Әлеумет

Салада шешуін күткен мәселе көп

Салада шешуін күткен мәселе көп

Су шаруашылығы саласында шешімін күткен мәселе жетерлік. Әсіресе, су қоймалары мен гидротехникалық құрылымдардың қауіпсіздігі ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Демек, салада еңбек ететін әрбір азаматтың біліктілігі мен мол тәжірибесі – халықтың аман-саулығы мен қауіпсіздігінің бірден-бір кепілі. Осы жайтты ескерген Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Тараз қалалық филиалы арнайы семинар өткізді. Оған отыздан аса маман қатысып, арнайы сертификаттарға ие болды. 

Бүгінде еліміздегі гидротехникалық құрылымдардың пайдалану мерзімі 30-50 жылдан асқан. Дүниежүзілік статистикалық көрсеткіш бойынша, бұл жағдай өте қауіпті болып саналады екен. Ел аумағында орналасқан 653 ірі гидротехникалық құрылымның отыз пайыздан астамы күрделі жөндеуді талап етсе, қалған бөлігі де кешенді қайта құру мен жөндеу жұмыстарына зәру. Оның үстіне, саланы білікті мамандармен қамтамасыз етуде де шешімін күткен мәселелер баршылық. Осының барлығы жинала келіп түрлі төтенше жағдайларды тудыратыны анық. Әлденеше жыл бұрын тараздықтардың «Киров» су қоймасы жарылып, қаланы су басатын болды деп үдере көшкені, Қызылағаш оқиғасы, Қарағандыдағы Көкпекті бөгенінің бұзылып, қаланы су қаптауы осындай мәселелердің салдары болып табылады. Ендеше, аталған төтенше жағдайлар және су қоймалары мен бөгендерінің жай-күйі жүйелі мониторингті, құрылғылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тиісті қадағалауды, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді және елдегі су шаруашылығымен айналысатын кадрлардың әлеуетін көтеру қажеттігін тудырады. Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен өткен семинардың мақсаты осы мәселелерді шешуге атсалысу болып табылады. Семинар барысында арнайы оқу-жаттығу жұмысы да жүргізіліп, мамандар су қоймалары мен бөгендерінің басында болып қайтты. Сонымен қатар, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің базасында орналасқан арнайы жарақтандырылған зерттеу кабинеттерінде дәріс тыңдалып, пікір алмасылды.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».