Өндірісті өңірдің келешегі зор
Өндірісті өңірдің келешегі зор
Мойынқұм – облысымыздың аумағының 42 пайызын (55,5 мың шаршы шақырым) алып жатқан, жеріне Батыс Еуропадағы Голландия немесе Бельгия сияқты мемлекет сиятын, флорасы мен фаунасы өзгеше өңір. Үстінде егін жайқалған, төсінде мал мыңғырған аймақтың асты алуан асыл кенге толы. Кеңестік кезеңде осы атыраптың алтын, күміс, барит, тақтатас, әк және гранит шикізаттары темір жол арқылы өңдеу үшін вагондармен одақтас республикаларға толассыз жөнелтілді. Шикізат жергілікті жерде өңделмегендіктен, қазақстандықтар, оның ішінде мойынқұмдықтар өз жерінде өндірілетін пайдалы қазба байлықтың қызығы мен игілігін көре алмады. Еліміз егемендік алғаннан кейін қойнауы құтқа толы өңір қайта түледі. Мемлекет қолдауымен жер қойнауынан өндірілетін қазба байлықтарды өзімізде өңдеп, дайын өнім шығару қолға алынды. Мойынқұм аграрлы әрі өндірісті өңірге айналды. Бүгінде мұнда мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму, «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Агробизнес-2020» және басқа да бағдарламалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде ел игілігі жолында көптеген нысандар пайдалануға берілуде. Шағын және орта бизнесті дамыту дұрыс жолға қойылып, өндіріске инновациялық технологиялар кеңінен енгізілуде.
Бақытжан Нүркенов, Мойынқұм ауданының әкімі.
Аудан агроқұрылымдары мен өндіріс орындары үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысында ауыз толтырып айтарлықтай игілікті нәтижелерге қол жеткізді. Осы мерзімде өндірілген аймақтық жалпы өнім көлемі 2918,8 миллион теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, 4,7 пайызға артық. Аймақтық жалпы өнімде өнеркәсіп өнімінің үлес салмағы 81,9 пайызды құрап, 23869,3 миллион теңгеге жетті. 2014 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, өнім 5,6 пайызға артық өндірілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі былтырғыға қарағанда, 5,5 пайызға артып, 2986,8 миллион теңгеге жетті. Кәсіпкерлік тауарларын өндіруде де ілгерілеу бар. Соңғы жылдары аймақ алып құрылыс алаңына айналды. Еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында көптеген ірі жобалар жүзеге асырылуда. Облысымыздың Индустриялық картасына енгізілген олардың біразы іске қосылып, нарыққа өтімтал тауарлар шығаруда. «Алтын алмас» ЖШС-ның Ақбақай филиалы 2015 жылдың 9 айында 771 килограмм алтын, 178 килограмм күміс өндірді. Осы мерзімде «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС табысты жұмыс істеді, 13874,7 миллион теңгенің 1013 мың тонна цементін шығарды. Гранит бордюрын өндіретін «Аль-Басар» ЖШС жұмыс ырғағынан жаңылмауға күш салуда. Кәсіпорын 9 айда 65,6 миллион теңгенің 1632,9 тонна гранит бордюрын шығарды. «Хантау цемент зауыты» ЖШС осы мерзімде 1449,8 миллион теңгенің 131,7 мың тонна цементін өндіріп, өткерді. «Эврика-барит» ЖШС халық шаруашылығына аса қажетті барит концентратын өндіреді. Тапсырыспен жұмыс істейтін кәсіпорын 101,5 мың тонна тауар шығарды. Гранит өндіріп, өңдейтін «Көптас» және «Оргстрой» серіктестіктері тауар өндіру көлемін бірнеше есе арттырған. Мыңарал ауылында орналасқан «Мыңарал компаниясы» ЖШС 600 миллион теңге инвестиция салып, 1,5 мың