Денсаулық

Ақтөбе облысында балағын кесіп, сақал қойған жастар қарияларды шошытуда

Ақтөбе облысында балағын кесіп, сақал қойған жастар қарияларды шошытуда

олАқтөбеден Меккеге кеткен екі адам елге жете алмай жүр. «Басқа ағымның жетегіне ерген бауырымның келіні мен немересі Меккеден оралған жоқ» деген Қайырбай Бажақанов ауылда діни ахуалдың ушығып тұрғанын айтады.

Ақтөбе облысының Хромтау ауданы Дөң ауылының тұрғыны Қайырбай Бажақанов ауылдағы жағдайдың алаңдарлық екенін жеткізді. Жастар жаппай балақтарын кесіп, сақал өсіріп, ауыл ақсақалдарын шошытып жүр.

«Ағамның баласының отбасы түгелімен басқа ағымда жүр. Бар дүниесін сатып, қажылыққа кеткендеріне бір айдай уақыт болды. Сол жақта құжаттарын жоғалтып алған. Қолдарында ақшалары да жоқ, қазір қаңғып жүр. Жағдайларын айтып, келін бала әкесіне хабарласып жатқан көрінеді. Әкесі қан жылап отыр»,-дейді Қайырбай ақсақал.

Ақсақалдың айтуынша, өткен жылы туған ағасының баласы Нұғыман қайтыс болған. Алайда, оны салтпен аттандыра алмадық деп қиналады. «Садақа жасамаңдар, жыламаңдар, мола тұрғызбаңдар» деп азар да, безер болған балалары өліктің де берекесін кетірген.

«Соңғы 10 жылда олар бүкіл отбасымен, бала-шағасымен теріс ағымға кіріп кетті. Қанша айтсақ та, бетін бері қарата алмадық. Бауырым қайтыс болған кезде тума-туыс жиналып, олар тұратын Қандыағаш қаласына келдік. Әулеттің үлкенімін, жерлеуді мойныма аламын деп барғанмын. Сөйтсек, өзімен бірге ағымда жүргендер: «Біз жерлейміз» деп, мүрдені бермей қойды. Мәйітті ауруханадан алып кеткен. Біз де сабылып отырып, соңдарынан қалмай, қабір басына бардық. Адам емес, бір өлген малды көмгендей қылды. Құран оқылмайды дегендеріне қарамай, оқыдым»,-дейді жағдайдың ушығып тұрғанын айтқан Қайырбай Бажақанов.

Ал марқұмның артынан қайыр айтуға барған адамдарды да тұмшаланған адамдар қуып шыққан.

«Үндеріңді шығармаңдар, өйтуге болмайды, бүйтуге болмайды», – деп кеудемізден итеріп, қуып шыққандай етті. Бұл жақсы жол емес. Мен адамдарға айтар едім. Балаларға абай болыңдар, мешітте жүр деп мәз болмаңдар. Мешіттің айналасы толы түсініксіз адамдар. Олар 1-2 мың теңге беріп, басын айналдырып алады. Бір-ақ жылда баладан айырыласың»,- дейді ақсақал.

Қарияның айтуынша, мұндай сорақылықтарға көзімен көрген адам ғана сенеді. Ақсақал әртүрлі ағымды таңдаған балалар бетімен кете берсе, елдің бүлінетініне алаңдайды.

«Біздің Хромтау ауданында да басқа ағымда жүргендер аз емес. Адасқандардың бәрі жас балалар. Араларында 40 жастағы кісілер де бар. Мешітке жұма намазға келеді. Алланың үйінен оларды қуып жібере алмайсың. Бәріміз бір сапта тұрамыз. Намаз соңында әруақтарға дұға етіп, беттерін де сипамайды. Қолдарын да дұрыс ұстамайды. Талтайып кеп тұрады. Бірде бір жас жігітке айттым. «Айналайын, Алланың үйіне келіп, талтайып тұрасың. Жұмыс сұрап, бастықтың алдына барғанда олай талтаймайтын шығарсың. Ол кезде тәуелді болып қаласың. Бастық Алладан мықты болғаны ма? Аланың үйінде дұрыс тұр,қарағым», – дедім. Ол болса: «Сендердікі дұрыс емес, біз Алланың ақиқат жолындамыз»,- деп кетті. Осылай Алланы сылтау етіп, жастарымыз азып барады»,-дейді Қайырбай Бажақанов.

«Бізде жағдай жақсы емес. Ақтөбенің әр жерінен шулап жатырмыз. Осылар туралы туралы көбірек жазылса екен”, – деді қария сөз соңында.