ОҚО-да 11-сынып оқушысы 10-сыныптың оқушысын пышақтап тастады
ОҚО-да 11-сынып оқушысы 10-сыныптың оқушысын пышақтап тастады
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы Тегісшіл ауылында жалпы орта мектептің 10-сынып оқушысын осы мектептің 11-сынып оқушысы пышақтап, қаза тапты деп хабарлайды Азаттық.
Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бекбосын Ташеновтың Азаттыққа айтуынша, 2 қараша күні түнде Тегісшіл ауылынан 1999 жылы туған оқушы жараланып, жан сақтау бөліміне түскен.
“Ауыр жарақаттанған оқушы ауруханаға алып келгенде қайтыс болды. Арадан 30-40 минут өткенде тағы екі оқушы ауруханаға түсті. Олардың біріне пышақ жауырынына, екіншісіне – оң жақ қолына тиген. Қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық дәрежеде, емделіп жатыр”, – дейді Бекбосын Ташенов.
Оның сөзінше, Тегісшіл ауылындағы жалпы орта мектептің 10-сынып оқушылары мен 11-сынып оқушыларының арасында “келіспеушілік” болған.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова Азаттыққа «2 қазан күні түнгі сағат 23:00 шамасында Сарыағаш аудандық ішкі істер бөліміне Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының жан сақтау бөліміне пышақпен жараланып, қайтыс болған жас жігіт түскенін» растады.
“Қайтыс болған жігіт жергілікті мектептердің бірінде 10-сыныпта оқитын оқушы болып шықты. Оқиға тіркелгеннен соң аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық кодекстің 99-бабы (“кісі өлтіру”) бойынша қылмыстық іс қозғады. Жедел іздестіру шаралары кезінде полиция қызметкерлері күдікті ретінде қайтыс болған баламен бір мектепте оқитын 11-сынып оқушысын ұстады. Күдіктіден айғақты зат ретінде пышақ тәркіленді”, – дейді Салтанат Қаракөзова.
Ол қазір күдікті тергеу абақтысында отырғанын және тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.