"Жабайы"... және занды такси
"Жабайы"... және занды такси
Немесе көленкелі бизнес қашанғадейн жалғасады
Қалада бір жақсысы, ауылдағыдай əбігерге түсіп, мазасызданбайсыз. Барар жер, басар тауыңызға асықсаңыз қоғамдық көлік саналатын автобусқа иек артпай қолыңды сермей салсаң болғаны, жүйткіген көлік біткенннің біріншісі болмаса да, келесісі кілт тоқтайды. Керек десеңіз, бірінің артына бірі келіп, екі-үшеуі тұра қалады. Ондайда темір тұлпары тепсініп, қызмет көрсету үшін құлдық ұрғандармен маңғаздана сөйлесуге болады. Ол да сізге бір, айнаға бір жалтақтап, жолаушыдан айырылып қалмауға тырысып бағады. Өйтпегенде ше? Саудаласамын деп алдындағы жүргіншіні жіберіп алса, əлгінің соңындағы қаздай тізілгендердің бірі болмаса, бірі айтқан бағаңа келісіп, əлгінің «нанын» іліп əкетеді. Сондайда тиыннан теңге құрап, нəпақа тауып жүргендер жайлы алуан ойға шомасың. Осылардың бəрі байлықтан гөрі бала-шаға қамымен əуре-сарсаңға түсіп жүрген жоқ па? Бəріне бірдей зарығып көлік күткен «клиент» қайда? Себебі, бұл күнде екінің бірі жол тосқандарды ала кетуге бейіл. Біреулер бұл істі түпкілікті кəсіп етсе, бірі жұмыстан кейін екі-үш сағат көше шарлап, кісі тасығанды дағдыға айналдырған. Көлігі көк түтінге оранып, алақаны май-май болған жол жиегіндегі көлік иесін көргенде тіпті аяушылық сезіміне берілесіз. «Такси, такси» деп, айқайға басып,жолаушыға таласып, қолды аяққа-тұрмай жүргендердің көбісінің көлігі сырты жылтырағанымен жылы ескі. Алды – 40, арты – 10 жыл болғандар. Бүгінгінің тұтынушылары да əбден талғампаз болып алған. Күркілдеп келіп тоқтай қалған көлікке үрке қарап, алақанын жазар-жазбастан оңды-солды ербеңдетіп кеп жібереді. Ол «керек емес» дегені. Дұрыс-ақ, жолаушының қандай таңдау жасаймын десе де, құқы бар. Айтқандай, қазіргі күні интернет такси деген тағы бір табысқа жетелейтін желі пайда болды (InDriver, тəуелсіз жүргізуші). Оның бір ерекшелігі, көлігі барлар аты-жөні мен телефон нөмірін жəне автокөлігінің түрін, түсін, көлік нөмірін тіркейді. Ал, жаяу жүргіншілер жолаушы ретінде аты-жөні мен телефон нөмірін енгізеді. Ешқайда шабылып, сабылудың қажеті жоқ, мұның бəрі сенсорлы телефон арқылы жүзеге асады. Қалғаны желінің жұмысы. Сəлден кейін сізге жолаушылардан хабарлама түсіп отырады. Бір күні əлгі желілік такси жұмысына желігім ауып мен де тіркелдім. Болып жатқан тірліктің байыбына барып, бəрін өз көзіммен көрсем деген құштарлық тыныш отырғызбады. Бірақ, ешқайда бармағаннан кейін ұсынған сомалары аз болып көрінді. Əйтсе де 200 теңгеден басталып, қашықтығына қарай ұлғая беретін сома қызықтырмай қоймады. Қаланың арғы басындағыларға бармай, қасымдағыларға үлгере алмай, қызуым бір көтеріліп, бір түсіп, бір күн қызығына батып, үйге шаршап келіп, тұяқ серіппей ұйықтаппын. Бір кезде телефоным шырылдап, тұрмасқа лəж қалдырмады. Қаңғалақтап жүріп, арғы бөлмеге өтіп, жарықты жағып, қуат көзінде тұрған тұтқаны көтердім. «Алло таксиссің бе, братан?», – дейді біреу арғы жақтан. Менің басыма, «Шыққаным бүгін нөмірді қайдан алды», деген ой келіп, «Кімсің?», – дедім. Онымен қарап тұрмай «Ивансың ба (құрдасым ғой, шын аты – Нұржан)», – дедім. Сөйтсем, «И жоға, біз пəлен жерде тұрмыз келіп алып кетсей, ақысын төлейміз ғой», – деді əй-шəй жоқ. Мен де қарап тұрам ба? «Айналайын, көке, қазір сағат қанша білесің бе, түннің жарымында адамның мазасын алып...» деп жатсам, ол да «Е, бауырым, демалып жатсаң желілік бағдарламадан шығып кетпейсің бе?» деп гүр ете қалды. Сонда ғана білдім. Интернеттің иттігі екенін. «Ойбай, жарайды, қосылып қалған ғой» деп жатып, құтылдым одан. Бұл