Имандылық – ең ізгі қасиет
Имандылық – ең ізгі қасиет
Еліміздің дамуына дін саласының қосатын үлесі қомақты екені белгілі. Бүгінгі таңда қоғамның барлық саласымен бірге имандылық мәселесін жолға қоюға да ерекше көңіл бөлінген. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының қолдауымен елімізде діни сауаттылықты арттыруға айрықша ден қойылды. ҚМДБ-ның рұқсатымен шығарылған діни кітаптар барлық мешіттерге таратылып, ислам құндылықтарын білгісі келетін кісілерге рухани азық болуда. Бұл тұрғыда білім беретін университет пен медреселер саны артуда. «һибатулла Тарази» медресесінің де бет алысы жақсы. Биыл аталмыш медресе алғашқы шәкірттерін білім ұясынан ұшырды. Бітірген шәкірттердің 5-еуі жоғары білімін жалғастырса, өзгесі облыс, қала аумағындағы мешіттерде еңбек жолдарын бастады. Бүгінгі таңда діни тұрғыдағы сауаттылық мәселесі өте өзекті. Себебі, ислам атын жамылып, теріс ағымның қатерлі бағыттарын таратып жүрген топтар да кездеседі. Осындай ислам қағидаларын өздері түсінбейтін топтар өзгелерді, әсіресе, жастарды шатастырып, теріс жолға бағыттауға бейім-ақ. Осындай теріс пиғылдылардан жастарды алшақ тәрбиелеу өзекті мәселе болып тұр. Бұл мәселе тек имамдарға немесе мешіт қызметкерлеріне ғана қатысты емес. Мұндай ауқымды іске барлық саланың өкілдері жауаптымыз. Сондықтан да жастардың діни тұрғыдан сауатты болуы, жан-жақты хабардар, көздері ашық болуы өте қажет. Еліміздегі мешіттер саны жылдан-жылға артып келеді. Мұны біз өз облысымыздан, оның ішінде Тараз қаласынан да байқап отырмыз. Жақында ғана барша еліміз аса қуанышпен тойлаған Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында да облыс орталығына еңселі жаңа мешіттің бой көтергені белгілі. Бұл барлық тараздықтардың мерейі. Себебі, мешіттердің көбейгені имандылықтың артуына жол ашады. Ендігі мәселе сол имандылық ошақтарын сауатты, жан-жақты білімі бар имамдармен қамту болып отыр. Қаланың әр тұрғыны діни тұрғыдан мазалаған мәселесінің шешімін бас имамдардың уағызынан табатыны белгілі. Сондықтан, әрбір имамды тұрғындарды тәрбиелеуші, ізгі жолға жетелеуші деп бағалауға болады. Имамдардың жан-жақты білімді болу қажеттігі осындай жауапкершіліктен туындайды. Қалалық мешіттің бас имамы ретінде Тараздағы имандылық үйлерінің барлығына басшылық жасаймын. Қала мешіттеріндегі имамдардың жұмыстарын үйлестіремін. Бұл ретте өзіме жүктелер жауапкершіліктің жоғары екенін сезінемін. Діннің мемлекеттен бөлек екені белгілі. Алайда, біздер мешітке келген мыңдаған жамағатты ізгі жолға тәрбиелеп, имандылық жолына бағыттап, еліміздің өркендеуге жасаған қадамдарын қолдауға, патриот болуға, отанды құрметтеуге тәрбиелеуге тиіспіз. Мұны қала мешіттерінің бас имамдары жақсы түсінеді. Сейітқазы Медетбеков, Бекболат Мыңбаев секілді бас имамдарымыздың тәжірибесі өте мол. Өзге де білімді имамдарымыз жетерлік. Мешіт өкілдері жоғары оқу орындарын, қаладағы мекеме-ұйымдарды аралап, жастармен діни тұрғыда кездесулер өткізіп тұрады. Сондықтан, мешіт имамдары, дін өкілдері еліміздің жастарын, жалпы жамағатты игілік жолға тәрбиелеуде өнегелі жұмыстарын жалғастыра беретін болады.
Аят Алмаханов, Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы.
Тараз қаласы.