Жанат пен Қанаттың жойқын соққылары
Жанат пен Қанаттың жойқын соққылары
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов кезекті жекпе-жегін жеңіспен аяқтап, WBA нұсқасы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағын иеленді. Монакода өткен кездесуде 32 жастағы қазақстандықтың қарсыласы 29 жасар венесуэлалық Йонфрез Парехо болды. 12 раундқа созылған жекпе-жек қазақстандықтың пайдасына аяқталды. Ұпай санымен жеңіске жеткен Жақиянов уақытша әлем чемпионы атағын иемденді. Осылайша, Жанат Жақиянов кәсіби рингтегі 26-шы жеңісіне қол жеткізді. Ал 19 кездесу өткізген Йонфрез Парехо 2-ші жеңілісіне ұшырады. Отандасымыз Жанат Жақиянов венесуэлалық Йонфрес Парехоны жеңгеннен кейін жеңілірек салмақтағы үздік боксшылардың рейтингінде екі орынға жоғарылады. Boxrec.com нұсқасы бойынша, Жақиянов 43-ші орыннан 41-ге көтерілді (73 ұпай). Йонфрез Парехо (72 ұпай) үш орынға төмендеп, қазақстандық боксшыдан кейінгі 42-ші орынды алды. Сондай-ақ, осы жексенбі күні 30 жастағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам мансабындағы 20-шы жеңісіне қол жеткізді. Қанаттың бұл жолғы қарсыласы Доминикан Республикасының 31 жастағы боксшысы Джонатан Батиста болды. АҚШ-та өткен алғашқы орта салмақтағы жекпе-жек бірінші раундта-ақ өз мәресіне жетті. Қазақстандық боксшы қарсыласын нокаутқа түсірді. Осылайша, Қанат Ислам өзінің кәсіби мансабындағы 20-шы жеңісіне қол жеткізсе, 23 жекпе-жек өткізіп үлгерген Джонатан Батиста 8-ші жеңілісіне ұшырады.
Топтаманы дайындаған Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».