Спорт және туризм

Жан мен тәннің жарасымы

Жан мен тәннің жарасымы

Көркем гимнастиканы серік еткендердің сайысы

Тараз қаласындағы №1 спорт мектебінде көркем гимнастикадан Тараз қаласының ашық чемпионаты басталды. Бұл спорт додасына еліміздің Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Байқоңыр, Қарағанды, Қызылорда, Петропавл, Степногорск, Талдықорған, Өскемен, Шымкент, Қаратау және Тараз қалаларынан екі жүзге жуық жасөспірім спортшылар қатысуда. 

Ашық чемпионаттың ашылу салтанатында Тараз қалалық мәслихаттың хатшысы Балабек Нарбаев сөз сөйлеп, еліміздің бірнеше қаласынан келген жасөспірім спортшыларға сәттілік тіледі. Облыстық ардагер спортшылар алқасының төрайымы Мария Лобанова көркем гимнастика спортын өмірлеріне серік еткен жасөспірімдердің осы жолда табысты болуына ниет білдірді. Жарысты Тараз қаласы әкімдігі ұйымдастыруда. 14 қаладан жиналған жас спортшылар арасында тараздықтардың да бәсі жоғары болатынына сеніміміз бар. Спортшылар жеке және топтық кезеңдер бойынша сынға түседі. Жарыстың бас төрешісі – Елена Сизикова. Бәсеке алдағы дүйсенбі күні аяқталады. Жарыс қорытындысы жайлы газетіміздің келесі санында толық жариялайтын боламыз.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.