2016 жылдың 1 шілдесіне дейін бірқатар облыстар жергілікті бюджет қаржысы есебінен нан бағасын реттей алады - С.Омаров
2016 жылдың 1 шілдесіне дейін бірқатар облыстар жергілікті бюджет қаржысы есебінен нан бағасын реттей алады - С.Омаров
2016 жылдың 1 шілдесіне дейін бірқатар облыстар жергілікті бюджет қаржысы есебінен нан бағасын реттей алады. Бұл туралы бүгін «Астана нан» ЖШС-інде болған баспасөз туры кезінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров мәлім етті.
«Сіздер бұл бағдарламаны жақсы білесіздер. Бұл бағдарлама 2009 жылы басталып, осы күнге дейін жалғасуда. Алғашқы сәтте астықты қайта өңдейтін кәсіпорындар үшін астық нарықтан төмен бағамен мемлекеттік қордан бөлініп келді. Одан кейін барынша нарықтық әдіске көшу қажеттілігі туындағаннан кейін 2013 жылдан бастап астықты қайта өңдейтін кәсіпорындар сатып алатын астық құнын субсидиялау қолға алынды. Мәселен, астықты қайта өңдейтін кәсіпорындар астықты нарықтан белгілі бір сомаға сатып алады. Ал айырмасы белгілі бір бағаға дейін мемлекет есебінен субсидияланды. Бастапқы сәтте субсидия көлемі астықтың 1 тоннасына 18 мың теңгені құрады. Ал ағымдағы жылдың қаңтарынан ол 14 мың теңгені құрады. Экономиканы жаңғырту жөніндегі комиссия отырысында біртіндеп субсидия көлемін төмендету арқылы нан бағасын көтереміз деген шешім қабылданды», - деді ол. Вице-министрдің атап өтуінше, сондықтан да жергілікті атқарушы органдар мен наубайханаларға тоқсан сайын бір бөлке бағасын 1,4 теңгеге қымбаттатуға мүмкіндік берілген. «Бастапқыда субсидия көлемі тоннасына 18 мың теңгені құраса, ағымдағы жылдың қаңтар айында оның көлемі 5 мың теңгеге дейін түсті. Ал бұл ретте нан бағасы өзгеріссіз қалды. Жалпы, бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы 11,5 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұған дейін жыл сайын шамамен 6-7 млрд. теңге бөлініп келген. Ағымдағы жылы сома үлкен. Себебі, бұған дейін бағдарлама 4-5 ай көлемінде жүзеге асырылса, ал биыл бағдарлама 9 айға созылды», - деді С.Омаров. Оның сөзіне қарағанда, сол себепті мемлекеттік комиссия 2016 жылдың 1 қаңтарынан нан бағасын субсидиялаудан бас тарту туралы шешім қабылданған. Себебі әлеуметтік нанды бай да, кедей де сатып алады. Ендігі уақытта әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек тетігі енгізілмек. Бұл шара мемлекет қаражатын біраз үнемдеуге де мүмкіндік береді. Алдын ала есептеулерге сәйкес әлеуметтік көмекке жылына шамамен 2 млрд. теңге қажет болады. «Барлық наубайханаларға нан бағасын көтеруге мүмкіндік берілді. Бірақ көптеген облыстар бұл мүмкіншіліктерін пайдаланған жоқ. Сондықтан да оларға 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін жергілікті бюджет қаржысы есебінен нан бағасын реттеуге мүмкіндік беріледі», - деді ол.