Жарқын бастамалар бізден бастау алады
Жарқын бастамалар бізден бастау алады
Ербол ДАБЕРОВ, Төле би ауылының әкімі.
Төле би ауылы бүгінде жиырма мыңнан астам тұрғыны бар, берекесі артқан әлеуетті ауылдар қатарында. Мұнда барлығы 33 этнос өкілі бір атаның балаларындай тату, бірлік пен бауырластық жағдайында тіршілік етуде. Сондай-ақ, ауылда 244 шаруа қожалығы бар. Уақытпен қадамын тең басқан төлебиліктер заманның талабына қарай түрлі кәсіпкерліктің көзін тауып, табыстың тайқазанын тасытумен келеді. Аудан орталығының кіреберісінен-ақ сап түзеген сауда орындары, техникалық қызмет орталықтары, қонақ үй, дәмхана, шаштараз, мейрамхана секілді толып жатқан ғимараттардың қаладағыдан бір кемі жоқ. Әрі ауылдың да көркін ашып тұр. Нақтырақ айтсақ, ауылда 230 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары орналасқан. Ауыл округінің құрамына «Аң шаруашылығы», «Самал», «Водник», «Аша», «Пивзавод» мөлтек аудандары кіреді. Округ шекарасы Шу қаласына қарай қанат жайып барады. Яғни, қала мен ауыл арасына жыл өткен сайын ғимараттардың көптеп салынуына байланысты, қала мен дала түйісуге тым жақын қалды. Ауылда атқарушы органдар, Мәдениет үйі, орталықтандырылған кітапхана, балалар кітапханасы, аудандық орталық аурухана, емхана, саз мектебі, 5 орта мектеп, бірнеше балабақша, арнаулы орта білім беретін құқық және бизнес колледжі, №10 кәсіптік колледжі, мұражай, халыққа қызмет көрсететін көптеген мекемелер мен ұйымдар орналасқан. Сонымен қатар, соғыс және еңбек ардагері Сары Хасеновтің атымен аталатын стадион ауыл тұрғындарына бұқаралық спорттың кез-келген түрімен айналысып, шынығуына мүмкіндік береді. Әсіресе, ауылдың орталық көшесі көркейе түсуде. Автомобиль жолдары жөнделіп, Төле би көшесінің бойындағы гүлзарлардың орнына өрнекті тастақталар төселді. «Жолдың қадірін жолаушы біледі» демекші, Т.Әубәкіров көшесінің қос жиегіне аяқжолдар жасалды. Түнде жаңа үлгідегі жап-жарық шамдар ауылды жарқыратып тұрады. Алдағы уақытта 3 автобус аялдамасының соғылуы күтілуде. Мызғымас бірлік пен тынымсыз тірлігі барлық бастамаларын қуаттандырып келе жатқан Қарлығаш би есімін еншілеген ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Мұнда да нұрлы болашаққа, жаңалыққа ұмтылыс, жаңарулар мен жаңғырулар бар. Шу ауданы.