Сингапурдегідей оқу орны бізде де бар
Сингапурдегідей оқу орны бізде де бар
Гүлнәр ТҰРСЫНБЕКОВА, Тараз химия-технология колледжінің
директоры.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленуіне Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жалпыұттық іс-шаралар жоспарының 4-тармағы негіздеме етілгені баршаға мәлім. Бағдарламаға сәйкес 2019 жылға қарай мынадай нысаналы индикаторларға, атап айтқанда, еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 32,7 пайызға өсуін қамтамасыз етуге, 402,6 мың адамға арналған жұмыс орындарын құруға қол жеткізуге тиіспіз. Бұл мақсатқа қаражат бөлінеді деп күтілуде.
Әлемде аумағы жөнінен тоғызыншы орынды иеленетін Қазақстан жер жағдайына байланысты елдің бірыңғай экономикалық нарығын қалыптастыру үшін елдің макроөңірлерін хаб қағидаты бойынша инфрақұрылымдық ықпалдастыру арқылы аумақтық дамыту қамтамасыз етілмек. Бұл – еңбек және өндіріс ресурстарын бөлудегі теңгерімсіздік пен теңсіздік деңгейін төмендетеді, инфрақұрылымдық қолжетімділік пен макроөңірлердің өзара байланысын нығайтады, іскерлік және экономикалық белсенділіктің өсуіне маңызды әлеуетті серпін береді. Атап айтқанда, Астана – солтүстік, Өскемен – орталық-шығыс, Ақтөбе – батыс, ал Шымкент пен Алматы оңтүстік макроөңірлердің хабына айналмақ. Бұл өңірлердің басқа ірі мегаполистері екінші деңгейдегі қалалар ретінде дамытылып, ал «шұғыл» қағидаты бойынша, міне, осы аталған хабтармен тығыз байланыста тіршілік ететін болады. Хабтар капитал, ресурстар, озық өндірістер мен технологиялар шоғырланған орталықтарға айналып, макроөңір деңгейінде өсу генераторы қызметін атқарады. Олар өмір сүрудің және экологиялық стандарттардың деңгейі жоғары, индустриялық өсу орталықтары ретінде қалыптаспақ. Бүгінгі күнге дейін елімізде 10 арнайы экономикалық аймақ қалыптастырылғаны белгілі. Мұндай құрылымдарға былтырға дейін мемлекет қазынасынан 175,8 миллиард теңге қаражат бөлінген болатын. Олардың үшеуінің инфрақұрылымдары толықтай жасалып бітті. Ал қалған жетеуінде бұл тұрғыдағы әзірлік жұмыстары әртүрлі деңгейде. Ал қолданыстағы арнайы экономикалық аймақтар аумағында бүгінде 115 өндіріс жұмыс істеп тұр және 73 жоба қарқынды іске асырылу үстінде. АЭА қатысушылары 251 миллиард теңге көлемінде инвестицияларды жүзеге асырды. Өндірілген өнім көлемі 300 миллиард теңгеге жуық. Шамамен 6 мың жұмыс орны құрылды. Индустриялық аймақтар шағын және орта бизнесті дамыту, өңірлер экономикасын әртараптандыру бағытындағы өңірлік инфрақұрылым әлеуетіне де ие бола бастады. Сондай-ақ, ел көлемінде 25 индустриялық аймақ құрылған. Оның ішінде, былтырғы жылдың басындағы мәлімет бойынша, 10 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Индустрияландырудың қазіргі қарқынының өзі таяу жылдарда елімізде жұмыссыз бірде-бір азамат болмайтынын, әсіресе, өндіріс жұмысшыларына сұраныс деңгейі өсе түсетіндігін де көрсетуде. Индустриялық аймақтарды дамыту саясаты өңірлік мамандануды, кластерлік даму қағидатын және жергілікті бизнестің мүмкіндіктерін ескеретін болады. Осы ретте облыс орталығында былтыр Елбасы тапсырмасына сәйкес ашылған 600 орындық Тараз химия-технология колледжі «Нұрлы жол» бағдарламасы өңірде сәтімен жүзеге асырылуына, өндіріс орындарының қажетті мамандармен толықтырылуына өзіндік үлесін қосатын заманауи оқу орындарының бірі де бірегейі екенін ерекше атап өткіміз келеді. Оның ашылу салтанатына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзі келіп қатысып, тұсауын кескені кеудемізге мақтаныш сезімін де ұялатады. Мемлекет басшысының колледж оқытушылары құрамы мен студенттерімен кездесу барысында «Индустрияландыру бағдарламасын орындаудың алғашқы бес жылында 770-тей кәсіпорын салынды, тек осы жылдың өзінде 75 нысан іске қосылды. Инновациялық технологияларды дамытуға арнайы көңіл бөлінетін болады. Осы колледж базасында қуатты техникалық кластер дамып келеді. Елімізге кен өндіру кәсіпорындарында да, өңдеу кәсіпорындарында да жұмыс істей алатын химик-инженерлер, білікті мамандар керек. Қажетті мамандыққа ие болған түлектер Қазақстанның барлық жерінде жұмыс істей алады» деп технологиялар мен өңдеуші салалар есебінен дамып келе жатқан Еуропа мен Азияның жетекші мемлекеттері үлгісімен елімізде баламалы экономика құрудың маңыздылығын ерекше атап өткен еді. Бүгінгі таңда Шу ауданының аумағында Елбасы Жарлығына сәйкес құрылып жатқан «Тараз химия паркі» еркін экономикалық аймағында әлемдік талаптарға сай химия өнімдерін шығаратын 20-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді деп жоспарлануда. Колледж жанынан өңірдегі химия саласына қажет мамандар даярлайтын заманауи оқу орталығы ашылуы да содан. Облысымызда химия саласына 9 мамандық бойынша кадр даярлау ісімен бүгінде 7 колледж айналысуда. Яғни, колледждерде білім алып жатқан 30 мың студенттің 1500-і – болашақ химияшылар. Ал біздің колледжіміздің «Kazakhstan Petrofac B.V.» компаниясының Сингапурдегі оқу орнынан бір де кемі жоқ. Мұнда барлығы 12 мамандық бойынша кадрлар даярланады. Сондай-ақ, мұнда химия өндірісі мамандарын қайта даярлықтан өткізу және біліктіліктерін арттыру ісі де жүзеге асырылады. Оқу орны 600 адамға лайықталған әрі заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Колледж инфрақұрылымы оқу шеберханаларын, зертхана бөлмелерін, компьютер сыныптарын, мультимедиа және лингафон кабинеттерін, компьютер залы бар кітапхананы, 200 орынға арналған жатақхананы қамтиды. Мұны да «Нұрлы жол» бағдарламасының елге, болашақтың тұтқасын ұстайтын жастарға шапағаты тиіп, өңірде білім беру бағдарламасының Елбасы бастамалары мен тапсырмаларына сай жүзеге асырылып жатқанының бір көрінісі деуге болады. «Нұрлы жолдың» атынан көрініп тұрғандай ел-жұртымызды нұрлы болашаққа бастайтын, береке мен бақуаттылыққа бөлейтін бірегей бағдарлама, жарқын жол боларына бек сенімдіміз. Тараз қаласы.