханаларға нан бағасын көтеруге мүмкіндік берілді. Бірақ, көптеген облыстар бұл мүмкіншіліктерін пайдаланған жоқ. Сондықтан да, оларға 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін жергілікті бюджет қаржысы есебінен нан бағасын реттеуге мүмкіндік беріледі», деді ол. «Астаналық нан» кәсіпорнының директоры Абдрахым Төлендиев те бұл мәселенің өте орынды екенін, нан бағасын көтеру кәсіпкерлікке көмектесіп қана қоймай, ас атасының қадір-қасиетін түсінуге де септігін тигізетінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде нан бағасының арзан болуы салдарынан қаншама кәсіпорындардың өндірісі тұралап, кейбіреулер тіпті, жабылуға мәжбүр болған. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын субсидияға қатысты меморандумға 30 кәсіпорын қол қойса, одан кейінгі жылы 14-ке, ал биыл бар болғаны 12 кәсіпорынға азайған. Бұл дегеніміз, субсидиялаудың тиімсіздігін, ал одан кәсіпорындардың өндірістік қуаты азаймаса, көбеймегендігін аңғартады дейді кәсіпкер. Сондай-ақ, ол бүгінде бір күнде бір адам бір бөлке нан жемейтінін, ал оның бағасын отбасына шыққанда қалтаға соншалық ауыр тимейтінін алға тартты. Алдағы уақытта нан бағасы ұн бағасына орай қойылатынын жеткізген кәсіпкер, бұл мәселеден ешқандай саяси астар іздемеуге шақырды.
Динара БІТІКОВА.
(«Егемен Қазақстан», 10 қараша, 2015 жыл.)