Мұқағали жырлары Нью-Йоркте ағылшын тілінде жарық көрді
Мұқағали жырлары Нью-Йоркте ағылшын тілінде жарық көрді
Ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың маржан жырлары ағылшын тіліне аударылып, Нью-Йорктің "Metropolitan Classics" баспасынан "МҰҚАҒАЛИДЫҢ таңдамалы өлеңдері" ("Seleсted poetry of MUKAGHALI") деген атпен тұңғыш рет жарық көрді.
Бұл туралы белгілі ақын, «Жұлдыз» журналының редакторы Ұлықбек Есдәулет өзінің Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.
Жинақтың шығуына мұрындық болған "Қазақ ПЕН-клубының" президенті, танымал әдебиетші Бигелді Ғабдуллин, ағылшыншаға аударған американдық ақын Марина Карцева. «Кітапты шығарушылардың ұсынысы бойынша "Өмірде ақындардың бәрі жалғыз" деген атпен көлемді алғысөз жазып беріп едім, ол да жарық көріпті, ол эссені американдық қаламгер Регина Козакова аударған екен», - дейді Ұ.Есдәулет.
Баспа өзінің беташарында кітаптың жарыққа шығуын ұйымдастырған Бигелді Ғабдуллинге, дархан демеушілік жасаған Алматы облысының әкімдігіне, сонымен қатар түпнұсқадан орысшаға, одан ағылшыншаға жолма-жол аударған тілмаштар Қайсар Жорабеков, Елена Михеева, Меруерт Тілеубаева, Ғосман Төлеғұлұлы, ақын Амантай Өтегеновке және ресми қолдау көрсеткен Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Қайрат Омаров пен Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Ақан Рахметуллинге айрықша алғыс білдіріпті.