тонна балық өңдейтін зауытты қайта жарақтандырып, іске қосты. Серіктестік әзірге өнімін жергілікті нарыққа өткеруде. Ауданда үстіміздегі жылы облысымыздың Индустрияландыру картасына енген жалпы сомасы 2 миллиард 290 миллион теңгенің үш инвестициялық жобасын іске асыру көзделген. «Казгранит» ЖШС Мирный ауылындағы Шолпан стансасында жылына 30 мың шаршы метр брусчатка, 6 мың шаршы метр гранит блоктарын шығаратын жобаны жүзеге асыруға кірісті. Жоба құны – 462 миллион теңге. Өндіріс орны іске қосылғанда, тұрақты 40 жұмыс орны құрылады. Қазір оған қажетті жер телімі бөлініп, нысанның іргетасы қалануда. Ақсүйек ауылында орналасқан «Ертай» ЖШС жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын Ақсүйек байыту фабрикасын модернизациялау арқылы флотациялық-гравитациялық байыту жобасын іске асыруда. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде, 18 мың тонна мырыш және қорғасын концентратын өңдейді. Мыңарал ауылдық округіндегі Қашқантеңіз ауылындағы «Тенардит» ЖШС сульфат натрий мен техникалық тұз өндіретін кәсіпорынның құрылысын жүргізуді көздеуде. Жобаны 2016 жылдың 3-тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Ол толық қуатында жұмыс істегенде, 28 адам жұмыспен қамтылады. Ауыл шаруашылығы саласында да қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан игілікті шаруалар аз емес. Есепті кезеңде 31201 центнер ет, 58463 центнер сүт, 1169 мың дана жұмыртқа және 2868 центнер жүн өндірілген. Бұл 2014 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда біршама артық. Биыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тапсырмасы бойынша ауданда 68800 тонна пішен әзірленуі тиіс болатын. Шаруаларымыздың қолда бар мүмкіндікті ұтымды пайдалануы нәтижесінде 83600 тонна шөп дайындалды. Агроқұрылымдар еккен жаздық арпа және дәндік жүгеріден де тәуір түсім алынған. Тары, картоп, күнбағыс және бақша дақылдарынан жиналған өнім де көңіл тоғайтады. Әйтсе де, аудан масақты дақылдар бойынша өзін қажетті өніммен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан да астық пен көкөністің біраз бөлігін сырттан жеткізуге тура келеді. Мұның өзі тұрғындардың қалтасын қағады. Мойынқұмда бұл мәселені шешудің жолы қандай? Осыдан төрт ай бұрын аудан басшылығына тағайындалған кезде барлық елді мекендерді аралап, тұрғындардың мұң-мұқтажы, өтініш-тілектерімен таныстық. Оларды қағазға жазып алдық. Кеңестік кезеңде мұнда 8 мың гектардан астам суармалы жер болған. Ірі агроқұрылымдар тарап, егістіктерге су жеткізетін каналдар қараусыз қалып, оларға жиде, жыңғыл және басқа да өсімдіктер өсіп кеткен. Шаруа қожалықтарының оларды тазалайтын шамасы жоқ. Соның салдарынан ауданда небәрі 4 мың гектар суармалы егіс қалған. Олардың өзі ұтымды пайдаланылмайды. Аудан аумағына Шу өзенінен су 12 каналмен жеткізіледі. Олардың барлығының жағдайы алаңдатарлық. Тазалап, жөндеу үшін қыруар қаржы қажет. Сондықтан біз олардың құжаттарын облыстық «Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу» басқармасына өткіздік. Таяуда аудандағы лауазымды тұлғалармен бірге суармалы егістіктерді араладық. Бірқатар шаруа қожалықтарының иелеріне нарықта сұранысқа ие дәнді дақыл, тары, жүгері және бақша дақылдарын егуге тапсырма