əңгімені шала-пұла құлағы шалған келіншегім «Не болды, тағы да Иван ба?» дейді. Шамасы менің арғы бөлмеде «Иван, Иван» деп жатқан даусымды ұйқылы-ояу естісе керек. Сөйтсем, керек емес кезде «занят» дегенді басып қою керек екен ғой, қайдан білейін ол жағын. Ертесіне күнделікті тұрақты орыны бар таксистерге барып, «InDriver» жайлы əңгіме қозғадым. Жас таксистер бұл жағдайды білетін болып шықты. Тіпті онымен де, мұнымен де айналысып жүргендерін сөз арасында сездірді. Үлкендер жағы «Бəсе, кейінгі кезде «клиент» азайып кетіп еді, осының кесірі десейші» деп іштерін жиды. Сонымен оларға қосылып, «жұмысқа» шықтым. Құрысын, сарылып, жетім балаға ұқсап, əр адамға жалтақтаумен кеш батып, сағат тілі сыртылдап, 11-ге таяды. Енді «клиент» болмайды деп қайтып кетті бəрі. Мен кешкі сағат 9-дан өте барғанмын. Бір рет «жолаушы» тасу бақытына ие болдым. Сонда кезектесіп тұрған 5-6 такси мен барғалы алды екі реттен, арты бір-бірден ғана жүріпті. Мен ертең ертерек шықпасам деген тəтті арманмен желпініп қайттым. Бір жақсысы «таксовайт» етсең, қалтаңда майда-шүйде ақша жүреді. Құрығанда жұмысқа барып келетін жанармайыңды айырады. Бірақ, жанармай тауып қана жан бағу мүмкін емес деген тоқтамға келдім. Бір байқағаным, ол жерде адамды заңсыз жолмен таситындар да жоқ емес. Құжаттарын қанттай қылып жүретіндердің дені осыны кəсіп еткендер. Қалғандары біз секілді тиіп-қашпа. Мен сөз еткен таксистердің тұратын орны көп қабатты үйдің алды. Біреу мінсе, біреу міне бермейді. «Small», «Гросс» немесе базар секілді ірі сауда-саттық орны болса бір сəрі. Ал тойханалардың «тойдырып» тұрғаны шамалы. Жиын соңын сағаттап күткеніңде, тойдан қайтқандар лап етіп шығады да, алғашқысын апарып тастап қайтып келсең, құдды түк болмағандай тым-тырыс күйге түсе қалады. Одан бөлек түнде жүру қауіпті көрінеді. Мастар мініп, мазаны алғаны өз алдына, ойы бұзықтарға да тап болуың мүмкін. Сондай жағдайды алға тартсам, Ж. деген таксист азаматты екі жігіт (атын атамауды өтінді) 7-мөлтек ауданында тоқтатып, «Толчокқа» апаруын өтінген. 800 теңгеге келісіп, аталған мекен-жайды бетке алғанында 200 теңге қосатындарын айтып, жолай «Маликахон» мейрамханасына соға кетуді сұранған. Ол жерден тағы бір жігіт қосылып, «Толчокқа» келген соң «Олай жүр, былай жүр», – деп көлікті батпақты жерге тығып тастаған. Бұл көлігін алға-артқа ырғап жүргенде олар «Қой, біз қайттық. Мынаның шығатын түрі жоқ» деп түсіп кете барған. Ж. итерсе көлік лайдан шығып кететінін айтып немесе жол ақысын төлеуді талап еткен ғой. Сонда үш соқталдай жігіт «Бізді айдалаға əкеліп тастап, ақша сұрайсың», – деп жабыла кетіпті. Кілтті ала-мала қашқан бұны тұра қуған. Əйтеуір із жасырып, көпірден өтіп, тың-тыңдап, ақыры үлкен жолға да жеткен. Сөйтіп, мың болғыр бір көлік кездесе қалып, екеуі келсе, əлгілер болар-болмас ақша мен орындықтың қаптамаларын алып, тайып тұрыпты. «Содан кейін түнде жүруді койдым», – деді ол. Тағы біреу елден естідім деп бір оқиғаның шетін шығарды. Оқиға былай өрбиді. Бір қыз топ адамдарға келіп,өзін баратын жеріне жасы егде тартқан жүргізушінің (кезегі келмесе де) апарып тастауын өтінген. Бұл жағдайды «Əкемдей кісілер қауіпсіз» деп қыздың сақтанғаны болар деген ойға тоқайласқан таксистер бұл шаруаға араларындағы жасы үлкені барғанын құп көреді. Сөйтсе, қыздардан да төнетін қауіп бар екен. Таксиге мінген ол жолай рөлдегі ақсақалдың мойнына жіп салып, қылқындырмақшы болған. Талайды көрген көнекөз жіпті ұстап қалып, үнемі орындықтың астында жататын кеспелтекті ала сала бас-көз демей артқы жағын төпелей берген. Қатты тиген бір-екі