Саясат

Кәсіпкерлер үшін үлкен көмек

Кәсіпкерлер үшін үлкен көмек

Сәуле Рысбаева, «Рысбаева және К» ЖШС-ның директоры.

Қазақстан әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуі үшін бірқатар стратегиялық, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуі тиіс. Бұл - «Қазақстан-2050» Стратегиясының да басты мақсаты. Осыған байланысты биылғы сәуір айында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы қабылданып, бекітілгені белгілі. Бұл - жаһандық сын-қатерлерден туындайтын жағдайларға қарсы қолданылған айтулы шара, сондай-ақ, ішкі экономикалық өсімнің де ауқымын ұлғайтуға бағытталған кешенді бағдарлама екені даусыз. Инфрақұрылымды дамытуды өзек еткен бағдарламаның негізгі көздеген мақсаты - елдегі индустрияландыру саясатын нығайта түсу. Анығы, бүгінгідей әлемдік экономикада өсім төмендеп, нарықтың құбылуы, шикізат бағамының қауқарсыздануы байқалған заманда еліміздің экономикалық даму деңгейін құлдыратпау. Негізінен бағдарлама Қазақстанның қосымша экономикалық өсуін қамтамасыз етуге міндеттелген инфрақұрылымды дамытуға арналғанмен, ол экономикалық саясатты іске асыру тәртібімен жүзеге асырылуда. Оның негізгі бағыттарының бірі Индустриялық және туристік инфрақұрылымды дамыту болса, тағы бір бағыты кәсіпкерлік субъектілерді қолдау болып табылады. Осы орайда облыста бірқатар кәсіпкерлер аталған бағдарламаның шапағатын көріп отыр. Солардың қатарында мен басқарып отырған серіктестік те бар. Мен әуел бастан өз кәсібімді ашып, шаруамды тіктеу мақсатында мемлекеттік түрлі бағдарламалардың тиімді тұстарын пайдалануды машыққа айналдырғанмын. Соның арқасында өзім ғана емес, серіктестікте жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы азаматтарға да нәпақа табуға септесіп отырмын. Жалпы алғанда, «Нұрлы жол» бағдарламасының кәсіпкерлерді қолдау мен олардың белсенділігін арттыруға бағытталған бүгінгі алдыңғы қатарлы бағдарлама екенін сенімді түрде айтуға болады. Сонымен қатар, бағдарлама байыбына үңілсек, экономиканың қарыштап өсуіне жағдай жасап, қазіргі бар жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етуге түрткі болатыны көрініп тұр. Бұдан бөлек, іскерлік белсенділік пен өнімділікті және елдің транзиттік әлеуетін де арттырады деген сенімдемін. Тараз қаласы.