Қоғам қайраткеріне көше аты берілді
Қоғам қайраткеріне көше аты берілді
Сейілхан Аққозиев – халық жүрегіндегі тұлға
Тараз қаласындағы бұрынғы Мирзоян көшесіне қоғам қайраткері Сейілхан Аққозиевтің есімі берілді. С.Аққозыұлы – ұзақ жыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, ҚСР Жоғарғы Кеңесінің дептутаты болған, барлық күш-жігерін облысымыздың гүлденуіне, көркеюіне арнаған көрнекті тұлға. Көшенің ресми ашылу салтанатына зиялы қауым, ардагерлер, қала тұрғындары жиналды.
Қайраткерге көше атын беруге байланысты іс-шара арнайы белгі-тұғырға облыс әкімінің атынан гүл шоқтарын қоюдан басталды. Сондай-ақ, көше атын ресми жариялау құрметіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребеков, облыстың Құрметті азаматы Баттал Жаңабайұлы ие болды. Бекболат Серікбекұлы өз сөзінде көше атауын өзгерту жөнінде комиссия дұрыс шешім жасағанын айтып, Сейілхан Аққозыұлының еліміздің, облысымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына қосқан өлшеусіз еңбегіне жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ, ол тұрғындарды қайраткердің атына берілген көшені таза, жинақы, әдемі ұстауға шақырды. Ардагер журналист Баттал Жаңабайұлы қоғам қайраткерінің адамгершілігіне, парасат-пайымына, кісілік, кішілік келбетіне тоқталып тебірене сөйлесе, замандасы Анатолий Овсянников облысымызда құрылыс саласының ілгерілеуіне С.Аққозыұлының қосқан үлесі жайлы әңгіме қозғады. ҚР-ның Құрметті теміржолшысы Берікшал Имашев қайраткердің Тараз қаласындағы ірі құрылыстарды салдырған толағай еңбегін тілге тиек етсе, жас ақын Айбек Қадыралиев тұлғаға арнаған жыр жолдарын оқыды. С.Аққозыұлының ағайын-туыстары атынан Сайлау Батыршаұлы сөз алып, қайраткердің адами биік болмысына, ел тарихын терең білетін танымына тоқталып, жүрегі ел деп соққан ғажайып адамға жасаған құрметтері үшін облыс басшылығына алғысын білдірді.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Тараз қаласы.