БЕС РЕФОРМА – ҰЛТ ЖОСПАРЫ
БЕС РЕФОРМА – ҰЛТ ЖОСПАРЫ
Рабиға ТҰРАПБАЙ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің Тәртіптік-әкімшілік тәжірибе және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің консультанты.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесі ағымдағы жылдың 8 айында өңірдегі мемлекеттік органдарда тексерулер жүргізіп, қызметшілер тарапынан мемлекеттік қызмет туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнама және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі бұзылғанын анықтады. Нақтырақ айтсақ, 565 заңбұзушылық тіркеліп отыр. Оның 8 пайызында тәртіптік жаза қолдану қағидасы, 89 пайызында қызмет этикасы ережесінің талаптары сақталмаған. Тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың басшыларына ұсынымдар беріліп, 32 тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Анықталған факті бойынша Тәртіптік кеңес қызметкерін заңсыз жұмыстан шығарған басшыны әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін ісі сотқа жолданды. Нәтижесінде Тараз қаласының мамандырылған әкімшілік сотының қаулысымен Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы ҚР ӘҚБтК-нің 99-бабы 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, оған алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Жалпы, жыл басынан бері Тәртіптік кеңес 8 рет мәжіліс өткізіп, 89 мәселе талқылады, 72 тәртіптік іс қарады. Тәртіптік кеңестің ұсыныстары бойынша 38 тұлғаға тәртіптік жаза қолданылды, олардың 74 пайызы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығына жол бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында бір аудан әкімі, «Б» корпусының 20 мемлекеттiк әкiмшiлік қызметшісі, сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді орындауға уәкiлетті өзге де адамдарға теңестiрiлген 17 тұлға бар. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған-дардың 5-еуі қызметінен босатылды, 2-еуі қызметінен төмендетілді, 22-cіне қызметіне толық сәйкес еместігі жөніндегі ескерту, 6-уына қатаң сөгіс, 2-уіне сөгіс, 1-уіне ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін Мойынқұм ауданының әкімі аппаратының басшысы А. Баялиев және осы ауданның персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Ж.Көшеков, «Талас ауданы әкімдігінің ветеринария қызметі» шаруашылық жүргізу құқындағы коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің директоры Б. Қаратаев, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Төлеулиев, Меркі ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдер дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған Мәдениет үйлер және клубтар жүйесі» мекемесінің директоры Т. Ахметжанов қызметтерінен босатылды. Тәртіптік кеңестің әрбір отырысы телеарна, радио және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткізіледі. Ондағы мақсаты – қоғамдық көзқарасқа қозғау салу, мемлекеттік қызметшілердің халыққа көрсететін қызметі, қарым-қатынасы заңмен реттелетінін, талаптың қатаң екенін, ал бұл талаптарды сақтамағандардың заң алдында жауапкершілікке тартылатынын көпшілікке жеткізу. Жалпы, Елбасы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппарат құру үшін мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыруды тапсырғаны белгілі. Институционалдық реформалардың алғашқысының осы мәселеге арналуы тегін емес. Халықтың сенімінен шыққан мемлекеттік қызметші ғана сол абыройға бөленеді. Сондықтан біз қызметте адал, әділ болуға міндеттіміз. Мемлекеттік басқару органдарында әр лауазым иесіне артылар жауапкершілік жүгі зор. Ал құқық бұзушылыққа жол берген кез-келген мемлекеттік қызметші жасаған құқық бұзушылықтары үшін заңнамаларда көзделген тиісті жауапкершілікке тартылады. Тараз қаласы.