Экономика

КОМБАЙН ҚҰРАСТЫРУДЫ ҚОЛҒА АЛСАҚ ДЕЙМІЗ

КОМБАЙН ҚҰРАСТЫРУДЫ ҚОЛҒА АЛСАҚ ДЕЙМІЗ

Беларусьқа барған сапарымызда көріп-біліп, көңілге түйіп қайтқан мәселеміз көп болды. Менің көңілімді ерекше аударғаны Гродно қаласындағы «Прогресс-Вертилишки» деп аталатын ұжымның жұмысы болды. Мұндағы сүт өндіру және өңдеу тәсілін біздің ауданға алып келсем деген ой туындады. Өйткені, «галштейн» деп аталатын сүтті сиырлары тәулігіне 65-70 литрге дейін сүт береді екен. Өндірілген сүтті ешкімге өткермей-ақ, ұқсатып, өңдеп, түрлі өнімдер шығаратын да өздері. Қай жұмысына да жаңа технология енгізе білген. Мысалы, жоғарыда аталған сиырлар арнайы аппаратпен сауылады. Қордай ауданында сүт өңдеумен айналысатын «ҮмітҚордай» және «Куликов» сынды кәсіпорындар жұмыс істейді. Сондықтан, бұл саладағы жетістіктермен танысып, оны ауданда жүзеге асыру маңызды. 

Сондай-ақ, беларусьтар алқапта өздерінің техникаларын ғана пайдаланады және оны мақтан етеді. Лида қаласында болғанымызда ондағы «Лидосельмаш» зауытының жасап шығаратын техникасын көріп, нағыз бізге қажетті дүние деп таптық. Өйткені, бір ғана техника дала жұмыстарының бірнешеуін бір жүріп өткенде-ақ атқара береді. Мысалы, біз ауданда биыл 15714 гектар алқапқа күздік бидай, 27193 гектар жерге арпа ектік. Оны егу және жинау барысында түрлі техникалар тартылып, бірнеше жұмыс жасалады. Ал жоғарыда атап кеткен техника бір жүріп өткенде жерді жыртып, қопсытып, дәнді сеуіп және егінді түрлі зиянкестерден қорғайтын химиялық дәрілерді де шашып кетеді. Осындай аса қажетті техниканы көрген кезде облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаев бірден барлығымызға аталған зауыт басшылығымен ортақ келісімге келіп, неге біздің облыста осы комбайндарды өзімізде құрастырмасқа деген ой тастады. Өйткені, оның өзіндік құны 110-120 мың АҚШ доллары болса, оны өзімізде шығарылатын көптеген майда бөлшектерді қолдана отырып құрастыратын болсақ, бағасы әлдеқайда арзанға түспек. Мұндай игі бастаманы барлығымыз құп көрдік. Сөйтіп, облыс басшысы бастаған топ Гродноның губернаторымен арнайы кездесіп, ұсынысымызды айттық. Олар да өз тараптарынан қарсы еместіктерін айтып, екіжақты келісімге келді. Ендігі жерде тек құқықтық ұйымдастырылу мәселелері мен мұнда жүзеге асырылу тәсілдері қарастырылуда. Сөйтіп, комбайн құрастыруды қолға алсақ, облыстағы шаруашылықтармен қатар, көрші облыстарға да айтарлықтай жеңілдік туындайтын болады.

Қайрат ДОСАЕВ, Қордай ауданының әкімі. Қордай ауданы.