Шаруа қожалықтары мен серіктестіктерге сенім артамыз
Шаруа қожалықтары мен серіктестіктерге сенім артамыз
Қасық ауылдық округінің әкімі. Аудан орталығына таяу орналасқан біздің ауылдық округте ондаған ұлт өкілдерінен тұратын төрт жарым мыңнан астам халық бар. Бұл – сегіз жүзге тарта аула. Ауыл тұрғындарының дені жүзден астам шаруа қожалықтары мен екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрамында жұмыс істеп, несібелерін айыруда. Елуге жуық азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, сауда орындарын ашып, тағы басқа қызмет түрлерімен айналысып келеді. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша сегіз адам мемлекеттен шағын несие алып, бірі автокөлік жөндейтін станса ашса, қалғандары мал шаруашылығымен айналысып, біраз адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауыл тұрғындарының және шаруа қожалықтарының есебінде сегіз жүзден аса ірі қара, он мыңға жуық қой-ешкі, екі жүздей жылқы, алты мыңдай үй құстары бар. Ауыл тұрғындарының тіршілік көзі деп осыларды атауға болады. Округте өндіріспен айналысатын екі ЖШС – кірпіш зауыты және топырақ, құм өндіретін карьер жұмыс істейді. Сонымен қатар, бірнеше жылдан бері ұлттық сусындар дайындайтын «Шоро-Қордай» қазақ-қырғыз бірлескен кәсіпорны жазғы маусымда он шақты адамға жұмыс орнын ашып, аудан тұрғындарын шоро, мақсым, шалап тәрізді дәмі тіл үйіретін салқын сусындармен қамтамасыз етуде. Ауыл көркі жыл өткен сайын жақсарып келеді. Жаңа, сәулетті тұрғын үйлердің қарасы көбеюде. Қасықта 640 орындық мектеп, мектеп ішінде елу орындық шағын орталық, одан бөлек 75 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория, мешіт, Мәдениет үйі, пошта бөлімшесі тұрғындарға қызмет көрсетеді. Өткен жылы ауылдық Мәдениет үйіне 109 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделуде. «Қордай-Шу» табиғи газ магистралінің ашылуымен ауыл үйлерін газдандыру қолға алынып, төрт жүзден аса үйге «көгілдір отын» кіргізілді. Биыл төрт кәсіпкер өз қаражаттары есебінен сауда орындарын ашқан болса, енді тойхана және үлкен сауда орталығын салып жатқан ауыл азаматтары келер жылы жерлестеріне жаңа қызмет түрлерін ұсынбақ. Сондай-ақ, жаңадан құрылған «Асыл-Қаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаз өсіретін ферма құрылысын жүргізуде. Бұл – болашақта мұнда да ондаған тұрақты жұмыс орны ашылады деген сөз. 1998 жылдан әкімнің орынбасары, ал 2002 жылдан осы округте әкім болып жұмыс істейтіндіктен, ауыл әкімінің міндеті қаншалықты ауыр және маңызды екенін жақсы білемін. Биылдан бастап жеке бюджеті құрылуынан әкімнің қолы ұзарып, біраз шаруаны өздері шешуіне мүмкіндік ашқанын атап айту керек. Мәселен, жергілікті салықтардан биылғы сәуір айынан бері біздің жеке есепшотымызға 2 миллион 600 мың теңге түсті. Әкімдік жанындағы қоғамдық кеңеспен ақылдаса отырып бұл қаражат есебінен Мәдениет үйіне музыкалық аппаратура және көмір, мектепке спорттық жабдықтар сатып алынып, жылдар бойы жаңартылмай келген көше жарықтарына техникалық күтім жасау ұйғарылды. Келер жылы бұдан да көп қаражат жиылып, талай шаруаның басын қайыруға сеп болады деп ойлаймыз. Осылайша, бұрын жоғарыға жалтақтаумен жүретін ауыл әкімдері округтегі шешімін күткен біраз шаруаны өз беттерінше шешуге мүмкіндік алып отыр. Осының өзі жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтудың алғышарттары деуге болады.
Қордай ауданы.