Депутаттар Қазақстан үкіметінен азық-түлік пен тауар бағасының қымбаттауына тосқауыл қоюды сұрады
Депутаттар Қазақстан үкіметінен азық-түлік пен тауар бағасының қымбаттауына тосқауыл қоюды сұрады
Парламент мәжілісінің депутаттары азық-түлік пен тауар бағасының қымбаттауына тосқауыл қоюды сұрады.
Қазақстанда нан бағасының өсуіне дәнді дақылдар мамандары мүдделі деп санайды мәжіліс депутаты Владислав Косарев.
“Соңғы кезде басылымдар нанның қымбаттауы мәселесін жарыса жазуда. Бұл тақырыпты қозғауға көбіне Ауыл шаруашылығы министрлігі түрткі болуда. Бірақ біз министрлік мұндай жауапкершілікті өз мойнына ала қоймайтынын білеміз. Сол себепті бұл бастама үкіметтің түкпірінен шығып жатыр деп ойлаймын”, – дейді премьер-министрге депутаттық сұранымды баяндаған Косарев.
“Біздің алдымызда қарама-қайшы жағдай тұр. Дәнді дақылдар мамандары порттарға астықты қалай жеткізерін білмей дал. Элеваторлар лық толы. Қазіргі таңда нанның құнын өсіру мәселесі туындап жатыр. Ұн экспортының көлемінен 6-орында тұрған, ірі экспорттаушы елдердің бірі – Қазақстанда нан қымбаттамақ”, – деп жалғастырды Косарев.
Депутаттың пікірінше, астық шығарушы компаниялардың ашкөздігінен қарапайым халық зардап шегуде.
“Біздің елде үш жыл бұрын ғана 2050 жылда адамдар теңесіп, еркін, ал билік әділетті болады деп айтылған еді. Біз бұл жағдай астық компанияларына болысу мақсатында істеліп жатқанын жақсы түсініп отырмыз. Ауыл тұрғындары олардың ашкөздігі мен дүниеқоңыздылығынан зардап шеккенін де жасырмаймыз. Тұрғындардың жерін тартып алып, ең жақсы алқаптарды меншіктеніп алған солар. Ал 9 миллион гектарға жуық құнарсыз жерлер қаңырап жатыр. Дақылды олигархтар жеке сатушыларға өз өнімдерін үш-төрт есе қымбат етіп сатуда. Ал үкімет астық экспортынан түскен табыс толықтай елге қайтпай, офшорларға кетіп жатпағанына көз жұмып отырғандай”, – дейді депутат.
Нанның қымбаттауы бірінші кезекте дәнді дақылдар мамандарының қалтасын қалыңдатуды көздейді деп санайтын депутаттар, тіпті бұдан олар 1,5-2 миллиард теңге шамасында ұтуды көздеп отырғандарын да жария еткен.
“Құрметті Кәрім Қажымханұлы (Мәсімов). Сіз үкімет басшысы ретінде азық-түлік пен қызмет құнын көтеруге тосқауыл боласыз деген үміттеміз. Бұл мемлекеттің Қазақстан азаматтарына қамқор екеніне дәлел болады”, – деп түйді Косарев.
Еске салсақ, жақында Ауыл шаруашылығы министрі нанның тек кедейлер үшін арзан сатылатынын мәлімдеген болатын. Бұдан бөлек келер жылдан бастап елімізде нан бағасы 30 пайызға қымбаттайтыны да хабарланған.
Одан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі нанды бөліп сатуды орынды деп есептейтінін мәлімдеді.