берілді. Өсімдіктерді өсіру үшін оларға қолдау, көмек көрсетіледі. Егер егіншілер бұл талапты орындамаса, олардың жерлері қайтарылып, жұмыс істейтін шаруаларға беріледі. Израиль мемлекеті Мойынқұмдыкіндей шөлейтті жерде орналасқан. Онда егістіктің 98 пайызы жаңбырлату және тамшылату арқылы ылғалдандырылады. Мұның өзі оларға су тапшылығын еңсерумен қатар, алқаптарда арамшөптің қаулауына жол бермеуге және мол өнім өсіруге мүмкіндік беруде. Бізде де осы технологияны кеңінен қолға алатын уақыт жетті. Үстіміздегі жылы Кеңес ауылында «Ақ ниет» шаруа қожалығы 2 гектар жерге қызанақ және осы мөлшердегі жерге жүгері егіп, тамшылатып суару тәсілін қолданды. Соның нәтижесінде 22 тонна қызанақ және 4,5 тонна қияр алды. Жаңа технологияның артықшылығы көп екеніне кеңестіктердің көзі анық жетті. Енді оны басқа агроқұрылымдарда кеңінен қолдану үшін түсінік жұмыстары жүргізілуде. Біз бұл өңірде тамшылатып суару арқылы ғана мол өнімге қол жеткіземіз. Мойынқұм – жері кең, шөбі шүйгін, мал өсіруге қолайлы өңір. Ауданда кейінгі кезде төрт түлік өз төлі есебінен көбейтілуде. Үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысында ірі қара мал өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, 2,9 мың басқа (27,7 мың бас), қой-ешкі 7,5 мың басқа (157,1 мың бас), жылқы 218 мың басқа (5,9 мың бас), түйе 16 басқа (1011 бас) көбейген. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2011-2014 жылдар аралығында 14 шаруа қожалығы 1008 бас ірі қара сатып алған. «Біржан», «Ақтөре», «Бекіре», «Мерей» және «Ынтымақ» шаруа қожалықтары пайыздық өсімі төмен несиеге асыл тұқымды сиырлар мен бұқалар алып, өсіруде. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Бақнұр» шаруа қожалығы 300 бас қой, 15 бас қошқар алған. «Құлан» бағдарламасы аясында «Мойынқұм несиелік серіктестік» арқылы 1 шаруа қожалығы 22 миллион теңгеге несие алуға құжаттарын әзірлеуде. Өткен жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша 1 шаруа қожалығы 22 миллион теңгеге 80 бас жылқы сатып алды. Мойынқұмның жерінде бірнеше миллиондап мал өсіруге мүмкіндік бар. Өткен жылы «Мойынқұм агро» және «Түрікпен агрофирмасы» ЖШС-ларының филиалдары асыл тұқымды жылқы және мүйізді ірі қара әкеліп, өсіре бастады. Оларға аудан аумағынан 30 мың гектарға жуық жайылымдық жер бөлінді. Аталған агроқұрылымдар «Аграрлық несие корпорациясынан» несие алу үшін құжаттарын Алматы облысында рәсімдеген. Ал қора-жайларын аудан аумағында салып, малын біздің жерімізде өсіруде. Жұмысқа негізінен жергілікті азаматтарды тартуда. Біз қазір аталған серіктестіктердің филиалдарын ауданда тіркеу үшін жұмыс жүргізудеміз. Екі агроқұрылым асыл тұқымды мал өсіріп, оны өз төлі есебінен көбейту және мал бордақылау алаңдарын салу үшін бұл жобаға 5 миллиард теңге жұмсауды көздеп отыр. Алған жерлерінде қора-жайлар мен шопандар тұратын үйлер салуда. Ауданда 616 шаруа қожалығы бар. Көптеген агроқұрылымдарда техника жоқ, барының өзі ескі. Сондықтан да олар қарамағындағы жерді игере алмай отыр. Жылжымайтын мүлкі және техникасы жоқ болғандықтан, олар несиеге де қол жеткізе алмай келеді. Бұл тығырықтан шығудың жолы ірілендіру екені қожалық басшыларына жүйелі түсіндіріліп келеді. Облысымыздағы ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру жөнінде 2013-2020 жылдарға арналған бағдарлама бойынша Мойынқұм ауылынан «Үркер» шаруа қожалығына Мойынқұм, Жамбыл және Қылышбай ауылдық округтерінен 8 шаруа қожалығын және Бірлік ауылынан «Мәдуар» шаруа қожалығына 7 шаруа қожалығын біріктіру жөнінде құжаттар әзірленуде. Іріленген агроқұрылымдардың несие және лизингке техника алуына мүмкіндіктері жоғары болады. Жалпы, өндірілетін өнім көлемі көбейіп, өзіндік құны төмендейді. Өнім өңдеу цехтары ашылып, дайын өнім шығаруға кең мүмкіндік ашылады. Ірілендірудің уақыт ағымына сай жүргізілмеуінен шаруа қожалықтары қажетті техника алуға қол жеткізе алмай келеді. Мәселен, соңғы жылдары ауданда небәрі лизингке және өз қаржыларына 15 дана «МТЗ-80» тракторы сатып алынған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде шағын және орта бизнес экономикамыздың драйвері болуы керек деген міндет қойды. Еліміз, оның ішінде облысымызда оны өркендету жолында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Кейінгі кезде бұл өңірде де шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қатары көбейіп келеді. Ауданда ағымдағы жылдың 9 айында 889 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның 796-сы жұмыс істеп тұр. Осы мерзімде 606,5 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілген. Бұл саладан бюджетке 64 миллион теңге түскен. Бізде қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектілерінің дені күре жолдардың бойына орналасқан. Кейінгі кезде мұндай нысандарды олар ірі елді мекендерде сала бастады. Соның нәтижесінде кафе, шаштараз, дүкен және қонақ үйлер көбейіп келеді. Жаңа бизнес бастаманы қолға алып, шикізат өңдеуге ұмтылушылар да бар. Мәселен, таяуда кәсіпкер Серғазы Қылышбаев сұңғыла өсімдігінің тамырын өңдеп, одан дәрілік өнім шығарды. Бұл – Қазақстан ғана емес, ТМД-да алғаш қолға алынып отырған игілікті іс. Ауданда екі білегін сыбанып, өз ісін ашқысы келетін азаматтар аз емес. Әлбетте, істі бастау үшін әуелі қаржы қажет. Мойынқұмдықтар қажетіне қарай несие алу үшін екінші деңгейлі банктерді жағалайды. Әйтсе де, олардың көпшілігінің мойынқұмдықтар десе, көзі жұмылып, құлағы тарс бітеліп қалған. Ауданның алыстығын, кепілге қоятын мүліктің жарамсыздығын алға тартып, жұртты сабылтып, жігерін жасытады. Шағын кәсіпорындар ашу үшін айналдырған 2-3 миллион теңге ала алмай, сағы сынып, тауы шағылып жүргендер көптеп кездеседі. Егер екінші деңгейлі банктердегілердің беті бері қарап, мойынқұмдықтарға шағын несие беретін болса, кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндік бар. Елді мекендерді аралаған кезде көптеген кәсіпкерлердің сүт, ет өңдейтін цехтарын ашуға деген ұмтылысын көріп, қуандық. Малдың жүні мен терісін өңдеуге құлшынып отырғандар да аз емес. Жылыжай және алма шаруашылығын дамытуға ынталы азаматтар да көп. Оларды тек қолдау және қаржылай демеу көрсету керек. Мойынқұмда бүгінде 32 мың адам тұрады. Олар – қиындықтарға қарамастан, туған жерін тастамай түлету үшін қалып кеткен азаматтар. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз кәсіптерін ашып, ел игілігі үшін қызмет етіп жатқан олар аймақтың гүлденіп, қайта түлеп келе жатқанына қуанады. Ертеңіне сеніммен қарайды.