соққыдан кейін жүрісі баяулаған көліктен түсіп қалып қашып кеткен. Өтірік мүсəпір тіпті, «чайкалардың» (жігіттің есебінен ішіп- жеу немесе бір керегіне пайдаланып жоқ болып кету) түн жамылатынын солардан естіп білдік. Осындай шым-шытырық оқиғаларды естігенде жан бағудың оңай еместігі сезілді. Ал ұжымдасып елге қызмет көрсететіндердің жайы қалай болып жатыр деген оймен қалалық «Тараз такси» ЖШС-на ат басын бұрған едік. Онда бізді автоколонна басшысы Сайд Ибрагимов қарсы алып, өз ойымен бөлісті. Мекемеде 50 такси бар екенін алға тартып, ол жерге тек қосымша жұмысы жоқ, денсаулығы талапқа сай азаматтар жеке көлігімен жұмысқа қабылданатынын жеткізді. Бұларға шақырту телефон арқылы түсетін болғандықтан қауіп онша жоқ екенін де жасырмады. Аталмыш мекеме «клиент» тауып бергені үшін тіркелген таксистен келісілген соманың 15 пайызын алатынынан айтты. Желілік такси бұларға əзірге кедергі келтірмегенін, бірақ күндердің-күні оларға деген сұраныс азаятынына сенімді екенін білдірген Сайд желілік таксиге оң көзбен қарамайтынын байқатты. Себебі ол жерде бірінің заты бірінде қалып кетсе кімнен сұрайды жəне екі жақ та бір-бірін танымайды. «Беті аулақ қандай жағдай болатынын» дегенді емеурінмен сездірді. Ал, жабайы таксистердің (заңсыз адам таситындар) кедергі келтіретінін растады. «Заңсыздарына тиісті орындар шара қолданса деген уəжін жеткізіп, ал талон мен жүргінші үшін сақтандыру полюсын алғандарға ештеңе дей алмаймын. Өйткені ол мемлекетке біз секілді кəсіппен айна лысып, пайда əкелуде. Бұл жерде халық өзі біледі кімді таңдайтынын, қазір бəсекелестіктің заманы», – деп сөзін аяқтады С.Ибрагимов. Заңсыздықтың аты – заңсыздық. Осы рұқсатсыз адам тасығандарға қандай шара қолданылады деген сауал жетегінде облыстық ішкі істер департаментіне телефон арқылы қоңырау шалған едік, бұл сұрақ бойынша əкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Нұрғали Əбзелбектегі жауап берді. Ол кісінің айтуынша, жеке көлігімен адам тасушылар кірістер басқармасынан патент, таксометр, жəне жолаушы үшін арнайы компаниялардан сақтандыру қағазын алып, жылына екі рет жүргінші қауіпсіздігі үшін көлігін техникалық байқаудан өткізіп тұруы шарт екен. Жабайы таксистерге еш шара қолдана алмайтынын айтты. Себебі, олар таксист екенін білдіретін белгіні (петушок) пайдаланбағандықтан «таксист емеспін, өз тірлігіммен тұрмын» десе ештеңе дей алмайсың дегенді ұқтырды. Негізінен бұл іспен кірістер басқармасы айналысатынын, ал МАИ қызметкерлері таксист екенін білсе, жолаушы үшін олардан тек сақтандыру қағазын ғана талап ете алатынын жеткізді. Бұл жағдай біреулердің бұқпантайлап ақша табуына, яғни, мемлекетке салық төлемей, табысқа кенелуіне оңтайлы секілді болып көрінді бізге. Ал негізінде Қазақстанда такси қызметі мен оның жүргізушісі үшін арнайы қабылданған ереже бұрыннан бар көрінеді. Оларға қойылатын талап – бірінші, кəсіпкер ретінде тіркелу, екінші, жолаушы тасымалдаумен айналысуы үшін қажетті құжат, сосын көлігін таксист белгісімен жабдықтап, техникалық байқаудан тұрақты өткізіп тұруы керек. Сондай-ақ, байланыс нөмірі, таксистің аты-жөні, мекен-жайы жазылған таныстыру картасы клиенттің көз алдында тұруы шарт. Біз такси қызметінің бірнеше түрі- нен ой қозғап көрдік. Əрине, халық көп қоныстанған жерде тұрғындар автокөліктің ақылы қызметін пайдаланбай тұрмайды. Дегенмен, бұл жағында да бір жүйе болса, такси жүргізушісінің қауіпсіздігі ескерілсе дер едік. Қалай десеңіз де, былайғы жұртқа оңай көрінетін такси қызметі де жеңіл емес екен.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ, «Ақ жол»