Экономика

Сазан да қазан қайнатады

Сазан да қазан қайнатады

«Мыңарал компаниясы» ЖШС қалдықсыз технологиямен жұмыс істейді

Балық – құнарға бай жеңсік астың бірі. Оның адам ағзасының қызметін жақсартуда маңызы орасан зор. «Мыңарал компаниясы» Мыңарал ауылындағы ұзақ жылдардан бері жұмысы тоқтап, қаңқасы қалған балық зауытының жұмысын жаңғырту үшін ірі жобаны қолға алған болатын. Құны 600 миллион теңге жоба облысымыздың Индустрияландыру картасына енгізілген. Кәсіпорынды қайта жарақтандыру 2013 жылы қолға алынды. Қысқа мерзімде мұнда ауыз толтырып айтарлықтай игілікті іс тындырылды. Бұрынғы ғимараттар күрделі жөндеуден өткізіліп, Түркия, Қытай және Ресей мемлекеттерінен заманауи үлгідегі жабдықтар жеткізіліп, орнатылды. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде жылына 1,5 мың тонна балық өңдейді. Зауыт өткен жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Онда балықты мұздатып, сыртын және ішкі құрылысын тазалайтын, дайын өнімді буып-түйетін, ұнтақ жасайтын цехтар бар. Мұз жинақтайтын қойма жұмыс істейді. Балық етінен филе жасалады. Келешекте мұнда оны қалбырлайтын, етін тартатын желілер іске қосылады. Өндіріс қалдықсыз технологиямен жұмыс істейді. Су «маржанының» ішкі органдары арнайы цехта қайнатылып, одан балық ұны жасалады. Аталған өнім тауық және шошқа өсіретін кәсіпорындарға жөнелтіледі. Балқаш – балыққа бай көл. Оның айдынында табан, ақ марқа, мөңке, сазан, торта, көксерке, жайын және жыланбас сияқты балықтар бар. Оларды өзімізге бекітілген аумақта 18 кемемен аулаймыз. Олардың төртеуі ауланған су жәндіктерін қабылдайды. Әзірге зауытта аулау және өңдеумен 50 адам шұғылданады. Олардың 34-і – жергілікті тұрғындар. Орташа жалақы – 50 мың теңге. Қазір күнделікті 1,5 тонна су «маржандары» ауланып, өңделуде. Іш-құрылысы тазаланып, кептірілген өнім 6 тоңазытқышта сақталады. Олар бір мезгілде 3 тонна өнімді салқындатады. Кәсіпорынның аулау және өңдеу жөніндегі әлеуеті зор. Әйтсе де Балқашта өзімізге бөлінген айдын аумағының аздығына байланысты толық қуатымызда жұмыс істей алмай отырмыз. Айдын аумағын ұлғайту жөніндегі өтінішімізді құзырлы органдарға жолдадық. Бұл істе бізге аудан және облыс басшылары үлкен көмек көрсетуде. Келешекте бұл мәселенің оң шешімін табатынына сеніміміз мол. Балықшыларымыз қолда бар техникамен күнделікті 4-5 тоннаға дейін балық аулай алады. Егер осындай нәтижеге қол жеткізсек, келешекте тағы да 100 жаңа жұмыс орнын ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Өңделген өнім әзірге жергілікті нарыққа шығарылуда. Бағасы қолжетімді. Келешекте сапалы балық өнімдерін еліміздің аумағына және экспортқа шығаруды көздеп отырмыз. Жұмысшыларымыздың өнімді жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Оларды арнайы көлікпен таңертең үйлерінен алып келеміз, кешке апарып тастаймыз. Түсте бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бәсекеге қабілетті тауарға сұраныс қашан да жоғары. Бізге де тапсырыс берушілер қатары көбейіп келеді. Дайын өнімді жеткізіп беретін техникамыз да жеткілікті. Мұның өзі өнімнің өзіндік құнын арзандатуға да игі ықпалын тигізуде.

Сергей Ни, «Мыңарал компаниясы» ЖШС-ның директоры.