Спорт және туризм

«Астана» – ел чемпионы!

«Астана» – ел чемпионы!

ал «Тараз» командасы тоғызыншы орынға тұрақтады

«Астана» Қазақстан премьер-лигасында екінші мәрте топ жарды. Станимир Стойлов шәкірттері соңғы турда «Ақтөбе» командасын жеңді.

Бұған дейін ел чемпионы анықталмаған еді. Биылғы жылдың ел чемпионы атануға екі команданың мүмкіндігі болған. Олар: «Астана» мен «Қайрат» клубтары. «Ақтөбе» әу баста қола жүлдегер атанып қойғандықтан, «Астанамен» өткізілген ойын олар үшін маңызды емес болатын. Десек те «Қайрат» «Ақтөбенің» тілеуін тіледі. Сондай-ақ, Владимир Вайсс шәкірттеріне өз алаңында қалайда «Ордабасыны» жеңу керек болды. Жеңді де. Екінші таймда алаңға шыққан Джордже Деспотович алматылықтарға қуаныш сыйлады. «Астана» мен «Ақтөбе» арасындағы ойынның 85-минутында алаңнан Сергей Хижниченко қуылып, қонақтардың бір ойыншысы кеміп қалған еді. «Астана» мұны сәтті пайдаланып, арада екі минут өткенде Жуниор Кабананганың голымен есепте алға шықты. Бұл нәтиже ойын соңына дейін өзгерген жоқ. Сөйтіп, «Астана» бір ұпай басымдылығымен «Қайраттан» озып, жеңіс тұғырынан көрінді. Биылғы чемпионат қызықты өтті. Бірақ, екінші айналымда топ басындағы алтауды бір бөлек, қалғанын бір бөлек ойнатқан дұрыс емес деп есептейді мамандар. Олардың айтуынша, бірінші айналымнан кейін жүлдеден күдер үзген 7-12 орын аралығындағы командаларға обал болған. Және ұпай санауда бір түрлі. Бірінші айналымды «Қайрат» пен «Ақтөбе» 44 ұпаймен, «Астана» 43 ұпаймен аяқтаған. Ереже бойынша екінші айналымда олардың ұпайлары екіге бөлінеді. Яғни, «Қайрат» пен «Ақтөбеге» 22 ұпайдан берілді. Ал «Астананың» 43 ұпайы екіге бөлінбегеннен кейін оларға да 22 ұпай берілген болатын. Қазір қарап отырсақ, чемпиондықты бір ұпай ғана шешіп кетті. Әйтпесе, «Астана» мен «Қайрат» биыл премьер-лига барысында төрт рет кездесіп, екі рет елордалықтар, екі рет алматылықтар жеңген. Бірақ Вайсс шәкірттерінің соққан бір голы артық. Сонда барлығына кінәлі – әлгі жүйе. «Астанаға» екінші айналымда 22 емес, 21 ұпай берілгенде, «Қайрат» чемпион болып кетуі әбден мүмкін еді. Жергілікті командамыз «Тараз» соңғы турда өз алаңында қызылордалық «Қайсармен» тең ойнады. Есеп – 1:1. Нәтижесінде жерлестеріміз чемпионатты өздері межелегендей жетінші емес, тоғызыншы орынмен аяқтады. Ал «Қайсар» келесі маусымын бірінші лига командаларының арасында өткізеді.

Без-име+++ни-1

Есет Досалы, «Ақ жол».