«Енді ешкімнің басынан сипамаймыз»
«Енді ешкімнің басынан сипамаймыз»
Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов құрама боксшыларын олимпиадаға даярлау мақсатында шетелдік маман тартылады деген бапкерлер кеңесінің шешіміне қатысты түсініктеме берді. Сондай-ақ, ол Рио-де-Жанейро жолында боксшыларға қажетті негізгі қадамдар туралы VESTI.kz сайтына сұхбат берді.
– Мен бапкер кеңесінің бұл шешіміне қарсы емеспін. Кеңесші мамандардың әдіснамасы мен теориясы да өз көмегін береді деп ойлаймын. Бапкерлер кеңесінің төрағасы қазақ бокс мектебі жақсы екенін түсінеді. Алайда, физикалық дайындығымыз бен әдісімізге сәл сын көзбен қарап, түзетулер енгізу қажет-ақ. Бұл біздің бапкерлердің техника мен тактикасы әлсіз дегенді білдірмейді. Олар өздерінің міндеттеріне берік! Рио-де-Жанейро Олимпиадасы таяп қалды. Бізге үлкен нәтиже керек! – Ұлттық құраманың бас бапкері ретінде сіз бұған қалай қарайсыз? Бұл өзіміздің жаттықтырушы құрамның қолынан ештеңе келмейді дегенді білдірмей ме? – Бұған таңғалып қарайтындай ешқандай әбестік жоқ деп ойлаймын. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, біз бұдан ұтпасақ ұтылмаймыз. Сырттан келген маман боксшыларымызды жаттықтырмайды, ақыл-кеңес беретін болады. – Осы ретте айтыңызшы, ұлттық құрамаға қол ұшын береді деп нақты кімді, қандай маманды шақыртқалы отырсыздар? – Бұл мәселе қазір ойластырылу үстінде. Алайда, мен өзім Валентин Остьяновты ұсындым. Неге десеңіз, ол – бұдан бұрын да Қазақстанда жаттықтырушылармен бірге жұмыс жасаған білікті маман. Семинарлар өткізген. Украиналық білікті маман, ғылым кандидаты. – Сіз айтып отырған украиналық маман біздің ұлттық құрамамен жұмыс жасайтын болады дегенге сенімдісіз бе? – Оны мен шешпеймін, мен тек ұсындым! – Сіз, қанша дегенмен, бас бапкерсіз ғой, ойыңызбен санасатын, дегеніңізбен келісетін шығар? – Оны уақыт көрсетеді. – Әлем біріншілігінде өзбек құрамасы жақсы, нәтижелі ойын көрсетті дейтіндер көп. Осыған қаншалықты келісесіз? – Иә, Өзбекстан құрамасы жақсы дайындықта болды. Алайда, бұлай деп тек чемпионат нәтижесіне сай ғана айта аламыз. Шынтуайтына келсек, біздің жігіттер осы жылы үш бірдей маңызды жарыста қатарынан бақ сынады. Олардың қатарына бүкіләлемдік бокс сериясын қосамыз. Өйткені, бұл серияның жартылай финалдық және финалдық бәсекелері өте тартысты өтті. Жігіттер аталмыш додада бар күштері мен эмоцияларын сарқа жұмсады. Мұнан соң оғландарымыз Азия біріншілігінде нағыз спорттық бабында болды деп айта аламын. Бұл сын әлем чемпионатының алдында ұйымдастырылды. Дегенмен, олардың да ешқандай боксшысы әлем чемпионы атанған жоқ. Азиялық қарсыластардың қай-қайсысы да оңай шағылатын жаңғақ емес. Филиппиндіктер, таиландтықтар, моңғолдар, қытайлықтардың бәрі де жоғары дайындықпен келді. Әлбетте, бұл үш доданы айтып біз ақталғымыз келмейді. Иә, кейбір тұстарда ойлағанымыз жүзеге аспады. Қазіргі таңда біз сол жіберген қателіктермен жұмыс жасамақпыз. Әлем чемпионатындағы жекпе-жектерді саралай келе, жаттықтырушылар құрамы тактикалық тұрғыдан дайындықты қайта пысықтауды жөн деп ұйғарды. Кей кездесулердің алғашқы раундында есе жіберіп алып жаттық. Боксшылардың жеңіске деген жігерін арттыруымыз қажет. Соққыларды бағыттау тәсілін қайта күшейтіп, қайтадан қоюға тиістіміз. Сонымен қатар, қоян-қолтық ұрыстарға баса назар аудармақшымыз. Қазіргі таңда әлемде бокстасу мәнері кәдімгідей өзгерістерге ұшырап жатыр. Біз сол өзгерістерді назардан тыс қалдырмай, бәріне дайын болуымыз керек. Осы бастан жоғары қарқынмен жұмыстар жүргізуіміз қажеттігін түсінеміз. Өйткені, Олимпиада ойындарына үлкен дайындықпен баруға ниеттіміз. Біз ендігі дайындық жаттығуларымызды өз елімізде ғана емес, сырт елдерде де жүргізуді қолға алмақшымыз. Айталық, алдағы ақпан және мамыр айларында Ирландия мен кубалық былғары қолғап иелерімен бірге оқу-жаттығу өткізетін боламыз. Әлбетте, кім Олимпиада ойындарына жолдама алып қойса, солар алдағы халықаралық жарыстарда өнер көрсетеді. Ал кімде жолдама жоқ, оларды жолдамалық турнирлерге дайындаймыз. Ондай жолдамалық турнирлер Қытай, Болгария және Бакуде (Әзірбайжан) болады деп күтілуде. Сол үш елде өтетін кездесулердің нәтижесі бойынша Риоға баратын боксшыларымыз нақтыланады. Бірінші кезекте Иван Дычконы дайындаймыз. Ол – біздің бетке ұстарымыз. Содан кейін, әрине, 52 келідегі Олжас Сәттібаев – үміткер. Қалған төрт салмақтағы спортшыларымызды бапкерлермен кеңесе отырып таңдаймыз. Мүмкін бірді-екілі өзгерістер болуы мүмкін. Желтоқсан айында Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған турнир болады. Онда 64, 75, 81 келідегі боксшыларымыз бақ сынасады. Онда, тіпті, Әлімханов та, Ниязымбетов те бақ сынайтын болады.