Мамандығын мақтаныш деп білетін
Мамандығын мақтаныш деп білетін
Тараз қаласындағы №1 қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің кәсіби мерекелері аталып өтіп, қызметкерлер арасында «Менің сүйікті кәсібім – менің өмірім» атты байқау ұйымдастырылды. Шара сала қызметкерлерінің өз мамандықтарына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, Отанға деген адал махаббаттарын өзгелерге үлгі ету мақсатына негізделді. Байқауға аталмыш интернат үйінің медицина, әлеуметтік қызметкерлер, асхана және кір жуу, өздігімен жүретін және мейірімділік бөлімдерінің командалары қатысты. Олар жарыс барысында таныстыру, көңілді қойылым, би, ән, күздік киім үлгілері, күздік дәм секілді алты бөлім бойынша бақ сынасты. Қызметкерлерден құралған әр қатысушы команда өздерінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қарым-қабілеттерін байқатты. Тартысқа толы байқау қорытындысында үздіктер дараланбай қалмады. Әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мүгедектер және ардагерлер бөлімінің бас маманы Нұрбек Алтынбеков және №1 қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің директоры Өмен Байшығашев бастаған қазылар құрамы байқаудың бас жүлдесіне «Аялы алақан» командасын лайық деп тапты. Ал «Мейірім» командасы жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. «Жан шуағы» командасы екінші орын биігінен көрінсе, «Ақ дастархан» командасы үшінші орынды қанағат тұтты.
Қарлығаш Оралбекова, №1 қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің қызметкері.
Тараз қаласы.