Дәл қай күн екенін айта алмайды...
Дәл қай күн екенін айта алмайды...
Қыс маусымына дайындық жұмыстары толығымен аяқталып, жылу беру жүйелері нақты уақытында іске кірісуге әзір деп баяндаған тиісті сала мамандарының сөзі жалған болып шықты. Өйткені, Тараз қаласының өзінде 60 шақты көп қабатты үйдің тұрғындары күні бүгінге дейін жылусыз күнелтуге мәжбүр.
Жылу беру жүйелерін модернизациялау бағдарламасын орындай алмай жатқан мердігер мекемелердің салғырттығының зардабын тұрғындар тартуда. Жұмыстың уақтылы аяқталмауын мердігер компания Ресейден жеткізілетін жылу құбырларының кешігуімен түсіндіреді. Олардың айтуынша, қажетті көлемдегі құбырды дайындау ресейлік кәсіпорынға қиынға соққан. Сондай-ақ, рубль бағамының біршама көтерілгені де кедергі болған. Қалай дегенде де, өз есептерінде барлығын жарқыратып көрсетуге бар, алайда, жұмысының нәтижесі жоқ мердігер компанияның да, одан жұмысты талап етуші мемлекеттік мекеменің де жалған мәлімет беріп, халыққа қиындық туғызғаны шындық. Облыс әкімдігінің өткен мәжілісінде облыс әкімі К.Көкірекбаев көптеген тұрғындарға нақты қай күні жылу берілетінін сұраған болатын. Әкімнің бұл сөзіне сала мамандары тарапынан «23 қазанға дейін тәмамдалады» деген жауап берілген. Алайда, күні бүгінге дейін тұрғын үйлерде жылу жоқ. – Қыс қаһарына мініп, сарышұнақ аяз болмаса да, ауа райы салқын, ал пәтеріміз одан бетер суып кеткені рас. Ал біз әлі де жылусыз үйде бүрсең қағып отырмыз. Мұндай жағдай қиын-қыстау тоқсаныншы жылдарда да болмаған еді. Әрине, жағдайдың жоқтығынан емес, жұмысқа немқұрайды қарайтын мамандардың кесірі. Бала-шағамыз да, өзіміз де осы күнге дейін бірнеше рет суықтап үлгердік. Тіпті, көрші-қолаңның көбісі уақытша туған-туыстары мен жақындарының үйіне көшіп кетті суыққа шыдай алмай. Сөзіме нанбасаңыз, әрқайсысына хабарласып көрсеңіз болады, – дейді Тараз қаласы, Байзақ батыр көшесі №185 үйдің тұрғыны Ақшай Бұралқиева. Жылу құбырларының іске қосылмай, жолдардың ұзақ уақыт қопарылып жатқаны көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге де біршама қиындықтар туғызуда. Қомақты қаржы бөлініп, берілген нақты тапсырманы тиянақты орындай алмай жатқан мекемелердің немқұрайлылығы таңғалдырады. Бірақ олар жылу жуық арада беріледі дейді. Бірақ дәл қай күн екенін айта алмайды...
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол». Тараз қаласы.