Оқырман ойы – олжамыз
Оқырман ойы – олжамыз
Газет – оқырманымен бағалы. Бұл ретте облыс баспасөзінің қара шаңырағы саналатын 90 жылдан астам тарихы бар «Ақ жол» газетінің көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандары бір қауым халық екендігін мақтанышпен айта аламыз. Басылым ұжымы оқырмандармен байланысты нығайтуды, елмен етене болуды басты назарда ұстайды. Оқырмандардың ой-пікірі мен талап-тілегі, ұсыныстары мен мұң-мұқтаждарына қатысты мәселелерді тыңдауға, оны басылым бетінде жария етуге де «Ақ жол» әрқашан дайын, ынтызар. Осы мақсатта газетіміздің бас редакторының орынбасары Фариза Әбдікерімова, тілші Есет Досалы бастаған топ мерейлі Меркі жеріне арнайы ат басын бұрды.
Газет оқырмандарымен өткен кездесу жиынды аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов ашып, жүргізіп отырды. Аудан басшысы алдымен өңірде атқарылған жұмыстар жайында әңгімелеп, Меркі ауданының өндіріс саласында облыс бойынша ең озық көрсеткіш көрсеткенін, ауыл шаруашылығы саласында да ауқымды жобалар қолға алынғанын, аудан орталығында жуырда «Мега Меркі» ойын-сауық орталығын ашу межеленіп отырғанын, осы бағыттағы келелі істер алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін атап көрсетті. Келесі кезекте «Ақ жол» газеті бас редакторының орынбасары Фариза Әбдікерімова сөз алып, басылымның қазіргі заманға сай түрленіп, түрлі қосымша беттер арқылы мазмұны байып келе жатқандығына тоқталды. – Облыс баспасөзінің қара шаңырағы билік пен халық арасын жақындата түсуге, өңірлердегі түрлі түйткілді мәселелерді көтеріп, қоғамдық ойды қозғауда өзіндік бет-бейнесін қалыптастырды. Бүгінде газет ұжымы жас мамандармен толығып, бәсекеге сай, оқырманға тартымды, мазмұнды мақалалар жариялау жолында барынша ізденіс үстінде, – деді ол өз сөзінде. Мұнан соң Фариза Жорабекқызы жиналған жұртшылықты пікір алмасуға шақырды. Өз кезегінде тұрғындар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылды. Мәселен, аудан әкімдігінің қызметкері А.Әсілбайұлы сын мақала жазғанда байыпты болуға шақырса, Ойтал ауылының әкімі Қ.Шайхиев соңғы кездері саны бар, сапасы жоқ басылымдар көбейгенін меңзеп, ел еңсесін тіктеу жолында еңбек ететін басылымдардан басқасын «жазылым кестесінен» алып тастаса деген ұсынысын айтты. Ал мектеп мұғалімі А.Сұлтанова болса, газет тасымалдаушылардың жұмысына салғырт қарайтынын, аптасына үш рет шығатын «Ақ жол» газетінің қолдарына кешігіп тиетініне алаңдаушылық білдірді. «Осы түйткілді мәселенің бір шешімі болса», – деді. Сонымен қатар, ұзақ жылдар тіл жанашыры ретінде жұмыс атқарған Е.Абашов қария аудан жайлы жылт еткен жаңалықты газет бетінен көруге ынтызар екенін білдіріп, бұл тұрғыда басылымымыздың бірінші бетінде жарық көретін «Жамбылда не жаңалық?» ақпараттар ағынында Меркі жаңалықтары көбірек берілсе деген өтінішін білдірді. Басқа да көптеген оқырмандар сұрақтар қойып, пікірлерімен бөлісті. Мұнан соң шығармашылық топ аудандағы №39 Темірбек Қожакеев атындағы орта мектеп-гимназиясына ат басын бұрып, ұстаздармен кездесті. Жас ұрпаққа саналы білім, сапалы тәрбие беріп жүрген ұстаздар да бас басылымның қазіргі мазмұнына, ізденісіне риза екендігін жеткізді. Келесі кезекте «ақжолдықтар» аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықтағы Кеңес, Ақермен ауылдарында болып, өңірдегі бірқатар өндіріс орындарын аралап, онда да оқырмандардың ой-пікірлерін, ұсыныстарын тыңдады. Мерейлі Меркі жеріндегі көз көріп, көңілге тоқыған жайттар жайында алдағы уақытта газетімізде жарияланатын болады.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Меркі ауданы.