Экономика

Ауылдың моншасы

Ауылдың моншасы

Мойынқұм ауылында 8500 тұрғын есепте тұрады. Бұрын аудан басшыларының атына ауылда қоғамдық моншаның жоқтығына байланысты алқалы жиындарда жиі сын айтылатын. Аулаларында жеке монша салуға әркімнің шамасы келе бермейді. Сондықтан да, бірқатар тұрғындар оған түсу үшін Шуға барып келетін. Мұның өзі едәуір қаражатты қажет ететін. Осы олқылықтың орнын кәсіпкер Сәбит Алыпбаев толтырды. Ол өткен жылы аудан орталығындағы қаңқасы қалған монша ғимаратын сатып алды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 6 пайыздық өсіммен 5 жыл мерзімге 3 миллион теңге несие алып, оған 9 миллион теңге жеке қаржысын қосып, ғимаратты күрделі жөндеуден өткізді. Жуырда бір мезгілде 35 адам шомылатын қоғамдық монша іске қосылды. Жаңа 5 жұмыс орны ашылды. Бағасы қолжетімді. Шәй ішіп, демалатын бөлме бар. Оған тұрғындар көптеп келуде. – Алда жоспар көп. Ғимараттың ауласын қоршап, гүл және сәндік ағаштар өсіреміз. Келешекте нысанды кеңейту де көзделуде. Қазір монша аптасына үш күн жұмыс істейді. Қыста төрт күндік жұмыс кестесіне көшеміз, – дейді Сәбит Алыпбаев.